Еңбек еш кетпесін десек…

594

0

Сыр өңірінде биыл да су тапшылығы сезілуде. Бұл өңірдің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына елеулі әсерін тигізіп отыр. Соның салдарынан бірқатар көлдер құрғай бастады. Оған қоса басты дақыл – күріш егісінің көлемі азайды. Дариядағы су деңгейінің төмендігі табиғи мал азығының кемуіне алып келді.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметіне сүйенсек, қазір «Шардарадан» жоғары бөліктегі су қоймаларында 16,7 млрд текше метр су жинақталған. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 1,1 млрд текше метрге артық. Дария бойындағы ең ірі су қоймасы  – «Тоқтағұлда» 10 млрд текше метр су бар. Ал «Шардараға» секундына 255 текше метр су келуде. Былтыр дәл осы мерзімде небәрі 106 текше метр еді. Қазір онда 4,8 млрд текше метр су жинақталған. Өзеннің төменгі ағысына секундына 300 текше метр су жіберілуде.

– Облыс шекарасына секундына 556 текше метр су келуде. Ал «Қызылорда» су торабына дейін каналдар арқылы секундына 343,26 текше метр су алынуда. Қазіргі уақытта инспекция тарапынан бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Алдын ала есептеулер бойынша «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіндегі жинақталған су көлемі және ауа райы болжамы ескеріле отырып биылға Қызылорда облысында бастапқы су пайдаланушылар арасынла суармалы егіске бекітілген лимит 3605,61 млн текше метрге қысқартылды. Мұндай лимит көршілес Түркістан облысы бойынша да қолға алынған, – деді Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Әбуов.

Сырдария өзеніндегі қалыптасқан жағдайға байланысты 20 жобаны іске асыру көзделген. Осы мақсатта «Су тапшылығы жағдайында бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жол картасы» әзірленді. Аталған жобалар еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген.

Биыл бюджет, шаруашылық қаржысы, «Қазсушар» РМК тарифі есебінен жалпы ұзындығы 1 034 шақырымды құрайтын 162 каналды тазалау, 156 дана насос қондырғы сатып алу, 87 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 322 дана гидротехникалық құрылысты жөндеу жоспарланған. Ел Үкіметінің резервінен биыл бөлінген 3,6 млрд теңге есебінен 21 каналды тазалау, 52 ұңғыманы қалпына келтіру және бұрғылау жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, қашыртқы суларды қайта пайдалану және елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 133 дана насос қондырғысы сатып алынуда. Ал облыстық бюджеттен ұзындығы 157,1 шақырым 20 канал тазалануда. Ал 6 ұңғыманы жөндеу және елді мекендерге 23 дана насос қондырғы берілді. Қалыптасқан жағдайға байланысты «Қазсушар» кәсіпорны тарапынан «Келінтөбе» магистралды каналының 9,2 шақырымы тазаланды. Облыстық бюджеттің шұғыл шығындарға арналған резервінен биыл 11,9 млн теңгеге осы каналдың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жоба бойынша жаңадан ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын айналма канал қазып, «Келінтөбеге» қосымша секундына 14-15 текше метр су беру көзделген.

– Барлық каналдар бойынша секундына 424 текше метр су алынуда. Дегенмен күрделі су тапшылығы сезілуде. Бұл – облыстың барлық ауданына тән жағдай. Әсіресе, ол Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарында көбірек байқалып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір 55927 гектарға жуық (71,4 процент) күріш егілді. Оның 42 мың гектардан астам бөлігі суға бастырылды. Биыл облыста 78346 гектар күріш дақылын орналастыру жоспарланған. Қазір 1 маусымға дейін сол көлемнен асырмай тұқым себуге назар аударылуда. Бұл жөнінде «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы тарапынан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және қала, аудан әкімдеріне хат жолданды. Бүгінге дейін су жеткізіп беру қызметіне байланысты 638 шаруашылық құрылымымен келісім-шарт жасалған, – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Жалпы, күріш егуді межелі мерзімде орындаудың маңызы зор. Бұл қазіргі су тапшылығы жағдайында ауадай қажет. Дегенмен талапқа бағынбай жүрген шаруашылық басшылары жоқ емес. Мамандар тарапынан тиісті түсіндірме жүргізілсе де. Кеш егілген егінге су жетпей қалу қаупін елемейтіндер бар. Сондықтан әрбір шаруашылық егіс алқаптарын су баратын жолдарға және жоспарланған көлемде орналастырғаны артық емес.

– Бұл диқандар тарапынан жиі қайталанып жүрген жағдай. Мұндай сын сәтте ешқандай тәуекелге баруға болмайды. Әрбір гектар егіске қыруар қаржы қажет. Судың жетіспеуі салдарынан қаншама еңбекпен жасалған жұмыс құр босқа күйіп кетіп жатады. Сол себепті шаруашылық иелері өз алқабындағы егістің жайқалып өсуін дұрыс көрсе, мұндай олқылыққа жол бермесе деген ұсынысымыз бар. Өкініштісі, мұндай келеңсіз көрініс жылда кездесіп жатады, – деді Ж.Ерназаров.

«Көктемнің әр күні жылға азық» деген ғой. Қызылордалық диқандар егін науқанына үлкен жауапкершілікпен қарап, суды үнемдеу және тиімді пайдалану мәселесін ескеріп қарекет етпесе, еңбек еш болмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<