Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадам

6307

0

Фото: ашық дереккөз

Мамандық  бір қарағанда жәй нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ ол бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы. Жүрек қалауыңмен таңдалған мамандық бойынша жұмыс істеу – өмір сүрудің материалдық қана емес, моральдық та көзі. Ол белгілі бір дайындық пен жауапкершілікті талап етсе де, өзің қалаған мамандық болған соң, оған аса үлкен шығармашылықпен бар ғұмырыңды арнайсың.  Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек. 

Мамандық таңдау – тек оқу мен диплом алу ғана емес, бұл – өз өмір жолыңды дұрыс таңдау. Сондықтан болашаққа қадам басар кезде талапкердің де, ата-ананың да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал. Десек те, ол кейде біздің айтқанымыздай бола бермейді. Кейде ЖОО бітірген жастарымыздың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға қызығушылық танытпауының өзі сондықтан. Шынайы көзқараспен қарайтын болсақ, дұрыс таңдалған мамандық иесі қашанда өз ісінің шебері, әрі білгірі болып, қашанда сұранысқа ие болып жатады. Ол өз таңдаған бағытын жақсы көріп, сол саланың мақтанышына айнала алады.

Кез келген мамандықтың өзіндік ерекшеліктері мен талаптары болады. Таңдау жасау барысында мамандыққа сұраныс пен оның беделі, мансап перспективалары, еңбек жағдайлары, орташа жалақы сияқты аспектілерді ескеру қажет. Өзін-өзі көрсетуге, әлеуетін ашуға жағдайдың жасалуы да маңызды. Әрине, мамандық таңдауда адам өзінің интеллектуалдық қабілетін, белгілі бір жоғары оқу орнына, бағдарламасына түсу мүмкіндігін де ескеруі керек.

Жалпы біздің жастарымыз жоғары сынып оқушылары болған уақытта  көбіне болашақ мамандығын таңдауға тиісті көңіл бөле бермейтіні анық. Кей жастарымыздың студент атанған шақта осы мамандыққа амал жоқ, біреудің айтуымен түсіп едім деп қынжылып отыратындары да жасырын емес. Сол себепті мен олардың бұл туралы неғұрлым ертерек ойлана бастаса дұрыс болар еді деген ой түйемін. 

Мамандық таңдау уақыт пен түсінікті қажет етеді. Біз өзіміздің әлсіз және күшті қасиеттерімізді, мінезіміздің ерекшеліктері туралы мақсатты түрде ойлануымыз керек.

Біздің әрқайсымызда қоғам мен өзіміз жақсы көретін және құрметтейтін жақын адамдарымыз таңатын мінез-құлық пен қабылдаудың әртүрлі стереотиптері бар. Бұл өзі жек көретін немесе немқұрайлы қарайтын мамандықта оқып, диплом алып, ең жақсысы өз профилінен тыс жұмыс істейтін кейбір жастарды үлкен трагедияға алып келеді. Ең сорақысы, жек көретін кәсіптің бауын тартып, өздерінің де, айналасындағылардың да өмірін улап жатыр.

Мамандықты дұрыс таңдау – бұл ұзақ кәсіби өмірде сенімділік, жан тыныштығы және материалдық әл-ауқат. Тек өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға қажетті мамандықты таңдап алу керек. Сонда адам кейін өз мамандығы бойынша жұмыс таба алады. Мысалы, ең көне мамандықтардың бірі – ұстаздық. Ол қай уақытта да сұранысқа ие болған және бола бермек. Өйткені, білім адамзатты әрқашан алға жетелейді.

Әлбетте, белгілі бір мамандықтың әлеуметтік мәні мен одан моральдық қанағаталуы өте маңызды. Көптеген адамдар жұмыс істеп қана қоймай, қоғамға пайда әкелгісі келеді. Бұл алдымен педагогикаға, мұғалімдік мамандыққа қатысты.

Әрбір адамның кез келген саладағы табысқа әсер ететін белгілі бір жеке қасиеті болады. Бұл тамаша есте сақтау, күрделі ойлау, бай қиял және табиғаты бойынша генетикалық және көбінесе тәрбиеге, білімге және өмірлік тәжірибеге байланысты басқа да ақыл-ой қабілеттері болуы мүмкін.

Мамандықты дұрыс таңдап, қоғамда лайықты орнын табу оңай шаруа емес. Таңдау жасамас бұрын, «Болашақ мамандығыңыздан не күтесіз?» деген сұраққа шынайы жауап беріңіз. Көп нәрсе осыған тікелей байланысты.

Барлық мамандық маңызды. Кейбіреулері математикалық қабілеттерді қажет етеді, басқалары шығармашылықты қажет етеді, енді біреулері дене шынықтыруды қажет етеді. Жақсы немесе жаман мамандық болмайды, тек Сізге ұнайтын немесе ұнамайтын мамандық бар. Өмірде бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан, дұрыс мамандық өмірдің барлық саласына әсер етеді. Таңдау неғұрлым сәтті болса, өмір жолы соғұрлым қызықты және табысты болады.

Болашақ білімде. Толық цифрландыру және басқа да жаһандық процестер еңбек нарығына және елімізге өзіндік түзетулер енгізуде. Қазақстанда алдағы жеті жылда ең сұранысқа ие мамандықтар белгілі болды. Бос жұмыс орындарының басым бөлігі білім беру, ауыл шаруашылығы және сауда салаларында күтілуде. Оның үстіне бұл салаларда барлық пәндер бойынша базалық білім беретін мұғалім мамандығы маңызды рөл атқарады.

Кез келген кәсіптің материалдық жағы да маңызды, оны елемеу өзімізді алдау деген сөз. Осыны түсінген үкімет соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысын, білім гранттарының санын, педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша студенттердің шәкіртақысын айтарлықтай арттырды. Бұл үдеріс жалғасуда және оның нәтижесін көріп отырмыз. Бүгінде педагогикалық жоғары оқу орындары жастар арасында қайтадан беделге және сұранысқа ие болды.

Қорытындылай келе, жастарымызға болашақ мамандығын таңдауға жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Бұл әрбір адамның өміріндегі маңызды сәт, оны жіберіп алмау керек және таңдауға байыптылықпен қарау керек. Ал, жоғары оқу орнындағы табысты білім еңбек нарығында білімі мен біліктілігі бағаланатын білікті маман болуға мүмкіндік береді.

Жолдас АЙҒАНЫС,

И.Әбдікәрімов атындағы

Қызылорда аграрлық техникалық

         жоғары колледжінің «Энергетика

        және құрылыс мамандықтары»

бөлімшесініңПГС-22 оқу тобының студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<