Экономикалық реформалар нені көздейді?

1694

0

Экономика табиғаты қызық, кәдімгі жанды организм секілді. Құбылысы, жаратылысы осындай болғандықтан ол өзіне тиісті заңдылықтар арқылы дамумен бірге өзінің сол болмысына тән сыртқы әсерлердің ықпалын жылдам қабылдайды. Бүгінгі экономика әлемде, сол сияқты Қазақстанда үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Ал бұл дегеніңіз әлемдегі миллиондаған адамдардың тұрмыс деңгейіне мықтап әсерін тигізеді.

Қазақстандағы жаңа оқу жылының алғашқы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті, яғни, екінші Жолдауын жариялады. Үлкен құжатты біршама сараптан өткізіп, ойымызды түйіндеп, пікірімізді білдіруді негізінен макроэкономикалық салаға қатысты тұжырымдардан бастауды жөн көрдік.

Жолдауда дағдарыстан кейінгі ахуалдан бастап таяу уақыттың міндеттері белгіленді. Әлбетте, оның ішінде экономика реформасына қатысты айтылғандардың мазмұны, сипаты айрықша екені байқалды. Өйткені бұл өзгерістердің барлығы  алдағы күрделі кезеңдегі халық тұрмысына тікелей байланысты болады.

Алға қойылып отырған міндеттер ауқымды. Ол – сонымен бірге, сан-салалы, әрі күрделі. Әлемдегі өзгеріс­терге сәйкес ұсынылып отырған реформалар біздің ілгері басуымыздың кепілі, Қазақстан халқының жаһан кез болған дағдарыстан шығудың негізін қалайтын басты қозғаушы күші болып саналады.

Президент осыған дейін халық үшін жасалған әлеуметтік қолдау шараларына кеңінен тоқталды. Енді пандемиядан кейінгі өзгерістерге жақсы дайын болуымыз керек. Уақыт күттірмейді, ол жаңа талаптарды алға тартуда. Бұл орайда Мемлекет басшысы тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл агенттік мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығына айналады. Реформалар жөніндегі жоғары Президенттік кеңес құрылады. Ал кеңестің шешімдері түпкілікті болады. Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті Агенттік құрамына беріледі. Аталған шешім реформа сипатының күрделі екенін айқындайды. Себебі статистикада көптеген деректер пікірталас тудырады, оған тіпті кейінгі уақытта күмәнмен қараушылық басым. Демек, Президент қоғамның біршама кемшін тұстарын дөп басып, жоспарлау жүйесін тікелей өз қолына алатынын сездірді.

Жолдауда мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі кемшіліктерді атап көрсетті. Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату қажеттігін, негізгі мақсат жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуына бағыттау керектігін мәлімдеді.

Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқталғанын мәлімдей отырып, экономиканың әртараптандырылуы қажеттілік ғана емес, Қазақстанның бұдан басқа жолы жоқ екенін нақтылап тұрып айтты. Бұл рас, әзірге осы салада біз айтарлықтай ештеңе тындыра қойған жоқпыз. Кеше ғана Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак 2021 жылы мұнай бағасы барреліне 50-55 доллар болатынын болжады. Әрине, жылына 100 млн тоннаға жуық мұнай өндіретін Қазақстанға бұл жаман көрсеткіш болмайтын сыңайлы. Бірақ, қазір дайын өнімге негіз артып арқаны кеңге салудың реті ендігі жерде тым қисынсыз. Себебі пандемия көрсеткендей, уақыт жылдам өзгеруі ықтимал.

Мемлекет басшысы ұлттық та­быс­тың өсімінен түсетін игілік­терді әділ бөлу жөнінде айтты. Бізде ішкі нарықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды. Өңделген тауарлардың үштен екіге жуығы шетелден әкелінеді. Бұл орайда өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажеттігі туындап отыр.

Президент өңдеу өнеркәсібінің өндірісін 5 жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыруды міндеттеді. Біздің журналистік пайымдауымызша, ол ендігі жерде қағазбастылыққа айналып кетпей нақты іске айналуы керек. Осы орайда мемлекет басшысының статистиканы басқаруға тікелей өзі араласқысы келгенін түсіністікпен қабылдауымыз қажет.

мемлекет басшысы экономикаға серпін беретін сала ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің түйткілдеріне тоқталды. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатыр. Сыр өңірінде өсірілетін дақылдардың суармашылық егіншілікке тікелей қатысы бар. Президент осы мақсатта технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесінің салдарынан судың 40 пайызы далаға кетіп жатқанын мәлімдеді. Шындығында, бұл – өткір мәселе. Орта Азиядағы мемлекеттер арасында судың ортақ пайдалану жүйесіне қатысты мәселелер әлі толық шешімін тапқан жоқ. Демек, суды көп қажетсінетін дақылдарға деген көзқарасты өзгерту керек сияқты. Бұл – енді мамандардың мықтап ойланатын мәселесі.

Президент жаһандық көлік дәліздерінің маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның таяу болашақта табыс көзіне айналатын осы саласы көршілердің де назарын өзіне аудара бастаған сыңайлы. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін. Президент бұл орайда «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші ролін бекемдеуге арналуы керектігін міндеттеді.

Экономиканың тағы бір маңызды саласы – ақша несие саясаты. Экономикада барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Әртараптандырудың бәсеңдігі шетел инвестициясын тартуға кедергі келтіреді. Кез келген инвестор қаржы салған жерінен пайда іздейді. Сондықтан бұл орайда Қазақстанда қазіргі таңда экономикалық реформаны тездетіп жүргізу барынша маңызды.

Бізде валюта нарығы реттелмей келе жатқаны – күрделі түйткіл. Экспорттан түсетін табыстың елеулі бөлігі ішкі валюта нарығына түспей, шетелде қалып қояды. Президент бұл орайда Үкімет пен Ұлттық банкті экспорттаушылардың валюталық табысты сатуға ынталандыруға тиісті шараларды қабылдауға міндеттеді.

Тұтынушыларға тоқтаусыз несие беру доғарылмай отыр. Енді Прези­денттің тапсырмасы бойынша қарыз алушының төлем қабілетін баға­лауға қатысты талаптар едәуір кү­шейіп келеді. Дұрысы нормативтік заңна­малық шешімдер қабылданады. Барлық мәсе­лені реттеп отыру үшін Ұлттық банктің құрамынан ақша-несие саясаты комитетін құру туралы шешім қабылданды.

Біздің әрдайым атап көрсетіп жүргеніміздей, Қазақстанда экономиканы дамытудың пайдаланылмай жатқан резервтері көп. Бұл жолы Президент осы тақырыпты да айналып өткен жоқ. Ол еліміздің жалпы ішкі өнімінің үштен біріне жуығы есепке алынбай көлеңкеде қалатынын айтты. Түсінген адамға бұл орасан зор қаржы. Ал бұл бюджет табысын едәуір арттыруға мүмкіндік берер еді.

Қазақстанның нарық экономикасына көшкеніне 30 жылға жуықтады. Өкінішке қарай, бәсекелестіктің жанышталатын жағдайлары әлі азайған жоқ. Ал оны жоймай экономика көрсеткіштерін жақсарту мүмкін емес. Президент мемлекеттік және жеке меншік саладағы «монополистердің» жұмысын ретке келтіру керектігін мәлімдеді. Біздің ойымызша, бұл өте-мөте түйткілді сала жылжуымызға мықтап кедергі келтіруде. Орталық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен холдингтердің меншігінде әлі де болса жеті мыңға жуық әлеуметтік нысан болғандықтан жағдайдың осылай болуы заңдылық.

Президент экономикалық жағ­дайды сараптай келе Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің абстрактілі өсімімен халықты қуанта алмаймыз дегенді айтты. Шындығында солай, себебі біздің елімізде әзірге цифрлар мен нақты істің арасында айырмашылықтар көп. Оның, әлбетте, объективті, субъективті себептері бар. Барлығын талдап жатуға газеттің мүмкіндігі шектеулі болған­дықтан, бұл мәселені кезекті мақаланың тақырыбына қалдыруды ұйғардық.

Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін Қазақстанның орталық органының бірқатар басшылары Үкімет алдында өз салаларындағы жағдайды жария етіп, оларды талдау сүзгісінен өткізді. Бұл орайда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтқандары, біздіңше, біршама жариялылығымен ерекшеленеді.

Ол 2021 жылы инвестициялық жоба­­ларды іске асыруды жылдамдату нәти­жесінде импортты қалпына келтіру және оның 8,1 процентке өсуі қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Бұл орайда тауарлар экспортының болжамы шикізаттық емес тауарлар экспортының ұлғаюы нәтижесінде мүмкін болады. Бұл 2025 жылға қарай экспорттың 50 млрд АҚШ долларынан жоғары деңгейге дейін кезең-кезеңімен өсуіне алып келеді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша депозиттердің әлсіз өсуі күтілуде, оның есебінен халықтың нақты табысының төмендеуі аясында тұтыну шығыстарының бір бөлігі қаржыландырылады.

Біздің күткеніміздей, осы жылы іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында экономикаға берілетін несиелер де баяу өсетін болады. Болжамдар бойынша экономикаға берілетін кредиттер де іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында баяу өседі. Нақты жағдай Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемінің едәуір артуын көздейді. Нәтижесінде, болжам бойынша, 2023 жылдың соңына қарай Ұлттық қор қаражаты ішкі жалпы өнімнің 30,8 процентін құрамақ. Бұл – Ұлттық банктің ұстанымы. 2024 жылға дейін Ұлттық қордан бөлінетін қаржыны ұқыпты пайдалану осы саясаттың басым бағыты екенін түсіндік. Жалпы дағдарыстан шығу, біздің пайымдауымызда, кезек күте тұратын жобаларды кейінге қалдыру есебінен табысты жүйеге асырылуы тиіс. Бүкіл әлемде солай. Қазақстан Президентінің кезекті Жолдауы осы мақсаттарға жауап береді.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<