Ел жаңалықтары

165

0

Орталық Азия елдері 11 млрд текше метр су жібереді

Қазақстан Орталық Азия елдерімен жасалған келісімдер нәтижесінде 2025 жылдың сәуір айына дейін Сырдария өзені арқылы шамамен 11 млрд текше метр су алады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәлімдемесін Egemen.kz хабарлады.

Министр Нұржан Нұржігітов Түркіменстанның Ашхабад қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 87-ші отырысына еліміздің атынан қатысты. Кездесуге Тәжікстан, Түркіменстан Өзбекстанның су шаруашылығы ведомстволарының басшылары, ал Қырғызстан елінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысты.

Сонымен 1 сәуірге дейін еліміздегі «Шардара» су қоймасына 11 млрд текше метр су жіберіледі деп күтіліп отыр. Бұл 2025 жылғы суару маусымында еліміздің оңтүстік аймақтарына қажет су көлемін жинақтауға мүмкіндік береді.

«Биыл келіссөздер мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз Сырдария өзені бассейнінде суды тиімді бөлуге қол жеткіздік. Сондай-ақ 86-шы отырыс қорытындысы бойынша бірлесіп атқарылған жұмысқа оң бағамды бергім келеді», деді министр Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, МСШҮК 88-ші отырысы 2025 жылдың бірінші тоқсанында Душанбе қаласында өтеді.

Экспорт көлемі артты

Биыл елімізде 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 52 пайызға артық. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегін 24.kz бөлісті.

Бүгінде агротехника өндірісінің жылдық көлемі 263 млрд теңге. Келер жылы көрсеткішті 300 млрд-ға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ қазір машина жасау саласындағы 20-дан аса кәсіпорын тіркеме және аспалы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын шығарып, импортқа тәуелділікті азайтқан. Бұған қоса, салада тағы оң өзгерістер бар. Биыл жүгері дәнінің экспорты 1,5 есе өсіп, 117 мың тоннаны құрады. Тәжікстанға тасымалдау 38 пайызға өсті. Ал жасымық экспорты 7 есе артса, оның басым бөлігі Еуропа елдеріне жіберіледі. Мамандардың айтуынша, өнімді сыртқа шығару әлеуеті өскен, оның ішінде ірі нарықтарға, атап айтқанда Қытай, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан және Парсы шығанағы елдеріне тасымалдануда.

Электр энергиясы тапшы бола ма?

Энергетика министрлігінің болжамынша, 2030 жылға қарай электр энергиясы тапшы болады.

Қуат көзінің қажеттілігі 6 гигаваттан асады. Бүгінде елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді. Оның ішінде жалпы қуаты 2,8 гигаватт болатын 144 жаңартылатын энергия нысаны бар. Өткен жылы қосымша қуаттылығы 500 мегаваттқа жуық тағы 16 баламалы энергия көздері іске қосылды. Станция жабдықтарының тозу деңгейі 56 пайызды құрайды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<