Бір мұрат жолында біріккен

605

0

Елді індет жайлаған уақытта әр азаматтың көмегі маңызды. Ауыр жағдайды еңсеріп, кеселді жеңіп шығу үшін ел болып бірігіп, қолдан келген көмек көрсетіліп жатыр. Кәсіпкерлер, жүрегі жомарт жандар ауруханаларға қаржылай көмек көрсетуде. Жақсылыққа жаны құмар іскер азаматтар қайырымдылық шараларына белсене қатысып, тұрғындарға көмек қолын созуда.


Зәулім ғимараттар салып, қала көркін келтірген құры­лысшылар да бұл істе қарап қалмады. Қиын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қайырымды істерге қолдау білдірді. Қаражат жинап, өкпені жасанды желдету аппаратын алуға көмектесті.


Құрылыс саласында өзін­дік қолтаңбасы бар компа­ния­ның бірі – «Дәнекер құ­рылыс компаниясы» ЖШС салған көптеген тұрғын үй, аурухана, мектеп, балабақша ел игілігіне берілді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында аудандар мен елді мекендерде ауызсу жүйелерін жаңғыртып, қайта қалпына келтіру және күрделі жөн­деу жұмыстарын атқарып келеді.

Мекеме басшысы Әбдімәжит Жан­сақалов қайырымдылық – қадірлі іс дейтіндердің қа­та­рынан. Көпбалалы, аз қам­тылған, әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларды қам­қорлығына алып, көмек беруді дағдыға айналдырған. Елімізде төтенше жағдай ен­гізілген кезде де қаншама от­басына жәрдемдесті. Елдің ал­ғысын арқалаған азамат коронавируспен қатар пнев­мония, тұмау өршіген кезде ме­дицина саласына көмек ретінде 1 млн теңге аударып, 2 өкпені желдету аппаратын алуға септігін тигізді.


– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтылмаған. Қиын сәтте бір-бірімізді демеп, қолдау білдіргеніміз жөн. Әлемде болып жатқан жағдай ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Қиындықты артта қалдыру үшін өз үлесімізді қостық. Мекеме мұндай шараларға жыл сайын қатысып отырады. Біз қолдан келгенше көмегімізді аямаймыз, – дейді ол.


«Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС-да 200-ден астам қызметкер еңбек етеді. Биыл сол жағалаудан көпқабатты 50 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға берді. Шілде айының соңында сол жағалаудан тағы 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, мекеме абаттандыру жұмысымен де айналысады.


Қайырымдылыққа атса­лыс­қандардың тағы бірі – «Орион LTD» құрылыс компаниясы. Мекеме балабақша, мектеп, тұрғын үй, мәдениет үйлері мен өзге де нысандарды салып, пайдалануға берді. 40-тан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Биыл Қазалы ауданында балабақша мен тағы бір нысан құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл ғимараттар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Өзгеге көмектесу – азаматтың жомарттығы дейтін мекеме басшысы Шалқар Жаңа­бергенов жақында медицина саласын қолдау үшін 1 млн теңге ақшалай көмек көрсетті. Қайырымдылық шараларын кәсіп бастағалы бері жалғастырып келеді.


– Кісінің айналасындағы адам­дарға танылатын қыры қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады. Адам ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адам­гершілік қасиеттерге баулу керек. Сонда жүрегінде иманы бар жастар қатары артады. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізді қолдап, көмек қолын созу орынды деп есептеймін. Бұл жағдайды уақытша сынақ деп қабылдағанымыз жөн болар. Қалыпты өмірге оралатын күн алыс емес,– дейді кәсіпкер.


«ҚызылордаЖоба­Құ­рылыс» мекемесі де құрылыс саласында қарқынды жұмыс атқарып келеді. Көппәтерлі тұрғын үй, балабақша, ау­рухана салып, халық игілігіне беруде.

Құрылыс мекемесінің басшысы Данияр Сұлтанбеков қайырымдылық шараларынан қалыс қалған емес. Осындай қиын сәтте қолындағы барымен бөлісуді азаматтық борышым деп санайды. Ол құрылысшылар жинап жатқан қаржыға 502474 теңге аударды.
Өзгенің ауыртпашылығын жеңілдету – адамдық қа­сиеттің ең ұлысы. Бас­тысы, құрылысшылар жаһан­ды жайлаған індет кезін­де медицина саласына, дә­рі­герлерге және жұмыссыз, әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп кеткен жандарға көмек көрсете беретіндерін жеткізді.


Сыр өңіріндегі құрылыс саласында өз өрнегін қалып­тастырып үлгерген «Нұр-Талап және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қанатбек Керейтбаев қызылордалық кәсіп­керлермен ойласа отырып, кейбір емдеу орындарына өкпені жасанды желдету аппараттарын алып беру жөнінде ортақ шешімге келді.

– Жалпы, кез келген қиындықты ауызбірлік, татулық пен сабырлы қалпымызда жеңеміз ғой. Халқымыз талай зұлмат пен нәубетті көзімен көрді. Ағайынның ауызбірлігі арқасында сол зобалаң жылдарды артта қалдырды. Бұл күндерден де аман-есен өтеміз. Бізді алда жарқын, жаймашуақ уақыт күтіп тұр. Сондықтан сын сәтте жергілікті кәсіпкерлер дәрігерлерге қолдау білдіріп, қол ұшымызды созуды міндет деп санадық, – дейді серіктестік басшысы Қанатбек Керейтбаев.


«Нұр-Талап және К» серіктестігі 2008 жылдан бері облыстың құрылыс саласында жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде Қызылорда қаласында көптеген әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне атсалысты. Сол жағалаудағы тұрғын үйлерді салды. Облыс аудандарында да қаншама ғимараттың бой көтеруіне көңіл бөлді.

Сондай-ақ, қазір қызмет аясын кеңейтіп, Батыс Қазақстан облысында да тұрғын үйлер салуға үлес қосып отыр.


Сара АДАЙБАЕВА,

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<