Дария жырдың дарабозы

1497

0

Айтулы ақын, әрі жырау Рахмет Мәзіқожаев 1881 жылы Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылында дүниеге келген. Жастайынан өлең айтып, жыр жырлап өнерге бейім болды. Соғыс жылдарында Нартай бастаған өнер тобының белсенді мүшесі болып, ел арасында өнер көрсетті. Кейіннен «Қызыл отауды» басқарды. Облыстық, республикалық айтыстарда өз өнерімен көрініп, соғыстан кейінгі жылдары ауыз әдебиеті нұсқаларын жинауға үлес қосты.  Жырау Ғылым академиясы, Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорына 60 мың жолдан аса қисса, өлең-жыр тапсырды. Бүкіл түркі халқына кең тараған «Көрұғлы» дастаны Р.Мәзіқожаевтың нұсқасы бойынша 1973 жылы жарыққа шықты.

Даңғайыр жырау туралы сөз бастар  алдында мына бір әңгімені айта кеткенді орынды көрдік. Бірде Қызылорда астана болып тұрған кезде, жерлесіміз сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетов алғашқы тырнақалды туындысын көрсетпекші болып, Ілияс Жансүгіровке барған екен. Сол кезде  ол кісі «Ойпырмай, бұл жерде қамыс көп пе, ақын көп пе?» деп таңғалған екен.

Ілияс бекер таңданбаған. Жарық сәуле шашып, гауһартастай құбылған Рахмет секілді сан қырлы өнер иесінің жыраулық, ақындық, шығармашылық қазынасы бір-бір мектеп десек, артық айтқандық емес. Ол қазақтың ұлттық өнерінің тасада, уақыт шаңының астында көшпенді жұрт жаққан оттың қоламтасында сөнбей қалып қойған алмас жырларын, қорытпа-қорыш қиссаларын, шашылған асылының сынықтарын жинап, құрап, өзіндік табиғи заттық болмыс-бітімімен әрлеп, оны бедерлі де әсем саф алтындай қорытып, сомдалған сұлу өнер туындыларын дүниеге әкелді.

Мұхтар Әуезов халық ауыз әдебиетіндегі қиссаларды жинап, ел ішінде жыраулық дәстүрді дамытқан Рахмет жыраудың талантына тәнті болып, оны 1957 жылы Алматыға шақырып алады. Оның өзгелерден оқ бойы озық тұратын бір ерекшелігі – ол ұзақ қиссаларды таңды-таңға соғып, жаңылыспай жатқа айтудың жезтаңдай шебері еді. Дүлдүл жыраудың осы қасиетін жоғары бағалаған М.Әуезов оның түркітілдес ұлттарға танымал «Көрұғлы» эпосын бес салаға (дастанға) бөліп жырлаған толық түрін әдебиет институтындағы үнтаспаға жаздыртып алады. Институттың аға ғылыми қызметкерлері Оразгүл Нұр­мағамбетова мен Мәлике Ғұмарова жүргізген бұл игілікті жұмыс «Батырлар жыры» атты көп­томдықтың тобына кіреді.

Жырау 90 жастан асып, кәрілік келіп,  шөгіп қалса да, алыстан Алатаудай биіктей түскен Мұхтардай ұлылар жинап тұрғызған өнертауына сүйсіне қарап тұрып: «… Мұхтар Әуезовпен дидарласқаным, үлкен ғұламалардың алдында бірнеше апта бойы ұзақ жыр толғаған кездерім – менің басыма бақ құсы қонып, қазақ еліне белгілі жырау есебінде танылған шағым еді. Осы мақсатқа жету – өмірлік арманым еді, орындалды» – деп  тебіренген екен.

Рахмет Мәзіқожаұлының өзіндік орындау мақам­дарының ерекшелігімен бөлектеніп, тыңдарман жұртты ынталандыра түседі. Жыраулық өнерге баулыған ұстазы атақты Барат Нақыпұлының алған тағылымымен талант табиғатын байыта түседі.

Ертеден шапса кешке озған, ылдидан салса төске озған ол – жыр бәйгесінде шапса шалдырмас тұлпардай жүйріктігімен танылған дарабоз жыр саңлағы. Тек алысқа аттанған шабандоздардай, жыр сәйгүлігінің арындаған басын шыжымдап жіберіп-тартып, «Осыны айтайын ба, осы жырым ұнай ма?» деген тәсілмен кіріспе сөзін былай ағытады: 

– Ынтығып өрге шабайын,

Сөзімді шешіп талдайын.

Сөйлеп қалған шешен таңдайым,

Төл қозыдай маңырайын.

Боталы нардай боздайын,

Ішкі шерім қозғайын.

Үлкен, аға мен кішіге,

Сөйлейтін келді, жағдайым.

Бірі жаңа, бірі ескі,

Ұстайсыздар қандайын? – дей келе, әрбір қисса-жырға ат басын бұрып, отты шумақтарды шашып тастап, жұртты кеу-кеулетіп қыздырып алатын болған.

Рахмет жырау – халықтың көмбе рухани қазынасын  ұлттық ою-өрнектерімен нақыштап жетілдірумен бірге, оны кеңінен насихаттаушы. Оның тынымсыз еңбекқорлығы арқасында ел аузынан жинаған «Шахзада», «Ораз молда», «Сұрмерген», «Ағайынды үш жігіттің әңгімесі», «Жолбарыс мінген ұры», «Жеті ашық», «Қыз жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырлары мен қисса -дастандары халқының рухани шөлін қандыратын сарқылмас кәусар бұлақ іспеттес. «Көрұғлы» жырынан кейінгі көлемді шығарманың бірі – «Қамбар батыр» жырының толық нұсқасы ақынның өз аузынан үнтаспаға белгілі ғалым Б.Ерзакович пен әдебиетші-зерттеушілер  М.Ғұ­марованың, О.Нұрмағамбетованың қаты­суымен  жазылған. Бұл жырдың мазмұны мен көркемдік ерекшеліктері өзге нұсқалардан өресі биік және өте айқын түсіндіріледі.

Жыраудың өнер мұхитында айдынын ашып, кең құлашты, шалқар шабытпен жырланатын ауқымды шығармасы – «Көрұғлы» жыры. Мұхтар Әуезовтің арнайы шақыртуымен Алматыда 1958 жылы жазда өзі жырлаған, оған қоса қы­зыл­ордалық белгілі жыршы-ақын Қуаныш Бай­ма­ғамбетовке  төте жазумен және араб әрпімен (қадімше) жаздырған нұсқасы «Әдебиет және Өнер» институтының қорын толықтыра түсті. «Жазушы» баспасынан 1989 жылы шық­қан көптомдық «Батырлар жырының» 4-томы осы «Көрұғлының» үш редакциясымен қайта қара­лып, кемшін жолдары түзетіліп әрі толық­тыры­лып, қайтадан  редакцияланып  баспаға  енгізілді.

Бертін келе, 1975 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Қазақ жазбаларының ғылыми сипат­тамасы» атты кітапта әдебиет және өнер инсти­тутының ғылыми қызметкері Мардан Байділдаев: «Көрұғлы» жырының қазақ тіліндегі нұсқасы деп Рахмет Мәзіқожаев жырлаған нұсқаны айтуға болады. Рахмет жыраудың жыр өлшемдерінде, тілінде, мазмұнында зерттеуді керек ететін жаңалықтар бар. Бұл нұсқада Көрұғлының ерліктері көбірек сипатталады. Басқа нұсқаларда (қисса «Көрұғлы» 1937 жылы Қошанов түсірген) Көрұғлының ерлік, қайрат көрсетуден гөрі аң аулап, серуен құрып, пері қыздарымен жүргені көбірек айтылған»  – деп пікір білдірген екен. Ғұлама ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер талдау жасап айтқан осы зерттеу-пікірлер Рахмет Мәзіқожаұлының жыр әлеміндегі жыраулық ерекшеліктерін дәлме-дәл шегелеп көрсеткендей. 

Ақын өлеңдері көбіне табан астында, тірлікте болып жататын қайшылықтар мен өзгерістерге сәйкес (экспромтпен) төтеннен тез шығарылып, оқиға болған жерде көбінесе ауызба-ауыз айтылған. Сондықтан кезінде қағазға түспеген әдеби мұрасын жинау қиындық келтірді. Сырдария ауданының тұрғындары Мұхамедияр Алтынбаев, Бодық Жылқыайдаров ақсақалдардан жыраудың бірнеше айтыс өлеңдері жазылып алынған. Өзі суырыпсалма, сөз тапқыш, арқалы ақын бола тұра, кеңес дәуірінен қалыптасқан мақтау, әсірелеу әдетінен бойын аулақ салған ол небір торқалы тойларда да қоғамда болып жатқан жаңа өзгерістер мен құбылыстарды ұранды-одағай сөздермен сомдап, сұлуламай-ақ, өзінің табиғи көрініс-келбетімен дәлме-дәл суреттеп жеткізе білген.

«Бесжылдық», «онжылдық» жоспарларды қабылдап, міндеттемелерін орындау барысында сөз бен істің арасындағы алшақтық болып жатса, «жауырды жаба тоқып» жырлаған ақындардың тірлігін Рахмет жырау қабылдамаған.

Талай рет алқалы топта халық ақындары айтысына қатысып, додаға түсті. 1958 жылы Қызылорда қаласында Әбділда Жүргеновпен, жамбылдық ақын Өкім Жайлауовпен айтысқаны белгілі. Айтыс жанрында да ақынның жыраулық ерекшелігіндегі тұстардай, халық алдында өнер мәдениетін ұстап қарсыласының мінін қазып, тарпа бас салмай ұтымды ой, терең теңеумен, салиқалы сыпайы сөзбен арнасына түсіріп, арындап шабар жолын алдымен аршып алып барып көсілетін болған.

Шаруашылықтағы кемшіліктерді сынап, еңбек ерлерін мадақтайды. Олардан сол кездегі дәуір тынысын, алып құрылыстар мен завод-фабрикалар тынысын, балығы тайдай тулаған Арал теңізінің шуылын, жайлаудағы төрт түлікті, ен байтақ егісті даламыздың нан иісін сеземіз…

Жыраудың жыр жолдарын ұмытпай, бола­шақ ұрпаққа дәріптеу – бізге міндет. Сөз соңында Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылындағы мәдениет үйіне осы дүлдүл ақынның атағы берілсе, бүгінгі жастардың бойына кешегі өткен   Рахмет жыраудың жыр маржаны мәңгілік есте қаларлықтай, көкте шарықтап тұрар еді демекпін…

Аққошқар СЕРАЛИЕВ,

Қорқыт ата атындағы

 Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті.                                                                                                       

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<