Ерлік білектің күшімен өлшенбейді

571

0

«Батырлар тек соғыста ғана танылады» деп айту бекер. Батырлық – атқа мініп, жауға шабу емес. Бейбіт күнде де ерліктің үлгісін көрсетуге болады. Оны өмірде орын алған оқыс оқиғаларда қара басын қатерге тігіп, адамды ажал аузынан арашалап жүрген қарапайым жандар дәлелдеп жүр. Қас-қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек жандар баршылық.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыр елі азаматтарының жасаған ерліктері туралы білдік.

Сондай азаматтың бірі – қала тұрғыны Бақтияр Оспанов. Ол көршісін өрттен құтқарып қалған. Оқыс оқиға кезінде батылдық танытып, араша түскен.

– Інімнің үйіне қонаққа барғанмын. Подъезге кіре бергенде мақта секілді бір заттың күйген иісі шықты. Баста мән бермедім. Қайтар кезде үйден шыға бергенде иістің өршігенін байқадым. Әйтеуір бір үйде оқыс жағдай орын алғаны белгілі болды. Содан інім екеуміз подъездегі барлық үйдің есігін қақтық. Ешкім ашпады. Сонда да тоқтатпадық. Содан бірінші қабаттағы көршінің есігін ұрып едім кішкене саңылаудан түтін шыға бастады. Тез арада өрт сөндірушілерді шақырып, әзер дегенде есікті аштық. Есікті аша бергеніміз сол еді үйден ер адам шықты. Жалғыз өзі екен. Иістен есеңгіреп қалса керек дер кезінде сыртқа алып шықтым. Газ құбырын жауып, өрт сөндірушілер жалынды өшіріп, бір апаттан аман қалдық. Мұның барлығы қас-қағым сәтте орын алды, – деді ол.

Әрине, мұндай көзсіз батылдық екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Сондай-ақ, тек қана ер азаматтардың қолынан келеді деп айту да қателік. Қарапайым жандарға көмек қолын созғандардың қатарында Қызылорда Қоғамдық телеарнасының журналисі Назгүл Қажытаева да бар.

Ол журналистік қызметінен бөлек әлеуметтік желіде белсенділік танытып, көмек сұраған жандардан көптеген хат келетінін айтты. Сондай бір жайт қараша айында орын алған. Айтуынша қала тұрғыны көмек сұрап, әлеуметтік желідегі парақшасына жазған. Онда жақын туысының таңертең үйден шығып, кешке дейін оралмағанын айтқан. Осылайша әлеуметтік желіге жариялап, ешқандай куәгер таппаған.

– Кешкі сағат 19:00 шамасында полиция бөлімшесінен хабарласты. Аталған оқиғаға байланысты тездетіп келуімді сұрады. Мен де көмегім тиер деп бардым. Іздеу жұмыстарына атсалыстым. Осылайша бөлініп іздеуге шықтық. Біз туысын іздеген әйелмен бірге дарияны жағалап жүре бердік. Бас аяғы 40 минуттың ішінде жоғалған адамды таптық. Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде көмек сұрап хат жазған адамдар қатары көбейді. Бәріне бірдей көмектесе алмасам да қолымнан келгенше аянбай қол ұшын созамын, – деді ол.

Жоғалған адамды судан алып шыққан бойда бірден құтқарушылар тобымен бірігіп, дер кезінде ауруханаға жеткізген. Аталған жағдайға бей-жай қарамай, көмек қолын созған әріптесіміз алғыс білдіретін адамдардың аз емес екенін жеткізді.

Иә, өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алады. Мұндай оқиғаларда ересек адамдардың жанкешті әрекеттерін көп естиміз. Десе де, бастауыш сыныпта оқитын оқушының көзсіз батырлығы туралы естідіңіз бе? Ал біз таңғалдық. Қазан айында Аққұм аулының тұрғыны Наурыз Назаровтың үйінде тоқ кернеуінің күшеюнен өрт шыққан. Бұл кезде ата-анасы жұмыста болған. Ал үйде 4 бала қалған. Үлкені – 2-сынып оқушысы Мерей Алдаберген. Өрт шыққан сәтте ол қорықпастан бөлменің есігін жауып терезеден бауырларын шығарып алған. Өзінен кіші бауырлары 5, 3 және 1 жаста екен. Сөйтіп көшеге шығып, адамдардан көмек сұраған. Осы кезде ауыл азаматтары дер кезінде келіп, өртті тоқтатып, балалардың ата-анасын шақырып, апатты жағдайдың алдын алған. Осындай қиын сәтте бауырларын өрттен алып шығуы – оқушы қыздың ерлігі деуге болады. Мерейдің батыл әрекеті ескерусіз қалған жоқ. Аудан басшылығы да оның қиын сәтте тез шешім қабылдап, 3 бауырының өмірін аман алып қалғаны үшін алғыс айтып, сый құрмет көрсеткен.

Қазір олар туыстарының үйінде тұрып жатыр. Алдағы уақытта жауапты сала өкілдері қолдау көрсетеді деп сенеміз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<