Уақыт көші жүйткіп алға тартып барады. Ия, ықылым заманнан бері солай. Пенде баласы сол ұлы көшке бір дәуір ілесіп барып, кезі келгенде, бұйырған бекетінде қалатын жолаушы іспеттес пе, қалай? Осынау ұлы көште кімнің арбасы қай жерде тоқтайтыны ешкімге белгісіз құпия, әрине. Бірақ бір тоқтау бары – бұлжымас ақиқат. Қысқа ғұмырдың сан мың сырының пенде шіркін қайсысын ұғып-біліп жатыр. Ізмұрат бауырымызды да тіршіліктен осылай асығыс аттанар деп кеше қатар жүргенде кім ойлаған? Тағдыр деген…
Ізекең Қарақалпақстанда Тахтакөпір ауданы, «Мүлік» ауылында 1953 жылы дүниеге келген. Мектепті сол өз ауылында бастап, көрші Қоңыраткөл деген жерде онжылдықты тәмамдаған. Журналистік сапарын, ҚазМУ-дің журналистика мамандығын оқып бітірген соң, сол жақта, аудандық «Тахтакөпір таңы» газетінде бастап, біраз уақыт бойы осы газет редакторының орынбасары қызметін атқарған. Ол кезде бұл – аса жауапты және беделді қызмет. Осы саладағы еңбектері үшін «Қарақалпақстанға еңбегі сіңген журналист» деген құрметті атаққа ие болған. Сыр топырағына келіп, қызметке араласа бастаған кезі өзінің ҚазМУ-де қатар оқып, сырлас, дос болған Шәкизада ақынның басқаруындағы Қызылорда қалалық «Қоғам ТВ» мекемесімен байланысты болды. Жалынды жастық шақтың сан түрлі сапарын бірге кешкен екі дос қанаттасып қатар қызмет етті.
Біз Ізекеңмен осы телеарнада «Сырдың жыршыл жастары» атты жас талап ақындарға арналған әдеби хабарды бірге жүргіздік. Бұл – редакция тарапынан оған жүктелген жұмыс, мен қоғамдық негізде қатысамын. Мақсатымыз – жас талап әдебиетші жастардың ақындық талабын қолдау, олардың шығармашылығын ел алдында насихаттап, бағыт-бағдар беру. Жастар дегеніміз – студенттер мен мектеп оқушылары, т.б. «өлеңге менің-дағы бар таласым» деп жүрген балапан таланттар. Жылтыраған дүниесі болса, жарыққа алып шыққымыз келеді. Баяғы кеңес үкіметі кезінде аймақтағы талантты жастар мен шығармашылық адамдары облыс пен аудан орталығында ғана шығатын бір-бір газетке қарап қалған кез емес, жан-жақтан жамырай, жарыса шығып жатқан баспа өнімдері жеткілікті қазіргі заманда аймақтың ақпараттық өмірінінде «Қоғам» телеарнасының да өзіндік орны бар. Телеарна басшысы, арқалы ақын Шәкизада Әбдікәрімов те өлеңсүйер жастардың арқасынан қағып, боламын деген баланың белін бууға құштар-ақ. Ол осы бағыттағы шаруаны Ізекеңе тапсырған, ал ол болса студент жастардың ортасына жүретін мені келіп қайрайды. Өйткені біздің университет қабырғасында ұйымдастырып, 20 жылға жуық жұмыс жасап келе жатқан поэзиялық бірлестігіміз бар. Сондықтан ол кезде талай жас талап ақындар мен жырсүйер жастар осы ортаға келіп өлеңдерін оқып, кештерге қатысып, мәре-сәре болып жататын.
Әрине, жастың аты – жас, жұмыс барысында неше түрлі жағдайлар болып жатады. Дайын асқа тік қасық деп, кейде әзірлеп отырған хабарды да шығара қоюдың өзіндік машақаттары табылып жататын. Сондайда Ізекең, «Ой, Шәке-ау, солай ғой біздің жұмыс. Жұртты ұйымдастырудан қиын нәрсе жоқ. Кейде бір адреске он рет хабарласатын кездер болады… Баяғы біздің жастық кезіміз басқаша еді ғой. Шіркін, Алматы! ҚазГУ. Жанып жүрген жалын жастар. Анау Сұлтанғали Садырбаев ағайымыз ұйымдастыратын атақты поэзия кештері» деп өз мамандығының ұңғыл-шұңғылына біраз бойлап қайтатын. Мұнысы – бір жағынан, маған жігер беріп қайрағандағысы. Ал хабарымызға тым жақсы талантты балалар келе қалса, соған бірге қуанып, өз пікірін білдіріп, осы баладан көз жазбайық дегендей, қамқор соғып жүретін.
Журналистік жұмыстың өзіндік қиындықтары да бар. Соның бірі – үнемі сапарда, жол үстінде болатыны. Ізекең де облыстың талай түкпірін шарлады. Шарлағанда, жай ғана сапар емес, берілетін хабардың сапасын қатты ойлайтын. Мәселені басына барып түсіру керек, жергілікті жердің өзінен картинкалар алғандай болмайды, төрт қабырғаға қамап қойып түсіргеннен дұрыс, жанды хабар шықпайды деуші еді. Ізекең әсіресе, белгілі жазушы, журналист Айжарық Сәдібеков ағамызбен жақын тұрды. Осы Айжекеңнің шығармашылығы бойынша хабарлар түсіруге ерекше ынталы-тын. Сондағысы, менің байқауымша, Айжекеңнің өмірі мен шығармашылығын барынша құрметтеп, көрнекі хатқа түсіріп алып қалу сияқты көрінетін.
– Ағамыз қызық… дейтін, таңырқап. 75 жылдығы кетті тойланбай. Енді сексен келе жатыр. Өзі бір дендеп ұмтылмаса, осы заманда кімге кім қарап жатыр, алтын басты асылзада болсаң да… Айжекеңді көбірек сөйлетіп, таспаға түсіріп алғанымыз жөн. Мұның бәрі ертеңгі тарихқа керек, алдағы өмірге, жастарға керек, – деп көбірек алаңдайтын. Әскербек Рақымбеков ағаны түсіргенде де, Махмұтбай Әміреев, Бегімбай Ұзақбаев, Толыбай Абылаевтарды да т.т. объективке алып, ұқыптылық жасағанының қадірін бүгінде енді сезгендей болып жүргендейміз. Марқұм белгілі ақын Темірше Сарыбаев туралы түсірген таспалары да, бүгін қарасақ, шын мәніндегі үлкен олжамыз екен ғой.
Ізекеңмен менің курстас аға-досым, Жалағаш ауданының белгілі азаматы, жазушы-журналист, этнограф Ахмет Тілеулиев досымыздың ауылына бірнеше рет бардық. Ахмет ағамыз Жалағаштың тарихын хатқа түсірген, елдің өткен өмірінің, асыл азаматтарының, қарапайым халқы мен тарихи тұлғаларының әрі тарихи әрі көркем бейнесін тарихи деректеп кеткен, аудандық тарихи-өлкетану музейін өз қолымен құрып, тұңғыш директоры қызметін атқарған әрі қарапайым азамат, әрі тұнып жатқан қазына-тарих болатын. Ізекең осы кісінің өмірін таспада қалдыруға да қызыға кірісті. Ол жаққа әлденеше барып жүріп, барған сайын бір жаңалық ашып келетін.
Ол барынша сыпайы, қарпайым, көңіл айнасы таза, өз ісіне берілген азамат ретінде танылды. Өзі де бауыр тартып, ағалы-інілі болып араластық. Әрине, бұған Қоғамдық телеарнада қатар жүріп, бір бағдарламаның пұшпағын бірге ұстағанымыздың да септігі тиді. Ол ерінбейтін. Объектісін үнемі іздеп, ойланып, соны қалай да мүлтіксіз игеруге бар ынтасын салатын. Мысалы, облысқа белгілі ақын-жазушылар мен өнер адамдары, суретшілер туралы, қарапайым қолөнершілер мен халық қазынасының жинаушылары мен жасаушы шеберлері туралы хабарлар сериясын түсіріп қалдыруды, еңбегін насихаттауды аса қажет іс деп біліп, оны жауапкершілікпен атқаруға барынша күш салатын.
Өзінің жерлес інілері, талаптас достары, ақын Мақсат Әлпейісов пен белгілі журналист халықаралық «Түркістан» газетінің қызметкері Ахмет Өмірзақов туралы қамқорлықпен айтып, алыста болса да, солардың жағдайларын ойлап жүретін. «Үй ала алмай жүр, жұмыс жасағанына біраз болды, уақыт болса өтіп барады» деп бір інісін еске алса, «шығармашылығы жақсы-ақ, соны насихаттау жағы кемшін» деп маған өлеңдер жинағын қарап шығуға берген. Шынында да, тамаша өлеңдер екен, Мақсат Әлпейісовтің әдемі поэтикалық туындылары туралы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде ақ-адал пікірімізді айтқанымызға Ізекеңнің барынша риза болғаны есімде. Бұл кезде өзі де ауырыңқырап жүрген ол Мақсат інісіне аз да болса шарапаты тигендей, бір жеңілдеп қалғандай көрінген-ді.
Ізекеңнің артында отбасы, бала-шағасы, өмірлік жары, отан-орманы бар. Біз дос көңілден оларға тілектестік білдіреміз. Елгезек азамат өзінің қызметіне қылаудай кір келтірген жоқ. Ол ҚазМУ сияқты биік білім ордасынан оқып өскенін де, журналистік мамандығын да мақтаныш тұтушы еді. Қарапайым азаматтың адал еңбегін ел-халық көрді, риза болды. Адам баласы үшін тіршіліктегі үлкен абырой осы емес пе?!
Иә, тіршілік арбасының тегершігі қай тұстан тоқтам табары пендесіне беймәлім. Бірін бірі құрметтеп, бағалап, ағалы-інілідей сырласып жүретін үш азамат Айжарық аға, Әскербек ағалармен Ізмұрат замандасымыздың да ақтық сапары қатар келді ғой. Өмірде осы екі ағасын да қатты құрметтеп, қолдан келгенше қызметіне жүріп, жанына өте жақын тартушы еді.
Әзілдесіп, әздесіп дегендей, Ізекеңмен біраз уақыт қатар жүрдік. Еңгезердей азаматты жасының сәл кішілігіне қарап «бала» дейтінмін, «інім» дейтінмін әзіл-шынын араластырып. Ол болса, ақжарқын көңілімен ағалап тұратын да, екеуміз бір-бірімізді іштей ұғысатын едік. Міне, жыл айналып, Ізекеңнің туған күні де келіп қалыпты. Сен жасап кеткен журналистік мұраларың ел игілігіне жарайтын дүниелер болып қала береді. Алла алдыңнан жарылқасын, Сыр бойының ақкөңіл азаматы.
Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<