Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекет қайраткері, ел тәуелсіздігінің іргесін қалаушылардың бірі, дара тұлға Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өткен еді.
Бір топ қызылордалықтармен бірге осы жиынға мен де қатыстым.
Конференцияда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Т.Дүйсенова, ҚР Парламет Мәжілісінің төрағасы Е.Қошанов, мемлекет қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қ.Көшербаев, «Саутс-ойл» компаниясының басшысы С.Сейітжанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Е.Көшербаев, айтыс ақыны Б.Шойбеков, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Д.Жолжақсынов, басқа да бірқатар азаматтар Бердібек Машбекұлының қазақ елі алдындағы еңбегіне, ерекше болмысына сөз арнады.
Әрбір сөйлеушінің біздің Бекеңе деген, оның адами бейнесіне деген ыстық ықыласы мен сағынышы сезіліп тұрды. Ең алдымен олар ұлтжанды, ұстынды тұлғаның ту ұстаған батырдай туабітті қасиеттерін бағалады.
Халық әртісі Досхан Жолжақсынов сөз алғанда заман заңғары атанған Әбіш Кекілбайдың: «Азаматтар туралы, әсіресе биліктегі азаматтар туралы айтқанда, алдымен оның табиғи бітім-болмысына назар аудару керек» деген сөзіне мән берді. Шындығында, біз көбіне ел басқарған азаматтарға біліктілік жеткенмен, бітім-болмыс кемшіндік етіп тұратынын талай көргенбіз. Бұл салыстыруды жай ғана айтып отырғаным жоқ, Бекең ел басқару мектебінің академигіне айналған азамат ретінде мойындалды.
Оны Президент күрделі жағдай қалыптасқан аймақтардың басшылығына жіберіп отырды. Егер бір кездегі КСРО көсемі Сталиннің Ұлы Отан соғысы кезіндегі отты нүктелерге маршал Жуковты жіберіп, жеңіске жетіп отырғанын еске алсақ, біз Бердібек Машбекұлының ел басқарудағы ісінен сол бір өткен шақтың ерліктерін елестете аламыз.
Б.Сапарбаев 1995 жылғы қыркүйек айында Қызылорда облысының әкімі болып келгенін білеміз.
Бұл кезеңде өңір экономикасының өңі солып, қиюы кетіп тұрған еді. Қызылордадағы целлюлоза-картон, механикалық зауыттарының, аяқкиім, тоқылмайтын материалдар фабрикалары секілді өндіріс орындарының жұмысы нарықтың қысымына шыдас бере алмай, тоқтап қалған болатын. Олар өз өнімдерін өткізетін рынок таба алмады, ұжым мүшелері ақысыз демалысқа жіберілді. Облыс ауыл шаруашылығының жағдайы тіпті қиын болды. Күріш өнімі де кеми түсті. Облыс әкімі Б.Сапарбаев шұғыл шараларды жүзеге асыра бастады. Реформаларды тереңдету жөніндегі бағдарлама жасалып, қабылданды.
Меншік қатынастарын жаңарту, жеке сектордың қалыптасуы мен дамуын тездету, бәсекелестік ортаны құру, нарықтық инфрақұрылымдарды қалыптастыру, тауар өндірушілердің әлемдік нарық жағдайына бейімделуіне жәрдемдесу, басым бағыттағы өндірістің дамуы мен шетел капиталының енуінің жаңа үлгілері мен жолдарын іздестіру жұмыстары серпін алды. Осындай іс-шаралар ұзамай-ақ өз нәтижелерін бере бастады. 1996 жылы инфляцияның деңгейі 40 пайызға төмендеді, өнеркәсіп өнімінің көлемі арты.
1997 жылы Семей, Көкшетау, Жезқазған, Талдықорған және Торғай облыстары бірінен соң бірі таратылып жатқанда, дәл осы күй Қызылорда облысы да бастан кешіріруі әбден мүмкін еді. Алайда, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың Қызылорданың табиғи ресурстары мен басқа да әлеуетін экономикалық талдаудан өткізіп, облыстың болашағы зор аймақ болатынын мемлекет басшысы алдында дәлелдеп шықты.
Сыр елінің географиялық бет-бейнесінің экономикалық дамуға ерекше әсер ететініне ғылыми болжам жасаған да Бердібек Машбекұлы болатын. Мәселен Арал маңындағы болжанған мұнай мен газ қорын және Қаратау жотасындағы қорғасын мен мырыштың және уранның мол қорын есепке алған ғалым-әкім бұл жағдайда облысты арнайы экономикалық аймаққа айналдырудың тиімділігін көрсетіп берді. Тіпті, осы жайында Бекеңнің оқулақтар жазғанын да білеміз. Сөйтіп, 1996 жылы қарашада Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылуына қол жеткізді.
Бұл Бердібек Машбекұлының Сыр елі үшін атқарған ерлікке пара пар еңбегі болды.
Мұнан кейінгі жылдары Б.Сапарбаевтың Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарына әкім болып тағайындалу да сол өңірлердегі қиын жағдайларға қатысты болғанын көпшілік біле бермесе керек. Білген адам бұл кісінің неге бірнеше облысқа басшы болғанын түсінер еді.
Бүгінгі өткен конференцияда Жамбыл облысынан келген делегаттар Бердібек Машбекұлының қазақ халқына жасаған осындай оялы, жігерлі, махаббатқа толы азаматтық, перзенттік борышы жолындағы еткен ісін, төккен терін ерекше атап, тұлғаға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беруді ұсынды. Бұл өте құптарлық ұсыныс. Әттең, бұл атақты Бекең көзі тірісінде иеленуі тиіс еді. Алайда, «Маған атақ керек емес, мен атаққа керекпін» деп Иран-Ғайып ақын айтқандай, атақ Бекеңді өзі іздеп тапса, тағдыр жазуымен ел-жұртының айтылмай қалған алғысы мен рахметінің өтеуі деп қуанар едік.
Сонымен бірге конференцияда тұлғаның еңбегі мен қызметтік болмысын суреттейтін екі кітаптың тұсаукесері болды.
Оның бірі қазақтың белгілі тұлғаларына арналған «Өнегелі өмір» сериясы бойынша басылған кітап болса, екіншісі «Ерен де берен Бердібек» деп аталатын ерекше болмыс иесінің образына арналған дүние.
Осының өзі – Бердібек Машбекұлы бейнесінің ұрпақтан ұрпаққа өнеге болып қала беретінінің белгісі.
Расында, Сыр елі ғана емес, қазақ жұртының мақтанышына айналған ардақты есімнің екінші өмірі басталды. Оның ұзақ та, баянды болатынына сенеміз.
Әріп Хожбанов
Қызылорда Облыстық Қоғамдық Кеңесі
төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<