Биыл 3 мың дәрігер біліктілігін арттырады

624

0

Биыл 3 мың жалпы практика дәрігері біліктілік арттыру курстарына жіберіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабына айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.


Вице-премьер жауабында Қазақстан бойынша резидентурада кадрлар даярлауға облыстық денсаулық сақтау басқармалары берген 1 656 өтінімінің 1 500-і қанағаттандырылғанын атап өтеді. Ал дәрігерлік кадрлар теңгерімсіздігі барынша жоғары өңірлерде олардың қажеттілігі толық дерлік жабылды.

«Мәселен, Ақмола облысы бойынша 257 маманға деген қажеттілікті, білім және ғылым ұйымдарына олардың өңірлік орналасуын ескере отырып, 2021-2022 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 216 орын немесе қажеттіліктің 84 пайызы бөлінді. Қостанай облысында өңірге өтінім берген кезде 250 маманға резидентурада 233 орын немесе қажеттіліктің 93 пайызы орналастырылды», деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар ол 2021 жылғы 12 қазанда Үкіметтің қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бекітілгенін атап өтеді.

«Онда медицина кадрларын, оның ішінде арнайы және тапшы мамандықтарды даярлауға арналған гранттардың санын 2021 жылға бөлінген 1500-ден 2025 жылы 2000-ға дейін ұлғайту жоспарланды. 2021 жылы 3000 жалпы практика дәрігерлерін (2020 жылы – 2525 адам оқытылды) біліктілігін арттыру курстарына жіберу жоспарланды», деді Үкімет басшысының орынбасары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<