Медиация мақсаты – бітімгершілік

939

0

Фото: ашық дереккөз

Медиация – бұл бабалар мұрасы немесе татуластыру негізі. Қазіргі таңда сот істеріндегі медиацияның маңыздылығы өте зор, себебі дауды бейбіт реттеуге ықпал ету сот ісін жүргізудегі тәсілдердің бірі дер едім. Азаматтар арасындағы даулы және шиеленісті жағдайларды медиация арқылы шешу мәдениетін қалыптастыру арқылы қоғамдағы қарым-қатынастардың тұрақтылығы сақталып, қоғамдағы даукестік деңгейі төмендеп, құқықтық сана артады.

Қазақстан Республикасындағы «Медиация туралы» Заң 2011 жылы

5 тамызда қабылданды. Бұл Заңды қабылдау азаматтарға мәселені шешу жолын таңдау еркіндігін, адам құқықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндігін қолдану, азаматтық қатынастың заманауи формасын қалыптастыру, мәселелерді конструктивті диалог арқылы шешу сияқты зайырлы қоғамға тән мүмкіндіктер берді. Қаржы үнемдеуді былай қойғанда, медиатордың көмегімен мәселені бірнеше сағатта шешуге болады. Бұл – уақытты үнемдеудің де тәсілі. Себебі мәселені сотқа жеткізбей шеше алу – адам құндылықтары мен көзқарасын жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі, азаматтық қоғам қалыптастырудың, дамуының белгісі.

Қазірдің өзінде жаңа жүйенің қолдану аясы жыл озған сайын кеңейіп келеді. Елімізде медиаторлар көмегі әлеуметтік салаларда, әсіресе, отбасы мәселелерінде,тіпті, қылмыстық құқықтың кейбір салаларында кеңінен қолданыла бастады.

Жалпы, медиаторларды «Бітімгер» деуге әбден болады. Ел сыйлайтын, беделді, сөзге шешен ақсақалдар араласып, араздасқан екі жақты мәмілеге келтіріп, ауызша келісім мен айыбы болса, төлетіп, бейбіт жағдайда мәселені шешеді. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, атақты Төле, Қазыбек, Айтеке билер бүгінгі күннің кәсіпқой медиаторлары іспеттес. Өзара дауласып, жанжалдасып қалған руларды, ауылдарды, әулеттерді бір-бірімен татуластырып, әділ шешімін шығаратын болған.

«Əділдікке жығылмайтын адам жоқ» деген мақалдың мағынасында билердің адамдардың өзара қарым-қатынастарында тəртіпті реттейтін дəстүр мен əдет-ғұрып заңдарын негізге ала отырып, әділ шешім шығарудың тарихи рөлі зор болды. Қазақ халқының дəстүрлі ережелері мен құқықтық күші бар əдет-ғұрып заңдары арасында белгілі бір белгі болған жоқ. Қоғамның саяси өмірінде ел бірлігін сақтау мақсатында билер жариялылығы, əділдігі жəне шешендік данышпандығы арқылы екі жақты татуластыру мен бітімгершілікке шақыруға көп мəн беріп отырған.

Дана халқымыз «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді», – деп ұрпағын ынтымаққа, бірлікке шақырса, «Кешірімді бол» деп, ортақ мәмілеге келуге, бірлікке, бітімгершілікке үндейді. Бұл да медиация принциптері дала демократиясында кеңінен қолданылғанын айғақтаса керек. Сондықтан, ел ішіндегі халықты татуластырып отыру, өзара туындаған түрлі кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешу сол билердің үлкен міндеті іспеттес.

Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі.

Қос тараптың бітімге келуі – уақыт үнемдеудің де балама тәсілі. Бітімге келу адам құндылықтары мен көзқарасының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетері анық. Дауды шешудің төте жолы бітімгерлік екенін әрбір азамат білгені жөн. Медиацияның мемлекетімізде болашағы зор, оның халқымыз үшін тигізер игі әсері мол болады.

                                    Әсел КАРБОЗОВА,

 Қызылорда қалалық

сотының судьясы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<