Бір күнгі бүліктің мың күндік зардабы

356

0

«ҚазАқпарат» агенттігі 6 қаңтар күні кешке хабарлағандай, Қызылорда өңірінде террористік қауіптің қызыл шекті деңгейі енгізілді. Облыс аумағында террористерге қарсы операция жалғасуда.

Жарақат алған 168 адам ауруханаға жүгінген. Оның 77-сі ауруханаға жатқызылды, 38 азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Өңірде жедел штаб құрылған.

– Баса айту керек, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, жалған ақпарат таратқан азаматтар жауапкершілікке тартылады. Қызылорда облысы аумағында террористік қауіптің қызыл шекті деңгейі енгізілуіне байланысты терроризмге қарсы операция басталды. Аймақта енгізілген шектеулерге орай аса қажет болмаса, үйден сыртқа шықпаған жөн. Шыққан жағдайда қолыңызда жеке куәлік болуы шарт, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халыққа жолдаған үндеуінде.

Облыстағы ахуалға шолу жасап көрсек.

2 қаңтар күні Маңғыстау облысында бейбіт шеру басталған болатын. Мемлекет басшысы сұйық отын бағасының көтерілуіне байланысты наразылығын білдіруге шыққан жұрт қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс екенін айтып Twitter-де жазба қалдырды. Ертеңіне арнайы комиссия Маңғыстауға барып, наразы топпен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты шешімдер қабылданып, газ бағасы 50 теңгеге түсірілетін болды.

Дегенмен, еліміз бойынша жер-жерде наразы халық алаңдарға шығып, өз талаптарын қоя бастады. Атап айтқанда, наразы жұртшылық елдегі қымбатшылық, күрделі әлеуметтік жағдай бойынша шағымдарын айтып, Үкіметтің отставкаға кетуін талап етті.

5 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді. Президент кеңеске қатысушыларға Премьер-Министр Асқар Маминнің қызметтен босату жөнінде өтініш бергенін хабарлады. Мемлекет басшысы оның өтінішін қабылдады. ҚР Конституциясына сәйкес Премьер-Министрдің қызметтен босатылуы бүкіл Үкіметтің өкілеттігін тоқтатқанын білдіреді. Үкімет мүшелері жаңа құрам жасақталғанша, өз міндеттерін атқара береді. Премьер-Министрдің міндетін атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екенін, бірақ оның орындалмағанын айтты. Сондай-ақ, елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, «Қазмұнайгаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі екенін айтты.

Бұл ретте Алматы қаласы мен еліміздің кей өңірлерінде, оның ішінде облысымызда да бейбіт митинг соңы бүлікшілдік сипат алып, қарулы қақтығыстарға ұласты. Облыс орталығында наразы топтар «Arai City» сауда орталығы алдында 4 қаңтарда жиналған болатын. Сол күні кешке облыс басшысы мен қала әкімі наразы топпен кездесіп, талаптарын тыңдады.

4 қаңтар күні кешке мобильді интернет желісі ажыратылып, әлеуметтік желілер бұғатталды. Ертеңіне мыңнан астам адамнан тұратын наразы жұртшылық тағы да жиналып, өз талаптарын айтты. Олардың негізгі талабы құқық қорғау органдары тарапынан түсіндірме жүргізу мақсатында ұсталғандарды босату болды.

5 қаңтар күні түс мезгілінде наразы топ пен полиция қызметкерлері арасында қақтығыс болды. Дегенмен, шеруге шыққандар бой бермей, полицейлерге қарсы шабуылға шықты. Нәтижесінде шеруге шыққандар «Arai City» сауда ойын-сауық орталығының автотұрағындағы полицейлердің онға жуық техникасын өртеп жіберді. Қақтығыстан бірнеше адам жараланды. Айта кетерлігі, отқа оранған көліктер арасында тұрғындардың да тұраққа қалдырған көліктері бар.

Мұнан соң наразы топ облыс әкімдігіне бет алды. Тіпті, олар полицейлердің қалқан-сойылдарымен, каскаларымен, қолға ілінген ағаш пен темір-терсекпен қаруланған. Әкімдік ғимаратында болған қақтығыстан соң ғимараттың бірінші қабаты қиратылып, бір топ адам ауласындағы екі ауыр техника мен гаражындағы қызметтік көліктерді өртеп жіберді.

Сондай-ақ, әкімдіктің күзет бекеті, Бейбарыс Сұлтан көшесі бойындағы полиция бекеті қиратылып, отқа оранды. Ауыр техника мінген бұзақылар жол бойындағы бейнебақылау камераларын қиратып, облыстық жергілікті полиция басқармасының ғимаратына бет алды. Ондағы тәртіпсіздіктер бірнеше сағатқа жалғасып, қарулы қақтығыс болды. Ондаған көлікке өрт қойылды.

Жаппай тәртіпсіздіктер түн ортасына дейін жалғасып, салдарынан орталық көшелердегі полиция бекеттері, облыстық сот, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы ғимараты, орталық алаңдағы шырша отқа оранды. Қалалық әкімдік ғимараты мен бірнеше кәсіпкерлік нысандарына, облыстық ішкі істер департаменті, ішкі істер департаментінің қалалық бөлімшесі ғимараттарына шабуыл жасалды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 70-ке жуық адам жараланып, 14 адам қайтыс болғаны айтылды.

6 қаңтар күні шеруге шыққандар болған жоқ. Өңірде арнайы штаб құрылып, коменданттық сағат енгізілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<