Ғылыммен ұштасқан тәжірибе

517

0

Жарты ғасырдан астам ғұмырымызды Қызылорда еліне, жеріне, ғылым жолына арнадық, 4 кітап жаздық, оның үшеуі жарық көрді. Кітаптар – біздің елге арнаған ғылыми өміріміздің қорытындысы, нәтижелері.

Еңбек жолым Қызылорда қаласы мен одан 12 шақырым қашықтағы Қарауылтөбе ауылының егістік жерінде басталды. 1969 бен 2020 жыл аралығында 6 бюджеттік және 4 гранттық тақырып орындалды. Соңғы 4 тақырып Арал теңізінің 70%-дан астам суы құрғауынан туындаған экологиялық өзекті мәселені ғылыми негізде шешуге арналған. Осы 10 тақырып нәтижесінен 150-дей ғылыми мақала, еңбек және ұсынымдар басылды. Оның 3-yi кітап еді. Арал мәселесі туралы ғылыми есеп деректері Германияда басылған ғылыми жинақ 3 кітабында ағылшын тілінде жарық көрді. Ғылыми мақалалар жақын және алыс шетелдің ipi қалаларының 15 баспаханасында басылды. Ғылыми еңбектер нәтижелерінің көбі Қазақстанда жарыққа шықты. Басылған еңбектердің 9-ы – патенттік құжаттар.

Енді жарыққа шыққан 3 кітаптың әрқайсысына қысқаша түсінік келтірейік.

Арал қасіреті туралы кітап жаһандық өмірде бәрі: жер, космостық, кеңестік планеталар, ай, күн және т.б. үнемі байланыста болатынын ескертеді. Мысалы, адамзат табиғат тіршілігімен санаспаса, салдарынан климат өзгереді, күндегі қопарылыстар көбейеді, осылай тізбектеліп өзгерістер бірте-бірте артып, соңында жер беті апатты өзгерістерге ұшырайды. Осы апаттар қияметке ұласпас үшін адамдар табиғатпен санасып, өзінің сол табиғаттың туындысы екеніне мойынсыну керек. Сонда олар табиғаттағы процесстерді үнемі зерттеп, құбылыс баланстарын теңестіріп отыратын жол iздecтіреді.

Кітаптағы дүниежүзілік беделі бар профессорлар Арон Айер (Израиль), Зигмар Брекле осы заңдылықты терең түсінгені сонша, олар өз елдерінің патриоты әрі ipi ғалымдары ретінде жаһандық кеңістік апатының алғашқы үрейлі сипатының үлгісі – Арал апатын «өз елiне де төнген қауіп» деп саналы түрде қабылдады. ЮНЕСКО арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымына ықпал жасап, Дүниежүзілік Даму Банкінен Арал апатының алдын алу іс-шарасына қомақты қаражат бөлдірді.

Қазақстанға келген апат зардабын жаһандық кеңістікке әсер беретін апат деп қабылдап, Арал қасіретін кеңістікке таратпау үшін  Қазақстан, Германия және Израиль ғалымдарын біріктіретін, жақсы ақылды шешім жасауға қабілетті әpi дүниежүзіне қayiп тудырған Арал қасіретін ауыздықтау үшін бірінші экспедиция құрды. Экспедиция тобын профессор Зигмар Брекле басқарды. Профессор Арон Айер оның ғылыми ұйытқысы болды. Қазақстаннан бұл экспедицияға Арал өңipi экология және ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан Ғ.Мейірман, Ботаника институтынан Л.Димеева, орман шаруашылыты институтынан B.Каверин және мен қатыстық.

Арал теңізітұйық болғандықтан Сырдария өзені ағынымен тау, жар мүжінділері шөгінді сумен келіп, теңіз түбіне шөгіп, кедір-бұдырын тегістеп ұлтан қабатын құрайды. Сырдария суы азайған соң теңіздің шөгінді табан қабаты судан құрғатылып, шөгінділерден түрлі механикалық құрамды (құм мен саздың әртүрлі мөлшерде орналасуына байланысты) топырақ түрлері қалыптаса бастайды.

Алғашқы қезде борпылдақ, әлі біркпеген топырақ құрамы сумен келген улы заттар (пестицид, гербицид, т.б.) шаңмен бірігіп, желмен ұшып айналаны ластауға бейім болады. Ол шаң қоспалары космостық кеңістікке көтеріліп, жер бетінің кездейсоқ жеріне жетіп, шөгіп, сол жерді ластау мүмкіндігі мол. Сондықтан, бірінші мәселе шаңды қозғалысқа келтірмейтін ic-шара жасау болды. Теңіз ұлтанының бетiндегі әртүрлі қоспалы өте зиянды борпылдақ шаңды бекітетін бірден-бір жол – өсімдік жамылғысымен ұлтан бетін бүркеу әдiсi.

Арал өсімдіктерінен зерттеу арқылы, бүркемелі өсімдікке қара сексеуіл (Haloxylon aphyllum) таңдалды. Оны егу жолдары іріктелді. Басты мақсат – қазір жаһанда белең алып бара жатқан қуаңшылық  пен шөлейттену өзгерістерін өрістетпеу. Ол егіншілік шаруасының өнімін кемітіп, азық-түлік қауіпсіздігін нашарлатып, аштыққа әкеледі. Ол қауіп қазір жер жүзі елдерін алаңдатып отыр. Азық-түлікпен қоса экология апаты Сырдария суының Арал теңiзi жұрнағы – Кiшi Аралға жетпеуі қасіретті үдетері сөзсіз.

Сонымен 1998-2012 жылдары эрозиялық процестерді тоқтату, қуаңшылық пен шөлейттенуге бетбұрысты әлсірету, өсімдік жамылғысын дамыту бағыттарында нәтижесі сенімді ғылыми-зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде егілген сексеуіл өскіні тұздан қорғалып, жерсінуі ұлғайды (өндірісте 15-20%, арықша әдісінде 25-65%, шұңқырлап егуде 70-90%). Бұл үлкен ғылыми жетістікке жатады.

Арал теңізінің географиялық құрылым ретінде жер картасынан теңіз атынан түciп қалуына адами фактор себеп болғанын қынжылып айтамыз. Сырдария өзенінің суына еге бола алмаған кезіміз есімізде, енді сол молшылық есепсіз, ойсыз, білімсіз ысырапқа төтеп бере алмады. Түбі көрінген Сырдария суының Арал анасына жету-жетпесі арман болуда. Сусыз Арал күні, болашағы қалай болады? Құмы қазақ жерін баса көктемей ме? Осындай қауiпті сұрақтар молаюда. Арал қасіреті табиғат жаратылысына адамзаттың аяулы мейipiмiн оятса дейміз. Ол мейірім қалыптастыру биліктің міндетіне айналғаны дұрыс.

Арал тағдыры жердің басқа аймақтарынан көрініс тапса, оны жақсылыққа бұрып, алдын алу керек. Балқаш, Каспий сулары азаюда, Дунай өзені ортаюда. Қар жаумаса тау басы ағармайды. Ол қар мұзға айналып, бұлақтар көзі боларын білеміз. Толассыз аққан бұлақ суы өзенге ұласады. Өзен арнасын тауып құяр қазанын табатыны cөзсіз. Қазаншұңқыр аумағы қең болса не көл, не теңіз болады. Осылай Сырдария суы арқылы Арал теңізі құралғанына мыңдаған ғасыр мерзім өтіпті. Енді мiне, Арал теңізінің көлге айналғанына куә болып отырмыз.

Осы айтылғаннан табиғат жаратылыстарының бip-бipiмен байланыста екенін көріп отырмыз. Жаралған су есеппен жұмсалса сарқылмайды. Табиғат заңымен тағы да су көзі ашылып, мөлшері кемімейді. Адамзат тірлігі мен табиғат құрылымы үйлесімдік тапса, азық-түлік қаупі жойылады. Аштыққа жол берілмейді. Адам табиғат мейiріміне ие болса, тіpшілігінен мол ырзық табады. Tiршілігі  көркейеді. Кітаптың мақсаты мен талабы – осы.

Кітаптың қорытындысында адамзатты Арал тағдырын түзеуге ұмтылдырып, бар мүмкіндіктерді жақсылыққа жұмсауға шақырады. Табиғаттағы балансты құрылымдарға зиян әкелетін іс-шараны жасамауды ескертіп айтады.

Бірінші экспедиция ғалымдарының еңбегін ескеруді, оны әpi қарай дамытуды мемлекет міндетіне алғаны дұрыс. Экспедиция ғалымдарының Алмания ғалымдарымен бірлесіп, Арал теңізі ұлтанында істелген орасан ғылыми жетістіктері кезінде бағасын алған ғылыми нәтижелер, шешімдер: биоәртүрлілік (биоразнообразия) процестерінен туындаған арықша мен миникичмент шұңқыры (профессор Арон Айер патенттік туындысы, ал арықша жасау Хасый Жамантіков пен Ғалиолла Төлендіұлы Мейірманның туындылары) Арал ұлтанын көгалдандыру icтepiнен жалғасын таппады. Осының жалғасын жасау керек.

Бірінші экспедиция ғылымдарының дүниежүзілік мәнді істеріне ештен кеш жақсы деп тиісті бағасын беріп, жастардың патриоттық ceзімін оятатын әpi мақтан ететін деңгейде үгіт-насихат жүргізуді қолға алған дұрыс. Кезінде ұлағатты ғалымдар, профессорлар Зигмар Брекле мен Арон Айер Қазақстан ғалымдарына, оның ішінде Арал өңіріндегі күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарына тиісті жоғары баға беріп, барынша қолдады. Енді осы кітапты марқұм болған профессор Зигмар Брекле әруағына бағыштауды жөн көрдік. Кітап Қазақстан-Германия ғалымдарының, достығының беріктігін растайтын өміршең тарихи дерекке айналуы тиіс.

Екінші кітап табиғи ландшафты жақсы бағытқа бетін бұру ici үлкен еңбекті, ізденуді, білімді ғылыми тәжірибелерді жүргізуді керек ететінін еске салып отырады.

Қызылорда облысына қарасты егіншілік жерлердің eгic түрлерінің  құлпырып, жоғарғы өнім мен сапаның ордасы болуына не кедергі дегенде айтатынымыз – eгic жерінің құнарының, төмен екені. Жердің тұздылығының салдарынан топырақ гумусы – қарашірігі кеміп әрі ондағы бактериялар жағдайы нашарлайды. Топырақ ортасының, өсімдіктерге жағдайлы болуына, осы түрлі пайдалы бактериялар жиынтығының белсенділігі артуы үлкен себеп болады. Бактериялар ауыр металдар қосындысын ыдыратып, бөлшектеп, әpi өзіне, әрі өсімдіктерге қоректік заттарды молайтады.

Бактериялар саны көбейіп, сапалы тіршілік жасаса, олардың өлi денелері гумустық заттар мөлшерін молайтуға үлкен үлес қосады екен. Сонымен бактериялар белсенділігі артқан ортада өскен өсімдіктер жағдайы жақсы болатыны – олардың қатты әрі улы зат бөлетін қосындыларды, минералды-органикалық заттарды тез ыдыратып, өзіне әрі өсімдіктерге және оны сол ортадағы жәндіктерге лайықты қоректік дәрежеге жеткізіп, ортаны қоректік заттарға толтыруында. Ондай ортада гумустық заттар молайып, кумус мөлшері үнемі тұрақты өсіп,  қалпына келіп отырады. Бактериялы ортаны құнарлы орта дейтініміз  де сондықтан. Бактериялы орта мәдени дақылдың өнiмiн арттырып, сапасын жақсартады. Бактериясы аз және олардың тіршілігі нашар ортада қорытылмаған заттар жиынтығы молайып, олар біртіндеп минералды тұздарға айналып, топырақты тұздандырып, ортаны өсімдіктің өсуіне, өінм құрауына жағдайсыз кеңістікке өзгертеді. Ол азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп туғызады.

Тәжірибе мен ізденicтің сәттілігіне байланысты құнарлылық өзегі – гумустық заттар топырақ кеңістігінде жеткілікті болу керек. Сонда ғана кepi кеткен ландшафт топырағын дұрыс жолға салатын өзгерістер енгізуге болады. Күріш дақылын топырақтың гумусын кедейлендіретін егіске теңеу жиі айтылады. Ал оның топырақ құнарлылығынан жеделдететінін көп диқан қауымы да, ғалымдыққа талапкерлер де біле бермейді.

Күріштік топырақта қандай да процестер, реакциялар, бактерия белсенділігі, тағы сондай құбылыстар тез жүретіні анық. Ceбeбi, суы мол егіске қоректік заттар ұсыныммен минералдық және органикалық тыңайтқыштар түрінде жеткілікті мөлшерде берілсе, температура әсерінен ыдырау процестері, бактериялар арқылы өте тез жүреді. Осы айтылған процестерді ескеріп, топырақ құнарлылығын 5-7 жылда тұрақты жоғарғы деңгейде қалыптастыруға болады. Басқа дақылдарда қазіргі технология әcepiнен бұл процестер баяу жүріп, гумусты тек қалыпты жағдайға (деңгейге) жеткізгенмен, оның мөлшерін өсірмейді. Осыны ескеріп, кедейленген топырақ құнарлылығын күріш ауыспалы егісінде межелі деңгейге көтеруге болады. Құнарлылық күрделі процестері жаңалық ретінде кітапта ретінмен келтірілген.

Кітаптың үшінші бөлімінде, Қызылорда жерінде ағаштар егіп көгалдандыру жұмыстары әлі өз деңгейінде дамымағанын ескертеді. Ол туралы жақсы әдістер кітаптың үшінші бөлімінде толық түрде жүйелі келтірілген. Көгалдандыру ортаны қоршаған атмосфера тазалығын қамтамасыз етеді. Жасанды оазистік орта адам денсаулығын жақсартып, жұмыс істеу қабілетін арттыратыны сөзсіз. Оазистік климат ауылдық, қалалық жерлерге өте қажет.

Үшінші кітапта (монография) диссертациялық материалдар: Қаратау фосфоритінен жоғарғы температураны қолдану арқылы 2 түрлi полифосфат тыңайтқышын алудың ғылыми негізделген сараптамалары бар.

Полифосфат өнімінің өндірісі электр энергиясын өте көп жұмсайтын болғандықтан кенже қалып отырғаны белгілі. Дегенмен, қазіргі экология жағдайы адам тіршілігі ортасының жақсаруына бағыт алғандықтан және азық-түлік қауіпсіздігі күн тәртібінде бірінші тұрғандықтан адамзат назарын топырақ экологиясына еріксіз аударуға мәжбүр етеді. Оған факторлар көп. Геосаяси жағдай да ушығып тұр. Жаһандық климат өзгерісі жер шарының біраз елін апатқа ұшыратып жатыр. Орман өрті, су басу және жаңбыр жаумай қуаңшылық белең алды. Климаттың өзгеруіне адамзаттың табиғатпен санаспай, күнделікті теріс тірлігі атмосфераны өлшеусіз мөлшерде көмірқышқыл газымен ластауы, баланстың бұзылуы себеп болып отыр.

Қуатқа тәуелсіздікті жою мәселесі терең сарапталып жатыр. Қуат көзі атом электр станциясында екені белгілі жәйт. Қазақстанда АӘС шикізаты – уран қоры жеткілікті. Қуат станциясының қауіпсіз технологиясы мен керекті өнім өндіру мемлекет деңгейінде тиянақты қолға алынуда. Қуат көзі іске асса, Қаратау фосфоритінен полифосфат өндірілетін күн алыс емес. Полифосфатты зерттеу авторы ретінде осы экологиялық таза өнімнің Қазақстан егіншілігін фосформен байытуына сәттілік тілеймін. Полифосфат тыңайтқышының экономикалық тиімділігінің ғылыми негіздемесі 1971-1992 жылдар аралығындағы көпжылдық зерттеулер нәтижелерімен айқын дәлелденген.

Сонымен кітаптардың мақсаты – қиын-қыстау климаттың белдеуіндегі Қызылорда халқының еңбегі жылда нәтижелі болсын деген тілекті көздейді.

Хасый ЖАМАНТІКОВ,

ауылшаруашылық ғылымдарының докторы,

бас ғылыми қызметкер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<