Елінің даңқын асырған

605

0

Ұзақ жыл Шіркейлі ауылын басқарып, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан соғыс және еңбек ардагері Жаңабай Азаматовтың елеулі еңбегі ел есінде әлі де сақтаулы. Ол – туған жеріне, халқына қалтқысыз еңбек еткен жан. Адамгершілігі мен парасаты мол азаматты елі сыйлады, құрмет тұтты. Оның өнегелі өмір жолы кейінгілерге үлгі ретінде айтылып келеді.

Ол жастайынан бейнет көріп, еңбекпен есейді. Мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық техникумда оқыды. Оқуын үздік аяқтап, еңбек жолын ауылдағы «Қызылту» мектебінде мұғалімдіктен бастады. 1939 жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Екін­ші дүниежүзілік соғыс басталғанда қолына қару алып майданға аттанды. 1944 жылы елге оралып, тұралап қалған ауыл өмірін жандандыруға қайта күш салды. Осы жылдан бастап Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық және облыстық партия комитеттерінде жауапты қызметтерде болды. 1950 жылы Алматыдағы партия мектебіне оқуға жіберіліп, бітіргеннен кейін Жаңақорған, Тереңөзек ауданында екінші хатшы қызметін  атқарды.

Әр адамның өзіне тән ғұмыр жолы бар. Бірақ еткен еңбегі, жеткен жетістігі, көрген бейнеті мен зейнеті әрқилы қалыптасады. Жаңабай Азаматов ең алдымен кісілік келбеті жарқын, көңілі ашық, пейілі кең, жүктелген жауапкершілік пен міндетті мүлтіксіз іске асырған басшы, ұстанымы мықты маман ретінде танылды. Ол еңбек адамын жоғары бағалады. Ісіне адал, қызметіне ұқыпты ауыл  азаматтарын жоғары көтеріп, шаруашылық озаттарының  марапат төрінен көрінуіне  атсалысты.

Елімізде 1956 жылы ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, колхоздар құрыла бастады. Сол кезде Талап, Қызылту, Құрайлы және  Қызыл жалау колхозы бі­рігіп, «Қызыл ту» құрылды. Колхоз  төрағасы болып іскер азамат Жаңабай Азаматов тағайындалды. Одан кейін Шіркейлі кеңшарын үздіксіз 30 жыл бойы басқарып, ауылдың әлеуметтік жағдайын, ауыл шаруашылығын, экономикасын өркендетуге бар күш-жігерін салды. Іскер азамат басқарған жылдары совхоз «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. Оның тұла бойында іскерлік қасиеттен бөлек, адамгершілік, адалдық пен жомарттық та табылатын. Саналы өмірі мен қызметін жемісті нәтижелерге бағыттап, ұтқыр ұйымдастырушы қабілетімен де дараланды. Соның арқасында есімі тек республикаға ғана емес, бүкіл Кеңес одағы көлемінде белгілі болды. Шағын ауылдың әлеуеті көтеріліп, шаруашылық өнім өндіруден жоғары көрсеткішке жетіп отырды.

Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, білікті кадр даярлауға үлес қосты. Қаншама жасты ауылшаруашылық саласына бейімдеп, мамандық алуына септігін тигізді. Жұртшылық ауылдың атын сұрағанда Шіркейлі десе, Жаңабай Азаматовтың есімі қатар айтылатын. Сол тұста аймақтық  басылымдарда  оның еңбегі жайында мақалалар  жиі жарияланды. Өңірдің ауыл шаруашылығына және өзге де салаларына сіңірген қызметінің өтемі болар, еңбек майданындағы ең жоғары, беделді саналған  «Ленин» және «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. 

Ерекше болмысымен дараланған, жүрегі кең, білімі терең Жаңабай Азаматов өмірінің соңына дейін өз ұстанымына адал болып, тынымсыз қызмет етіп, өнегелі жолын қалыптастырды.  Өңірдің дамуына қосқан еңбегі еленіп, халықтан жоғары бағасын алды.  Оны үзеңгілес әріптестері асыл қасиеттерімен қатар, еңбеккештігі  үшін үлгі етті. 

Биыл тау тұлғалы азаматтың дүниеден озғанына 25 жыл. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас мемлекеттің аяғынан нық тұруға атсалысқан азамат жас ұрпақтың ата-бабамыз аңсаған азаттық күнге жеткеніне сәт сайын шүкіршілік етіп отыратын. Бүгінде Жаңабай Азаматов өркендетіп, еңсесін тіктеп кеткен ауылда тіршіліктің алтын тінін жалғап келе жатқан бақытты ұрпақ өсіп-өнуде. 

Жеңісбек МАҚСҰТҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<