Қазақ тілі тек қазақ халқының ана тілі ғана емес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Сондықтан Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Осы тұрғыда сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне жіті көңіл бөлінуде.
Ата Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Қазіргі күні Қызылорда облысындағы соттарда сот төрелігін жүзеге асырушы судьялардың барлығы қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алатын тұлғалар, егер де халық сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса немесе өкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін қазақ тілінде қарауға облыс судьялары қауқарлы.
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 13-бабына сәйкес елімізде сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледі, ал қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады. Оның себебі АІЖК-нің 14-бабына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Бір іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Яғни талап-арызы қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде», – деп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін ұдайы айтып келеді.
Соңғы жылдары мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында «Тіл туралы» заңға да бірқатар өзгерістер енді. Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейтуде көрнекі ақпарат тілінің алатын орны ерекше. Соңғы өзгеріске сәйкес «Тіл туралы» Заңның 19-бабына әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атауларын мемлекеттік тілде жазу туралы айтылған. Бұған дейін бұл атаулар мемлекеттік тілде және басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлген болса, қазіргі Заң нормасы атаулардың тек мемлекеттік тілде жазылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Заңның 21-бабында көрнекі ақпараттар қазақ тілінде қатесіз жазылуы тиіс. Бұған дейін «Тіл туралы» Заң бойынша көрнекі ақпараттарды жазуда мемлекеттік және орыс тілдерін қатар қолданылып келген еді.
Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетіп, жарқыратуымыз керек. Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы және осыларға негізделген «Тіл туралы» Заң республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе берілген. Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Оған қоса мемлекеттік тіл – татулық пен бірліктің тірегі.
Бүгінде мемлекеттік органдармен сотқа жолданатын құжаттар мемлекеттік тілде рәсімделіп келеді. Осы арқылы сот өзінің қызметінің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, ел азаматтарының объективті ақпарат алудағы конституциялық құқықығын жүзеге асырып қана қоймай, сот билігінің беделін нығайтып, сот жұмысының сапасын жақсартады. Атап айтар болсақ, сот өндірісіндегі кіріс-шығыс хат-хабарлар мемлекеттік тілде жолданады. Соттың ресми сайты қазақ және орыс тілдерінде, ал, ішкі құжат айналымы қазақ тілінде жүргізіледі.
Жоғарғы сот төрағасының бастамасы аясында сот жүйесі одан әрі реформаланып, сот билігіне деген жауапкершілік те арта түсті, жаңа, тың реформалар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде қарастыруды көздейтін семинарлар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әділ сот жүйесінің жұмысы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріліп, соттың тәуелсіздігін кепілдендіретін құқықтық тетіктер енгізілді. Елімізде соттан ашық, соттан жария бірде-бір мекеме жоқ десем, қателеспеймін. Халықтың сотқа деген көзқарасы жақсарды. Заманмен бірге заңның өзгергенін халық біліп те, көріп те жүр.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, қолдану беделін арттыруға бағытталған жұмыстар бір сәтке де тоқтаған емес. Тірлігі мен тынысы бір, жері мен ынтымағы жарасып отырған елдің тілі де бір болса, ұлт бірлігінің басты факторы екенін қазақ тілі дәлелдеп шығады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ат салысу. Мемлекет тарапынан бұл бағытта заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда. Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік те бар.
Қорыта айтсақ, тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл-халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, бұл – ана тіліміз.
Қ.АБДУЛЛАЕВ,
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<