Есірткісіз өмір ғажайып

619

0

Біздің ауылда тұрғындардың барлығы дерлік таңнан қара кешке дейін жұмыста. Бос сенделіп, жат қылыққа бой алдырып жүрген ешкім жоқ. «Еңбек — адамды тәрбиелейді» деген, ауылда барлық бала үлкендерге қолғабыс етеді. Күнделікті үй тірлігі, егін жинау. Қолымыз қалт етсе әрине алаңға барып ойнаймыз. Сынып жетекшіміз «Есірткісіз өмір ғажайып» тақырыбында мақала жазып келуді тапсырды. Бұрын соңды есірткі жайлы ауыл адамдарынан естімеген соң қалай жазарымды білмей ойландым. Дереу атама жүгіріп барып, «Атау, есірткі деген немене?» деп сұрадым. Атам маған оның адамға зиянды шөп екенін, қазір дәрі секілді түрлері де барын айтты. Адам денсаулығын құртатын қауіпті зат. Оны тұтыну соңы өкініш пен өлімге алып барады екен.

«Балам, күнделікті жаттығу жаса. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен. Сонда ғана болашағың жарқын болады», — деді атам.

Менің таңдауым — есірткісіз ғажайып өмір. Үлгілі оқушы, сүйікті перзент, білікті маман болғым келеді. Бұл армандарыма жету жолында маған есірткі кедергі келтіргенін қаламаймын. Достарымды да жат қылықтан аулақ жүруге шақырамын. Тәртіп сақшылары есірткіні заңсыз таратушылардың жолын кесумен келеді. Алайда өз өмірің өз қолыңда. Сондықтан еңбек етіп қана табысқа жетуге болады.

«Жақсымен жүрсең жетесің мұратқа, жаманмен жүрсең қаласың ұятқа» деген сөз бар. Отбасы, мектептен соң адамды орта тәрбиелейді десек, достарымыздың шалыс басуына жол бермейік! Өмірімізді өкінішпен емес өнегелі іспен өрнектейік.

#есірткігеқарсыбайқау

Ұлпан ТЫНЫШТЫҚОВА,

№199 орта мектептің оқушысы,

Төребай би ауылы,

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<