Данышпан жайындағы дастан

1986

0

Белгілі түркітанушы ғалым Серікбай Қосан бізге «Бабалар сөзі» атты 100 томдық топтаманың 7-томына кірген «Әбуғалисина, Әбілхарис» дастаны туралы тарқатып айтып берген еді. Аңыз бойынша, данышпан ғалым Ибн Сина ажалға қарсы дәрі ойлап тауыпты-мыс…

Еуропада Авенцина атанған атақты ғалым Әбу Ғали жастайынан медреседе білім алып, бар өмірін ілім мен ғылым жолына арнайды. Орта ғасыр оқымыстылары діни және дүниеуи ғылымдарды қатар оқып, оларды бір-бірінен бөле жармаған. Сондай-ақ, ғылымның әмбебап, ұзақ сонар жолына түскен дәруіш кейпіндегі ұлы ойшылдар соңына поэзия, музыка, математика, философия, логика, тіл, астрономия, медицина және саяхат салалары бойынша үздік зерттеу еңбектерін жазып қалдырғаны белгілі.

Шын мәнінде дүниенің жаратылысын ақиқатты танудың жолын ішкі және сыртқы сипаттарымен дәлелдеуге ұмтылған Шығыс ойшылдарының соңында таңғажайып жетістіктерге толы маңызды трактаттар мен өлмес есімдері аңыз болып қалды. Мысалы, Әбу Ғали ибн Синаның ғылыми еңбектерінің Еуропа елдерінде ерекше мәнді болғаны сонша, оның атақты медицина туралы кітабы 30 қайтара баспа бетін көріп, әлемнің ең беделді жоғарғы мектептерінде әлі күнге дейін оқытылып келеді екен. Ұлы ғалымның: «Мен ойлаймын, демек, бұл менің тірлігімнің белгісі» дегн даналық сөзі Декарттан (философ) 600 бұрын айтылғанын да білеміз. Ал, медеицина ұғымы ғылым саласының жеке пәні ретінде Ибн Синаның «әл-Мәдат әс-Сина» немесе «Синаның жәрдемі» атты шипагерлік еңбегінің атауынан шыққандығы мәлім.

– Айта кетейік, атақты Ибн Сина жайындағы дастандар қазақ сахарасына кітап және қолжазба түрінде кең тараған. Соның бірі сырбойылық шайыр Қуаныш қожа Баймағамбетұлының (1895-1973) «Әбуғалисина, Әбілхарис» дастаны. Аталған дастанның сюжеті Орта Азия, Иран  халықтарының ертедегі аңыз хикаялары мен өмірбаяндық әпсаналарына құрылған парсы және шағатай тіліндегі прозалық дастан-хикаяттардан бастау алады, – дейді белгілі ғалым С.Қосан.

 Көне замандарда мұндай халықтық шығармаларды түрлі жиындар мен адам көп жиналған қан базарларда арнайы әуезбен мәнерлеп оқитын «қиссахан» аталған өнерлі адамдар болған. 19 ғасырдың соңғы ширегінде бұл әдеби-фольклорлық дәстүрдің шет-пұшпағын қазақ сахарасының тұрғындары көріп қалды…

Сыр сүлейлерінің бірі Қуаныш ақын 1895 жылы бұрынғы Ақмешіт уезінде, қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Аманкелді атындағы ауылда туып-өскен. Дәрігер отбасында өмірге келген ол сауатын ерте ашып, бала кезінен білімге ден қояды. Кеңес өкметі тұсында теміржолда, мектепте жұмыс істеген ол 1945-1960 жылдар аралығында 15 жыл бойы кітапханашы қызметін атқарады.

«Қуанышқожа нұсқасының сюжеттік негізінде 1864 жылы Зияддин Саиид Яхия түркі тілінде жариялаған «Кәнжина-и хикмат Әбу Әлди Ибн Сина» атты қарасөзбен жазылған шығарма жатуы мүмкін», – дейді көптомдықты құрастырушылар М.Шафиғов, А.Ақан және  Б.Әзібаевалар.

Маман ғалымның айтуынша, әлгі кітапты татар ғалымы Қайым Насыри 1872 жылы өз тіліне аударады. 1881 жылы араб әрпінде татарша басылған осы кітап арада бір ғасыр өтіп орыс тілінде (1977 ж.) жарияланды.

Қуанышқожа осы кітапты негізге ала отырып 10 мың жолдай өлеңді қалың қазаққа түсінікті жыр тілімен төгілте сөйлеткен-ді. Алғыр ақын ұстазы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Шаһнаме» дастанын аударғандай, сол стильде, қара өлең үлгісін басты уәзін еткен. 

Аңызға сенсек, ғалым жасы 70-тен асқанда баяғы Хамадан маңындағы Абад қыстағында қайтыс болып, ұстазының (пірінің) жанына жерленген екен. Ибн Сина өлерінің алдында ажалға қарсы дәрі ойлап тауып, оның жасалу жолын сүйікті шәкірті Жамас хакімге үйретеді.

Жеті ыдысқа толтырылған дәрілерді ретімен қолданса, адам өлсе де қайта тіріледі деп, ақырғы аманатын тапсырғанымен шәкірті оны соңғы сәтте орындамайды. Себебі, Жамас хакімді сол сәтте қызғаныш сезімі билеп алады. Егер, ұстазы әлемге әйгілі Ибн Сина қайта тірілсе, өзіме бақ-дәреже тимей, тасада қаламын деп түйген Жамас дәрінің соңғы бөлігін құймай, айнып қалады.

Денесі қалыпқа келіп, қас-кірпігі дірілдеп, демін ала бастаған Ибн Сина енді бір тамшы дәрі құйғанын қалап, «бәриз» деп дауыстағанымен ойындағы «ажалды жеңемін» деген асыл арманы аяқасты болып, ойлы көздерін мәңгілікке жұмыпты-мыс.

Данышпан жайындағы дастан осылай аяқталыпты. Мұны ғалым Серікбай Қосанның айтуынан жазып алған едім.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<