Мазари-Шарифтен маздаған шырақтың сәулесі

337

0

Осыдан бір жыл бұрын ортамыздан өткен белгілі педагог, дінтанушы, шығыс тілдерінің маманы Шәрібай Махамбетұлы Тобжановтың есімі көзіқарақты кісілерге етене таныс. Атақты фотожурналист Болат Омарәлиевтің тәуелсіздіктің алғашқы жылдары түсірілген бір суретінде Түркиядан атақонысқа келіп жатқан қандастарымыздың алғашқы легі бейнеленген. Бұл суретті кезінде біраз қазақ басылымдары жариялады.

…Суретте ұшақтан жаңа түскен сақалы аппақ қудай екі қария қара жерді сүйіп жатыр. Фотода риясыз күліп тұрған қияқ мұртты жігіт те бар. Ол атамекенін аңсап жеткен ғазиз жандарға жолбасшы болып жүрген Шәрібай Тобжанов болатын.

Өткен жылы автор осы суретін «Фейсбук» әлеуметтік желі парақшасында қайта жариялады. Бұл кезде Шәрібай бауырымыз өмірден өтіп кеткен…

Сол суретке қатысты қарымды қаламгер Бауыржан Омарұлы әлеуметтік желіге мынадай мәтін жүктеді: «Шуағы мол Шәрібай… Атақты фототілші Болат Омарәлиевтің бір кадрға сыйғызған тарихи шығармасының басты кейіпкері еді… Құшағын айқара ашып, Ұлы көштің алдынан шығып еді… Өзі де әлемді аралаған сол көш-керуеннің толқынында тербелген тағдырлы перзент еді….».

Жүректің қылын дөп басып, жан тебіренткен осы сөзде Шәрібайдың шынайы болмысы бар.

Біз енді Шәрібай туралы әңгімені сәл әріден бастамақпыз.

Тобжан Қармақшы атырабындағы аз ғана оқыған азаматтардың бірі екен. Болыстың писарі болып қызмет жасаған. Осының өзі-ақ қызыл өкіметтің қудалауына жеткілікті жағдай еді. Сөйтіп, 1928 жылы абақтыға жабылады. Інісі Ерман жазықсыз жалалы болған ағасын ебін тауып, түрмеден босатып алыпты. Осыдан кейін Кетенің Қарабазарына қарасты біраз түтін Қызылдың құмын қиялап, өзбек жері арқылы Ауған еліне қарай ауа көшкен. Тобжан әкей бұл ұзақ жолда небір азапты күндердің күтіп тұрғанын жақсы түсінеді. Сосын бәйбішесін төркін жұрты Қазалыға қайтарады, екі қызы мен бір ұлын балалар үйіне бер деп тапсырады. Өйткені, балалар үйі өкіметтікі, сондықтан қауіп болмас деп сенеді әрі оның директоры Тобжанның бірге оқыған досы еді. Ол кісі досының ұлы Тұраштың тегін Ержанов деп өзгертіп жаздырыпты.

Төбесін күн, табанын құм күйдіріп ай жүрген сол ауыл көші талай мехнатты тартып, Ауғанстаннның Шах Насыр атты мекеніне тоқтайды. Жергілікті жұрт қызылдардың қиянатынан қашқан жандарға қолдан келген көмегін беріпті.

Шәрібайдың әкесі Маханбет 1936 жылы өмірге келген.

Бұл кезде Тобжанның отбасы өзіне қарасты аз ағайынмен Балх провинциясының астанасы саналатын Мазари-Шариф қаласына қоныс аударыпты. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дегендей, мұнда да олар әйтеуір қыбырлап күн көреді.

Тобжан ата жасына, Маханбет жігіт жасына жетеді. Бір жақсысы, бұл елде сол кезде-ақ жеке кәсібін жасап, пайда тапқандарға тыйым салмайтын. «Мұтаждық – білім анасы» демекші, Тобжан ата ағайындарымен бірлесіп етік жамап, шапан тігіп, осы қаладағы базарға өз өнімдерін өткізіп тұрған. Ауғандықтар қазақтардың қолынан шыққан бұйымдарды жоғары бағалапты. Осылайша, олардың тірнектеген тірлігі де түзеле бастайды.

Шәрібайдың өзі дәл осы Мазари-Шариф қаласында 1959 жылы жарық дүние есігін ашқан. Осында мектепке барып, парсыша сауаттанған.

Бұл кезде елде қалған Тұраш та өсіп, білім алып, мектепте жұмыс істеп жүреді. Біреудің әкесінің атымен өскен жігіт есейе келе өз тегін іздеп, сөзі жеткен жерден сұрау сала бастайды. Ауған жеріндегі туғандарына бірнеше рет латын қарпімен хат жазады. Сол хатының бірі Мазари-Шарифтегі ағайынның қолына тиіп, Тұраштың тірлігінен хабардар болады. Ақыры бауырлар бір-бірінің дерегін біліп, қауышады. Тұраш сол кезде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Николай Подгорныйға дейін барып, шетелдегі туыстарды Қазақстанға уақытша тұрғызуға рұқсат алады. Сол әрекетінің  арқасында 1972 жылы Тобжанның ұлы Махамбет отбасымен Қармақшыға қоныс аударады. Ауғанстанда 5 жыл мектеп білімін алған Шәрібай мұнда қайтадан 1-сынып партасына отырады.

Туған жерінен амалсыз ажырағандардың алды араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, атамекеніне осылай оралған болатын.

Шәрібай мектептен соң С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің араб бөлімінде оқиды. 

Қазақ ғылымының марқасқалары – З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев, А.Қыраубаева, Х.Сүйіншәлиев, С.Ордалиев сынды мықты профессорлардан дәріс алады.

Университетті аяқтаған соң Алматы қаласындағы шетелдегі отандастармен  мәдени  байланыс  жасайтын «Отан» қоғамына  қызметке орналасады. Осы қоғамда жұмыс істей жүріп, ол Шығыс елдерінде тұратын отандастармен тығыз байланыс жасайды.

1988 жылдан бастап Ауғанстан, Иран, Түркия, Германия, Франция, Моңғолия, Қытай мемлекеттеріндегі отандастарымыз туған жерге орала бастайды. Солардың ішінде Құран Кәрімді қазақ тіліне мағыналаған Халифа Алтай, Мәнсұр Тайжи, германиялық Мевей Баһадур, Ляхат Шаһар, т.б. бауырларымыз болды. Сол кезде Шәрібайдың атақты Халифа Алтаймен бірге жүріп, қасиетті Құранды тәржімалауға да өз септігін, көп көмегін тигізгенін біріміз білсек, біріміз білмейтін едік. 

Шәрібай Махамбетұлы 1990  жылы сол кездегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының ректоры Бақберген Досмамбетовтің шақыруымен оқу орнындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына араб тілі пәнінің оқытушысы болып орналасады. Институтта 1993 жылы Шығыс тілдері кафедрасы ашылып, кафедра меңгерушісі болып бекиді. Осы жерде ол он сегіз жыл оқытушы болып қызмет етеді. Бұл аралықта институт университетке айналады.

2011 жылы студенттердің жеткіліксіздігіне байланысты араб тілі мамандығы жабылып, Шәрібай үш жыл университеттің ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болады. Мұнан соң облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының шақыруымен қызмет ауыстырады.

Мен өзім Шәрібаймен осы кездері жақын араластым. Сыпайы қалпынан танбайтын биязы мінезді жігіт еді. Киіктің асығындай ғана тұрқынан ерекше зиялылық есіп тұратын. Жасы кішілер онымен амандасуға асығып, алдынан шығатын. Сұрақ қоймасаң, шешіліп сөйлей бермейтін Шәрібай көңілді жүрген күндері бірімізді «шалдың баласы», бірімізді «түйелі байдың баласы» деп көтермелеп, жанына жыйып алатын. Жайлап бастаған әңгімесі түркі дүниесіне қарай түріліп жүре беретін. Өте сауатты болатын. Шәрібай әдіпті әңгімелерді күнде айтпайды. Біз үшін ол апталық мектеп сияқты, тағы бір кезегін күтіп тамсанып қалатынбыз.   

Біздің бұл шадыман күндеріміз көп жылға ұласпады. Ардақты аға, асыл дос, жан-жағына жарық шашқан шамдай жанған кеудесіне көп көмбесін жасырып беймезгіл өмірден озды.

 Елшіл жүректі, ерен бейнелі азаматтың артында кейінгілерге өнеге боларлық еткен еңбегі, адами болмысы, жан жары, бала-шағасы қалды.

Зайыбы Күлдірсін Сейітжанқызы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқытушы, ұлы Нұржан  да, қызы Жаннұр да – білікті заңгер, олардан ұрпақ тарап, өсіп-өніп жатыр.

Шіркін, әке арманы көп қой. Соның ең негізгісі бала бақыты десек, Шәрібай бала-шаға, бау-шарбағының мәуелі жемісін татты. Бірақ, Алла олардың қара ормандай көбейіп, елге ел болып қосылғанын көруді нәсіп қылмады. Енді осы қызық асыл жарына бұйырсын.

Біздің бір айтарымыз, Шәрібай секілді ұлтының қамын жеген дара азаматтың аты ұрпақ жадынан өшпеуі тиіс. Ол үшін өзі жиырма жылға жуық қызмет еткен білім қарашаңырағында Шәрібай Тобжанов атындағы стипендия тағайындалып, оның еңбектерін насихаттайтын арнайы дәрісхана ашылса, нұр үстіне нұр.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<