Күлдіре білу – өнер

559

0

Сықақшы жазушы Нұрмахан ЕЛТАЙ 70-те

Жазушылық – үлкен өнер. Ал осы өнердің ішіндегі аса қиыны – балаларға арнап жазу және сын-сықақ жазу. Қаламгерлер ішінде балалар жазушылары мен сатириктердің сиректеу болатыны содан. «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» деген екен өз кәсібі туралы сатирик жазушы Сейіт Кенжеахметұлы. Әдебиет ардың ісі деген осы.

Жазушылық – талант. Бұл да екінің бірінің басына қона бермеген қасиет. Жазушы болу үшін оның арнайы оқуы жоқ. Бұған өзіміздің қаламгерлерден мысалдар іздесек, геолог Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов, металлург Кәкімбек Салықов, осылай бұл тізімді біраз жерге апаруға болар еді. Ал осы бойдағы талантты тұншықтырмай ұштаудың, шыңдаудыңамалы – оқу, іздену және еңбектену. Шығармашының жетістігі – бір пайыз талантының, қалғаны тынымсыз ізденісті еңбегінің арқасы деген тұжырым да қаламгер өмірінің ақиқаты.

Біздің кейіпкеріміз – сықақшы жазушы Нұрмахан Назымханұлы Елтайдың мамандығы ғалым-агроном, Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Біраз уақыт туған жері Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында «Түркістан» кеңшарында Қандөз ауылында жұмысшы, комсомол ұйымының хатшысы, жастар бригадасының бригадирі, кеңшар директорының орынбасары қызметтерінде шаруашылықпен шұғылданды. Дегенмен іште жатқан бұла талант, өршіл талап, айнымас мақсат оны оқушы күнінен еліктірген қаламгерлік сүрлеуінебіржолата бұра берген еді.

Нұрмахан Елтай 1953 жылы 28 қыркүйекте осы Қандөз ауылында дүниеге келген. Алғашқы апыл-тапыл талпынысын еске алғанда бала Нұрмахан сурет салуға, саз балшықтан түрлі үй жануарларының бейнесін жасауға үйірсек болғанын айтады. Атасы Елтай немересінің көзі үйрене берсін деді ме екен, «Кәне, Нұрманжан, газет оқышы» деп қолына үйге жаздырып алдыратын газеттерді ұстатып қоятын болған. Ал мектепке барып «Әліппе» ашып, қара танығанынан бастап әкесі Назымхан сол газет-журналдардың мақалаларын оқытып, тыңдап отырады екен. Осылай балаларға арналған «Балдырған» журналын, «Қазақстан пионері» (қазір «Ұлан») газетін оқуға деген құмарлығы туған балақай Нұрмахан үшінші сыныптан бастап енді өзбетінше түрлі кітаптарды оқуға кіріскен. Міне, баланы жастайынан оқуға құштарлыққа еліктіріп баулыған ата мен әке тәрбиесінің нәтижесі. Осылай ауылдағы мектеп және ауыл кітапханасындағы кітаптардың талайын ол оқушы жасөспірім кезінде-ақ оқыптастапты.

Жақсы кітап – қашанда жаман ­достан артық. Жалпы менде жақсы қасиеттер болса, ол кітаппен дос болуымның арқасында да қалыптасты. Жастық кезде қылтың-сылтың бос жүріске уақыт жоғалта бермей, кітап оқуға көп көңіл бөлген адам одан жақсы тәрбие ала алады. Боқ дүниені емес, адамгершілікті жоғары қоятын адамдардың барлығы кітап оқу арқылы өскен десем жаңылыспайтын шығармын деп пайымдайды Нұрекең. Балалардың жан серігі, сырласы кітап емес телефон болып кеткен қазіргі уақытта бұл да ағадан тәлім, өнеге.

Осы кітап оқуға құштарлық оның қолына қалам алдырып, өзі мектеп өмірінен «Қазақстан пионері» газетіне тырнақалдыжазбаларын жолдай бастайды. Редакциядан келетін «Талабың дұрыс, әлі де іздене түс» деген сынды үміттендіретін хат ол кезде оқушы үшін арқадан қаққан айналайынның үлкені. Талай қаламгер осы жолдан өткенін жымия еске алары сөзсіз. Осылайша қалам сүйкеп,төселе жүріп, аудандық газетке де хабар-ошарлары шыға бастайды. Келе-келе «Қазақстан әйелдері» журналында ұдайы жарияланатын «Құпия сөзді» құрауға машықтанып, басылымының белгілі авторының біріне айналады.

Мектеп бітірген 1970 жылы жастарды ауылдан жүз шақырым, Қызылқұм ішіндегі фермаға қозы сою жұмысына апарады. Мүлгіген Қызылқұмның арғы беті Өзбекстанның Жызақ облысына қарайтын, халқының басым көпшілігі қазақтар Тамды ауданы, әйгілі сазгер Шәмші мен ақын Қадыр әнге қосқан Тамды аруының жұрты, өзбектің даңқты «Ялла» ансамбілі шырқайтын Үшқұдық та осы жақта, Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандарымен шекаралас ағайын ел. Газетке хат-хабарлары шығып машықтанып әрі тілші бала атаныпқалған бозбала Нұрмахан сол жердегі малшыларға, жұмыскерлерге, қызметкерлерге арнап, «Кең өріс» деген қабырға газетін шығаруды қолға алады. Онда жазылған мақалалар да, салынған суреттерде өзінікі.Тосын шығарылымдарды оқығандардың бәрі мәз, қияндағы мекенде қабырға газетіне шығудың өзі оларға мақтаныш. Сол науқан кезінде құмдағы малшыларды аралап облыстан келген өкіл қабырға газетін көріп, кеңшар парторгіне «Талабы жақсы, жазушы болатын бала екен» деп Нұрмаханды сыртынан мақтап кетіпті. Сөз құдыреті деген осы! Осынау бір ауыз сөз мектепті жаңа бітірген ауыл қолбаласы Нұрмаханның жүрегіне жылы ұялап, оның бойында жанғалы тұрған ұшқынды тұтатып жіберген еді. «Кең өрістен» кең өріске талпыныс осылай басталып кеткен. Осы бір ауыз сөз дер кезінде айтылып, балаң қиялды шарықтатпаса, бүгінгі қазақ әдебиетінде аса шетін жанр – сатира сарбазы Нұрмахан Елтай қалыптасар ма еді. Бала кезден жазу-сызу әуестігіосылай бірте-берте оның қаламгерлік кәсібіне айналып кеткен-ді. Оның үстіне осы ауылдан түлеп ұшқан қаламгер, қазақ журналистикасының көрнекті қайраткері Нұрмахан Оразбеков те ауылдастары ауыздарынан тастамайтын үлгі тұтар ағалардың бірі еді.

Қолына қалам алып шығармашылықпен шұғылданғанына елу жылғатаялыпты. Жиырмашақты кітабы жарық көрген. Баспасөзде жарияланған мақалаларында есеп жоқ. Кейінгі жиырма жыл көлемінде Қызылорда облыстық «Сыр бойы»газетінің Шиелі және Жаңақорған аудандары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Әріптестері батыл тілші Нұрекеңді мерзімді басылымның жаужүрек жауынгері атап кеткен еді.

Әйгілі сатирик Оспанхан Әубәкіров 1970 жылдардың ортасынан республикалық басылымдарға шыға бастаған Нұрмахан Елтайдың алғашқы әңгімелеріне назар аударады. Сөзі сүзеген сардар Ос-Аға өзін Сыр бойынан Алматыға арнайы іздеп келіп, сәлемдескен жас талап ізбасарына біраз ақыл-кеңесін айтып, ризалықпен батасын беріпті. Сондай-ақ республикалық «Ара» сатиралық журналына алғашқы сықақтары атақты сықақшы ақын Асқар Тоқмағанбетовтің сәт сапар тілегімен жарияланды. Республикалық «Лениншіл жас» (қазір «Жас Алаш») газетінде ай сайын сын-сықақ «Сүзеген сөз» бетін жаттықтырған ұстазы Оспанханға ұқсап, Нұрмахан дааудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің «Көк ине» сатиралық бетін жүргізеді.

Шаруашылықта комсомол-жастар бригадасының бригадирі Нұрмахан ауылдан жырақтағы егіс алқабынан атпен кештетіп үйіне келіп, біраз күн ойына түйген әзіл-сықақтарын түнімен жазып шығар еді. Таңертең автобусқа отырып жүз шақырым жол жүріп, аудан орталығы Жаңақорғанға жетеді, аудандық газет редакциясына күтіп отырған материалдарын уақтылы тапсырып қайтып жүреді. Құмарлық-ай! Нұрмаханның осылайша қат-қабат тірлігі таусылмайтын, ылғи науқаншаруашылықтан да, аңсары артық шығармашылықтан да қол үзбеуінің арқасында аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің «Көк ине» сатиралық беті осылай үзбей шығып тұрды. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл», «Қазақ әдебиеті» газетінің әзіл-сықақ бетінің тұрақты авторына айналды. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетіне қызметке келгенде мұнда «Түрлі-түрлі бастар бар» сатира бетін ашып, оның редакторы болды.

Қашанда қауырт газет жұмысы көп жыл осы салада істеген қаламгерді қасаңдандырып, жазар тақырыптарының аясын тарылтып, таптаурын жолға салып жіберуі де мүмкін. Еркін шығармашылыққа, кең өріске ұмтылысы әрі еңбекқорлығы Нұрмаханды 2000 жылдардың басында өзіндік «Хан алшы» деген аймақтық газетін шығаруды қолына алдырды. Бұл игілікті де ізгілікті ісі қазір «Шарайна-Сейхун» аймақтық ақпараттық-танымдық газеті болып жалғасқан. Басылымның тақырыбы – негізінен руханият, әдебиет, мәдениет мәселелері. Бұл да ізденімпаз оқырманға олжа. Ауданда тағы бір басылымның, тәуелсіз басылымының пайда болуы талапты жастардыңосында қаламгерлікке қадам басу, журналистік кәсіптің қыр-сырын үйренумектебіне айналды. Тәлімгерлері – Нұрекеңнің өзі. Газеттің төртінші бетінде тұрақты орны бар «Қуақының қамшысы» бөлімінде Нұрмахан ел ішінде аузы дуалы, сөзі уәлі адамдар айтқан небір тәлім-тәрбиелік мәні бар әзіл-оспақ, қалжың, қағытпа, ұрымтал сөздерді, мөлтек әңгімелерді жариялап отырады. Дос-жарандар ортасында айтып қалған орайлы сөздеріміз Нұрмаханның қырағы назарынан тыс қалмайды. Ол халықтың рухани қазынасын осылай гүлдерден бал жинаған арадай нәрмен молықтырып жүргені. Ғалымдар оның бұл еңбегін фольклор іздеуші деп бағалған.

Оншақты сатиралық кітабы жарық көрген, жетпістің төріне шыққан Нұрмахан Елтай бұл күнде шығармашылық ортаға, көзі қарақты оқырманға жақсы таныс жазушы. Асқар Тоқмағанбетовтен бата алған, Оспанханның шәкірті, Көпенніңіз басары Нұрмаханның өзі қазір сықақшы қаламгерлердің алғы сапында. Оның қазақ сатириктері шоғырында өткір де өзекті, ойлышығармашылық еңбегімен алған өз орны бар. Қаламгер жеңіл күлдіру үшін жазбайды, оның әр сықақ әңгімесінің, өлеңінің астарында терең ой, тәрбилік мән жатады. Шығармаларын оқып отырып еріксіз езу тартасың, жымиясың, қынжыласың. Тұрмыс-тіршіліктегі, қоғам өміріндегі келеңсіздіктерді, адам мінезіндегі міндерді сыпайы мысқылмен әжуалауүшін өзің мұндай құлық пен қылықтан рухани жоғары тұруың шарт. Онсыз жұрттың күлкісіне өзің қаласың.

Журналист-жазушыНұрекең ел ортасында. Оның кейіпкерлері де сол ел арасында. «Гөзал келе жатыр» деген әзіл әңгімем алғаш «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланып, ауыл адамдары әлгі Гөзал қуды «іздеумен» біраз әуре болғаны бар деп жымия еске алады Нұрмахан.

Оның «Үшінші тайм» деген жинағында «Әкім» деген мынадай бір сықақ бар.

– Сен Абайды білесің бе?– деп сұрады.

Есепшінің қағазы

әрқашан дайын тұрады.

Олай-бұлай қопарыстырып,

– Иә, білемін,

Оған біз қарызбыз,– деді.

– Өткенде бес тонна май алып,

жартысын машинаңызға жаққан жоқсыз ба?

Запчасқа деп жартысын сатқан жоқсыз ба?..

– Ой, сен де!

Айтып тұрғаның заправщик Абай ма?

Есебін тауып қарызынан құтыл қалайда.

Есепші ұлы ақын Абайдан хабарсыз.

Сонан соң әкім завклубқа шүйлікті:

– Абайдың қандай өлеңін айта аласың?

Келмейді саған жаңағы сөзді қайталағым.

– Е, басеке!

Ол кісі бай болған,

Бәйгеге шабатын аты сай болған.

Атты суреттеген өлеңдері

ертегі ғой жоқтарға.

Жіберіңізші,
барайын деп едім көкпарға.

Осы мезет

Кіріп келіп ардагер шал:

– Өлеңді қайтесің? – деп қалды.

– Ұн таусылды, көмір жоқ,

Қақаған қысың да кеп қалды.

Көзі жайнап әкім

Орнынан тұрды ұшып.

– Маладес, шалым, маладес! – деп

Қарияны алды құшып.

Сөзін айттың төренің,

Мынауыңыз еске салады

ұлы ақынның «Қыс» деген өлеңін.

Қол шапалақтап прораб

сөз сөйледі тұра қап:

– Мәке,

Абай атам

өлеңді қалай қиыстырып құрайды.

Әсіресе маған «Кірпіш» деген өлеңі ұнайды, –

деп хабары барын білдірді.

Бұл сөз әкімді де күлдірді.

– Е, бала,

болмаса да білімің оншама,

керек еді сол кірпішің

үйдегі салып жатқан моншаға…

Нұрмаханның бұл сықағы өмірде болған мына бір оқиғаны есіме түсірді. 1995 жылы ұлы хакім Абайдың 150 жылдығы тойланатын болып, жер-жерде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқан. Әйгілі Қал-Аға – әзіл-қалжыңның ұстасы Қалтай Мұхамеджанов елдік «Түркістан» газетінің бас редакторы еді, Абай тойына қатысты бір шаруамен Алматы қаласында әкімдердің бірі, танымал адамға барады. Әкім қабылдайды. Қалекең келген шаруасын айта бастайды. Сонда әлгі әкім «е, әлгі тақпақ шығаратын адам ба?» деп, Абайдан хабары барын білдіреді… Кейін осы оспадарсыз оқиғаны Қалекең «сабазың Абайды жақсы біледі екен» деп күлкі етіпайтып жүрді.

Енді Нұрмаханның «Ойпырым-ай, ә!» деген тағы бір шығармасын оқып көрейік.

Екі туыс

Бір бөтелкені алып ортаға

егемендігімізді жуып отыр.

Әңгімені былайшы қуып отыр.

– Әмериканың фермерлері

Шеттерінен бай болады екен;

ірілі-уақты техникасы сай болады екен.

Жанармайы да көп секілді,

өндірмейтін нәрсесі де жоқ секілді.

Өздері болады екен ұқыпты,

Дүние жүзінде осылай

бірінші орынға шығыпты.

– Ойпырым-ай, ә!

– Жапондықтар

Радиотехникадан мықты,

теледидарлары да жеп-жеңіл,

Қабырғаға іліп көреді екен тіпті.

Ойпырым-ай, ә!…

– Түріктер де епсекті.

Жиып алып жүн-жұрқа, тері-терсекті.

кереметтерді істейді.

Кілемдерінің бағасы

«Мировой рыноктардан түспейді…

– Ойпырым-ай, ә!

Әрі қарай әлгі екі жаненді немістерге, ита­лиялықтарға, бразилиялықтарға таңдай қағады. «Үндінің киносы-ай», «Грузиннің ви­но­сы-ай!»… Осылайталай рет «Ойпырым-ай, ә!» қайталанады. Одан әрі «Ойпырым-айды» автор жалғастырады:

– Ал біздің қандастар ше.

– Е, жартысы өзге тілде сөйлейді.

Таңданумен шетелге

Тауыса алмай жүр ғой гөй-гөйді…

– Ойпырым-ай, ә!

Бұған күлесіз бе, қынжыласыз ба? Нұрмахан болса «Күлкім келмейді», «Шық жекпе-жекке» деп әлдебір тоғышарларды нысана еткен келесі ащы әжуа сықақ әңгімелерін жазуға көшеді.

Нұрмаханның осы «Үшінші тайм» кітабы туралы баспасөзде пікір білдіргенбелгілі әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаұлы сол мақаласына «Қақпа алдында – Нұрмахан Елтай» деген тақырып қойған екен. Әсілі келеңсіздікті келемеждеп, тіліп айтар Нұрмахан қақпашы емес, шабуылшы. Осы мақаласында сыншы Б. Сарбалаұлы орынды атап көрсеткеніндей, Нұрмахан Елтай – мол байлық-базары бар қаламгер, мүмкіндігі нар қаламгер. Бұны Нұрмахан Елтайдың төл шығармалары дәлелдейді, оқыңыздар: «Қатырамыз», «Сыпыра сыйлық», «Үшінші тайм», «Жайма базар», «Сүйінші дайындаңыздар», «Ауылдың айтқыштары», «Беласар», «Беті бүлк етті», «Қияға қонған қыран», «Көкиненің көзі», «Япырмай, бұл қандай қызық?!» кітаптары және «Сырдария кітапханасы» сериясына, басқа да жинақтарға енген шығармалары.

Күлдіре отырып, адамға ой сала білу – астарлы үлкен өнер. Әдемі әзілмен қоғамдағы келеңсіздіктерді сынға алу оңай емес. Осы ретте кейінгі кезде теледидар көрермендері әзіл арзандап барады, күлдіру үшін жасалатын күлдібадам дүние қаптап кетті деген сын-пікірлерді орынды айтып қалуда. Сатирик жазушы Нұрмахан Елтай: Әттең, жеңіл-желпі қылжақ көбейіңкіреп кетті. Сахнадағы ойнақы анекдоттарды сатираға, азусыз қылжақбастарды сатириктерге қоспаймын, – дейді.

Нұрмаханмен таныс-біліс болғаныма біраз жыл. Әріптестік шығармашылық байланысымыз да бар. Шиелі ауданының 90 жылдығына арналған «Шежірелі Шиелі» кітабын дайындауға Нұрекең де белсене атсалысқан. Шиеліге елге барғанда дос-жарандар жолығысамыз, шүйіркелесе әңгімелесеміз. Отағасының бабын баққан, жаны жәннатта болғыр, таяуда дүниеден өткен аяулы жары Орынкүлдің маңызды шайының үстінде әңгімеміздің аясы кең, аман-саулық, ауыл ел мен астананың тыныс-тіршілігін сұрастырудан басталатын сөзіміз өрбіп, біз қозғамайтын тақырып қалмайды-ау. Нұрмахан әңгімеге даңғыл, ортамыз езу жиғызбас күлкі. Осылай емін-еркін сырласа алатын, ақжарқын сыйласа білетін замандас доспен қауышу қашанда ғанибет. Келесі кездесуді іздеп тұрасың.

Нұрмахан жоқ іздеуші, барды түгендеуші. Ол Сыр бойының ежелгі қалалары Бестам, Жүніс, Күйеутам, Сығанақ туралы тарихтан сыр шертті. Жазушы Қалмақан Әбдіқадыров өмірінің соңғы жылдары Шиеліде тұрған үйді тауып, оған ескерткіш тақта орнатылуына себепші болды. Заңғар ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан Есенов сәбибінде тербетілген бесікті тапты.

Екеуміз 2012 жылдың жазында Сыр өңіріне әйгілі шайыр, кеңес заманында халық жадынан ұмыттыруға тырысқан Бұдабай Қабылұлының зиратын іздедік. Бұдабай зираты Сырдарияның сол жақ бетінде «Қарғалы» ауылынан «Таштоп» деген жерге қарай жүргенде он шақырымдай қашықта «Әулие тораңғыл» деген жерде екен. Бізді Бұдабай зиратының қай жерде екенін білетін «Қарғалы» ауылының тұрғындары бүгінде марқұм Нұрбапа (Нұрпан) Оралбайұлы аға мен оның күйеу баласы Үсен Дүйсенбаев алып барып көрсетті. Бұрын күнде көлік ағылып, жал құмдар мен сай-саланы көктей өтіп жатқан даңғыл жол «Қарғалы» кеңшары тараған соң ескі сүрлеуге айналған, асты жатаған анау-мынау мәшине өте алмайтындай. Зират жолдың жиегінде, зәулім өскен тораңғыл ағаштың түбінде екен. Биік жабайы ағаш киелі ақын басына қою көлеңке болып зират жанында өсіп тұрғандықтан «Әулие тораңғыл» атанғандай. Сол жерге туыстары жазып қойған көктас болмаса, Бұдабайдың жерленгеніне жүз жылдан асқан, қазір теп-тегіс бұл маңда зират бар деп ойлай қоймайсың. Айнала қалың өскен жиде, жыңғыл, шеңгел, қамыс тоғай, жал-жал бұйрат құмдар. Сырдария қашық емес. Зират басына келісті кесене орнатылса не сүйегін Сыр еліне жақсы мәлім Оқшы ата қорымына әкеліп қайта жерлесе дегенойымызды Нұрмахан да, мен де өз мақалаларымызда жаздық, ауданда өткен Бұдабайға арналған үлкен жиында айттық. Асан ата (Асан қайғы деген де жорамал бар), Есабыз ата, Қайып ата, Қыш ата әулиелер, Досбол би, Бала би жерленген Оқшы ата қабірстанына Бұдабай шайырдың да жайласуы жөн-ау деп пайымдадық. Ағайын туыстарының ұйғарымымен келесі 2013 жылы ақынның басына іздеген жан адаспайтындай үлкен белгі қойылды.

Енді бір жолы Нұрмахан екеуміз тағы да Сыр өңірінде бұрынғы көне көздерге жақсы мәлім болғанымен, кейінгі ұрпаққа беймәлім Палымша Күзембаев ақынның мұрасын іздестіруге кірістік. Қуғын көрген Палымшаның өлеңдерін жатқа білетіндер кеңес заманында оны көпшілік ортада айта бермейтін. Палымша ақын жаламен ұсталады, содан Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы, ірі байлар шаруашылығын тәркілеу комиссиясын басқарған Елтай Ерназаровқа түрмеден өлеңмен хат жолдап, босап шыққан. Сауаты шала болса да, көкірек көзі ашықтығымен ел басқару ісіне тартылған, ел ішінде шайырлардың жөні бөлек екенін білетін Оңтүстік Қазақстанның тумасы Елтай Ерназаров пана болған адамның бірі осы Палымша ақын екен.Бірақ ол қайтып келгенде Шиеліде көп жүрмей, бой тасалап Шуға кеткен, сонда қызының қолында қайтыс болған, зираты сол жақта. Нұрмахан екеуміз Шиеліде «Жаңатұрмыс» ауылында Палымшаға туыстығы бар деген кісіні іздеп бардық. Нұрмахан ол кісі танитын болып шықты. Өкінішке қарай іздеп барған адамымыз науқас екен де, бізге жарытып ештеңе айта алмады. Палымшаның өлеңдері түгілі, оның қызының атын да, Шуға жақын ауылдағы мекенжайын да есіне түсіре алмады…

Нұрмахан сондай-ақ әйгілі Сырдың «Қараторғайы» әнін шығарған Шолпан Жанболатқызы апамызды да іздеуші зияткерлердің бірі. Ол кісі туралы дерек білетін жан бар ма деп баспасөзде, әлеуметтік желіде жар салды. Қазақта әйгілі екі «Қараторғай» әні бар. Біріншісі – Арқаның «Қараторғайы», оны шығарған – Ақан сері. Екіншісі – Сырдың «Қараторғайы», оның иесі Сыр елінің қыз серісі Шолпан Жанболатқызы. Бірнеше нұсқасы тараған осы әнніңбірде Үкілі Ыбырайға телініп, кейде халық әні аталып жүрген де жай бар.

Бұл туындыны қазақ әндерін жинаушы Александр Затаевич 1920 жылы Ташкент қазақтарынан жазып алған екен. Шолпан жайында біршама жазба мәлімет қалдырған да осы А. Затаевич. Оның «1000 песен казахского народа» деген кітабы 1925 жылы Мәскеудежарық көрген. Қазақ әндерін жинауды А.Затаевич осы Шолпанның «Қараторғайынан» бастапты. Бұләнге жазған түсініктемесінде ол былай дейді:

«Как мне передавали, в Ташкенте в настоящее время проживает казахская певица и слогательница песен, прозванная как за свою голосистость, так и за малый рост и смуглость «Караторгаем». Она буд­то-бы провела бурную молодость, была необыкновенно красива и слогала вели­ко­леп­­ные мелодии, которые распрост­ра­нив­щись в народе, сохранили ее прозвище. Возможно, по этому предположить, что вообще первоисточник приводимых мною красивых мелодии данного названия сле­дует искать в песеннем творчестве этой выдающейся казахской певицы, которая несмотря на свои поблекщие уже данные, как меня уверяли приехавшие из Ташкента казахи, еще недавно выступала там на кон­цертах» (А.Затаевич. «1000 песен казахского народа», 2-басылым, 1970 ж., 470-бет).

Шолпан «Қараторғай» әнінде өзі туралы мынадай дерек беріп кеткен.

Қызымын Жанболаттың,

Шолпан атым,

Найманмын, Қарабала –

арғы затым.

Жел сөздің бес-алты

ауыз арқасында,

Халқымның арқаладым

мархабатын.

Атандым он алтымда

Қараторғай,

Бұл атты шешем қойған,

басқа қоймай.

Торғайдай еркін ұшсын,

ескерусіз,

Дегені болса керек,

көзден қорғай.

Салайын мен әніме

Қараторғай,

Қараторғай,

Қалалали лила,

лилалали лилай-ай!

Небәрі 43 жыл ғана өмір сүр­­­­ген әнші-сазгер Шолпан Жанболатқызы 1880 жылы Шиелінің Телікөл төңі­регінде дүниеге келіпті. Телікөл – Шиелі мен Ұлытауға ортақ өңір. Та­лант­ты әнші Ресей патшалары Романовтардың таққа оты­руының 300 жылдығын тойлауға орай 1911 жылы Таш­кентте губернатор ұйымдастырған Түркістан ­өл­­кесі өнерпаздарының сайысын­да бас жүлде алады. Осындаоның орындауында «Қа­ра­торғай», «Ой көк», «Ахау Семей» әндері граммофон күй­табағына жазылған. Қазақ әнші­лері арасынан әні алғаш күйтабаққа жазылған тұңғыш өнерпаз сірә осы Шолпан болар. Бұл әндердің барлығы да Таш­­кент төңірегіне кеңінен та­ра­­ғандықтаншығар, өзбектің «Ялла» ансамблі өз репертуарына қазақ әнін қосқысы келгенде таңдаулары Сыр­­­дың «Қараторғайына» түсіпті. Қазір бұл әнді «Ялла» ансамблі тамылжыта айтып жүр.

Шолпан Жан­бо­лат­қызының тағдыры кісі қызығар­лықтай болмапты. Келін болып түскен жері ән салуды жын-шайтанның шатпағына балайтын дүмшелеу екен, күйеуі оны ақыры талақ етеді. Артында қалған ер баласы ерте қаза табады. Кейіннен өнерін бағалайтын басқа жанның етегінен ұстағанмен әншіні талантын көре алмағандар оның өмірінеқастандық жасаған көрінеді.

Әншілік даңқы талайға жайылған Шолпан жайлы жазушы Айтбай Хангелдин 1970 жылдары «Қараторғай» повесін жазған, ол бала күнінде Шолпанды көрген екен. Нұрмахан да осы там-тұм мәліметті одан әрі нақтылау, кеңейту, халқымыздың ұмыт қалған өнерпазын Бұдабай, Палымша сияқты ортамызға оралтуға еңбектеніп, ізденіп келеді. Шолпан әнші-сазгер туралы мәліметтер ол өмірінің соңғы жылдарын өткізген Оңтүстік Қазақстан мен Ташкент төңірегінен әлі дешығып қалуы мүмкін-ау. Өкінішке қарай, әзірге тың дерек жоқ.

«Қараторғай» атанған апамыз Шолпан Жанболатқызы­­­ның есі­мін және өнерін ұлықтау Сыр өңірінен, оның туған жері Шиеліден бастау алуы керек. Әншінің мұраларын өз аты­на қайтару үшін оның атында әншілік өнер байқауларын өткізген жөн. Көмейіне бұлбұл ұя салған әншіге Шиеліденескерткіш белгіорна­тылса, – дейді Нұрмахан Елтай.

Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, сатирик, облыс әкімінің 2023 жылғы мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығының алғашқы иегерлерінің бірі Нұрмахан Елтай «Шиелі ауданының құрметті азаматы». Ел ортасында жүріп жақсысын асырып, жамандығын жасырмай, жанашырлықпен сын тезіне алатын, қашанда алғы сапта – еңбекқор, өмірі – күле білу, өнері – күлдіре білуқарымды қаламгер Нұрмахан Назымханұлы Елтай жетпіс жылдық мерейжасында «Қызылорда облысының құрметті азаматы», тіпті «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» сияқты мәртебелі марапатпен қошеметтелсе нұр үстіне нұр. Еңбегі лайық!

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

Шиелі ауданының құрметті азаматы,

Қызылорда облысының құрметті ардагері,

Қазақ журналистикасының қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<