Ерлігін үлгі етті

605

0

Қызылорда ст. Жол Полиция бөлімінде дәріс өтті. Онда қызметке жаңадан қабылданған жас қызметкерлерге отанға деген сүйіспеншілігін нығайту үшін және анттарына берік болуға шақыру мақсатында ерлікпен қаза тапқан М.Өмірбековтың өмірбаяны мен өнегелі еңбек жолы кеңінен айтылды.

Мұратбек Өмірбеков осыдан 30 жыл бұрын 1992 жылы 22 ақпан күні милиция аға лейтенанты ретінде «Москва-Ташкент» поезында арнайы этаппен айдалып бара жатқан аса қауіпті алты қылмыскерді ұстауда ерлік көрсеткен. Қылмыскерлер өздерін алып келе жатқан айдауыл жасақтарын жаралап, Тартоғай станциясынан түсіп қалып, Қызылорда-Сарыағаш бағытындағы қалааралық автобусты жолаушыларымен бірге кепілдікке алған. Автобусты басып алған қылмыскерлер жолаушыларға күш көрсетіп, өздерінің талаптарын қойған болатын. Аса қауіпті қылмыскерлерді ауыздықтау үшін «Дабыл» операциясы енгізіліп, қылмыскерді ұстау және залалсыздандыру үшін құрылған арнайы топтың ішінде Шиелі станциясындағы ішкі істер бөлімшесінің жедел уәкілі Өмірбеков Мұратбек те бар еді. Қылмыскердің екеуін залалсыздандырған Мұратбек айқас үстінде оққа ұшып, ерлікпен қаза тапқан болатын. Қызмет бабында жанын қияр ерлігі үшін 1996 жылы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен милиция аға лейтенанты Өмірбеков Мұратбек Әмзеұлы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Бүгінгі күні Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімнің даңқ бұрышында ерлікпен қаза тапқан антына берік болған азаматқа құрмет тақтасы ілінген. Дәрісті бөлім бастығының орынбасары полиция майоры Нариман Алибаев өткізді.

Гүлбану МАҚАЖАН, «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<