Фото: Антикор
А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Бизнеске жол» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы есепті кездесу өтті.
Шараға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков, облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбет, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Д.Сейтжанов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Д.Әбсаттаров, мемлекеттік органдардың басшылық құрамы және өңірлік бизнес-қауымдастық субъектілері қатысты.
«Бизнеске жол» жобасы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғауға бағытталған бастама. Оның мақсаты – әкімшілік кедергілер мен әуре-сарсаңға тап болған кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсету, нәтижесі бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою.
«Жоба аясындағы басты назар шағын және орта бизнеске аударылды, себебі осы кәсіпкерлер тобы білікті заңгерлердің көмегін қажет етеді және белгілі себептерге байланысты өз штаттарында заңгерлері болмайды. Осы ретте, Департамент біздің аймаққа тән проблемалық мәселелер бойынша сыртқы талдаулар мен мониторингтер жүргізеді. Бүгінгі таңда 36 жүйелі проблемалық мәселені шешіп, 2400-ге жуық кәсіпкерге көмектестік. Олардың ең көп саны жер қатынастары саласына тиесілі. Бұл барлық шешілген жағдайлардың төрттен бірі»,- деді А.Ашиков өз баяндамасында.
Жоба шеңберінде Департамент бизнес-қоғамдастықпен үнемі кездесулер өткізіп, олардың қалыпты жұмыс істеуіне қандай кедергі бар екенін анықтайды.
Жыл басынан бері 600-ге жуық кәсіпкер қатысқан 50-ден астам кездесу ұйымдастырылды.
Шара барысында өңіріміздің кәсіпкерлеріне қандай құқықтық көмектер көрсетілгенін және осы уақытқа дейін мемлекеттік органдардың тарапынан жасалған әкімшілік кедергілер туралы Департаменттің Превенция басқармасының басшысы М.Сейтжаппар баяндама жасады.
Айта кетейік, бүгінде кез-келген кәсіпкер Департамент жанында ашылған «Антикор-орталығына» жүгіне алады.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «1424» Call-орталығы азаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<