© Sputnik / Владислав Воднев
Жеке тұлғалар 2023 жыл үшін көлік салығын 1 сәуірге дейін төлеуге тиіс
АСТАНА, 12 қаңтар – Sputnik. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтар көлік салығын қашан және қалай төлейтінін түсіндірді.
Мемлекеттік кірістер комитеті автокөлік иелеріне жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі жақындап келе жатқанын ескертті.
«Жеке тұлғалардың 2023 жыл үшін көлік салығын төлеу мерзімі 2024 жылғы 1 сәуірде аяқталады. Салықты есептеу кезінде 2023 жылы қолданыста болған 3 450 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш қолданылады», – делінген хабарламада.
Көлік салығын қалай есептейді
Комитеттің ақпаратынша, көлікке салынатын салықтың сомасын kgd.gov.kz порталындағы және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы салық калькуляторының көмегімен дербес есептеуге болады.
Бұл ретте есептік сальдоны анықтау үшін салық органдары жыл сайын жеке тұлғалардың көліктеріне салынатын салықты тиісті жылға есептейді.
Автокөлік иелеріне хабар беру
Есептелген салық сомасы бойынша ақпарат 2024 жылғы наурызда Каспи банк пен Халық банктің мобильді қосымшаларын пайдаланатындарға PUSH-хабарлама түрінде жіберіледі.
Сондай-ақ, салық сомасы туралы ақпарат kgd.gov.kz порталындағы «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» сервисінде, сондай-ақ Каспи банк, Халық банк, e-Salyq Azamat мобильді қосымшаларында болады.
Осы мобильді қосымшалардың барлық пайдаланушысы 2023 жылға есептелген көлік салығын көре алады.
Салықты төлеу тәсілдері
Жеке тұлғалардың көлік салығын жоғарыда айтылған мобильді қосымшаларда төлеуге болады.
Сонымен қатар жеке тұлғалар салықты басқа да жолдармен: екінші деңгейлі банк бөлімшелерінде немесе төлем терминалдарында қолма-қол ақшамен, банкоматтар мен төлем терминалдарында банк карталары арқылы төлей алады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<