Ел болашағы үшін дауыс бердім

347

0

Отбасымызбен бірге сайлауға қатысу әулетімізде қалыптасқан үрдіс. Бала күнімізде әкеміз бен анамыз сайлау күні арнайы уақыт бөліп, дауыс беруге бірге баратын еді. Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен қос тұлға әлі күнге сол қалпынан тайған жоқ. Биыл да бірге барып дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші осынау үлгілі үрдіс негізінде бүгін біз де ел болашағы үшін саяси маңызды кезеңде отбасымызбен сайлау учаскесіне барып дауыс беріп, өз таңдауымызды жасадық. Әдейі ұлымыз бен қызымызды ертіп алып бардық. Олар да ертең біз секілді сайлауға қатысып, елдің баянды болашағы үшін таңдауларын жасайтын болады деп үміттенеміз.

Бұл сайлау елдің әрбір азаматы үшін маңызды. Себебі, осы арқылы Жаңа Қазақстанның жарқын сәттері қалыптасады. Ел ертеңін ойлаған азаматтар сайлау науқанында белсенділік көрсете білді. Мен де болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін дауыс бердім.

Дауыс беріп болған соң шағын отбасылық саяхат жасап, ауданның көрікті жерлерін аралап, естелік суретке түстік. Күн де жылы болып қарасып тұрды. Көңілдері көтеріліп, мәз болып, жүздері жайнап қалған ұл-қызымыз «келесі сайлауға да бірге барайықшы» деп айтып жүр. Лайым, тілектері қабыл болып, отбасымызбен Отанымыздың дамуына үлес қоса берейік!

Ақтөре Ибрагимұлы,

«Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<