Министрдің Сыр еліне сапары: «Түгіскен» шаруашылығына тиесілі жер толықтай аудан меншігіне беріледі

590

0

Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс бабымен Сыр өңіріне келіп, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен бірге бірқатар аудандардағы шаруашылық нысандарды аралап, шаруалармен жүздесіп, ортақ мәселелерді талқылады. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен министр Аққорған ауылдық округіне барып, Түгіскен елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, шаруалардың мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мұнда ауыл азаматтарының «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығына тиесілі 2048 гектар жерді халықтың үлесіне бөліп беру жөніндегі талаптары ескеріліп, жер толықтай аудан меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды.

Министрдің Сыр еліне сапары: «Түгіскен» шаруашылығына тиесілі жер толықтай аудан меншігіне беріледі

Әкімдік тарапынан ауыл шаруашылығы министрлігіне қаншама рет ұсыныс жасап, тиімді жолын қарастыруды сұрадық. Осы мәселені бірнеше рет көтеріп, министрді арнайы шақыртып отырмыз. Қазір жер мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды. Барлығын заң аясында жасауымыз тиіс, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Дегенмен, министр шаруаларға шығын көлемін өтеу керектігін қаперге салды.«Түгіскен» тәжірибелік шаруашылық жерлері бойынша шешім қабылданды. Қазіргі таңда аудит шығын көлемін анықтап, тиісті сараптама жүргізеді. Заңға сәйкес тарату комиссиясы құрылады, оның құрамына барлық мүдделі органдар мен аудан тұрғындары кіреді. Қажетті рәсімдер жүргізілгеннен кейін тәжірибелік шаруашылық жойылып, оның жері жергілікті атқарушы органның балансына қайтарылады, деді Е.Қарашөкеев.

Министрдің Сыр еліне сапары: «Түгіскен» шаруашылығына тиесілі жер толықтай аудан меншігіне беріледі
Министрдің Сыр еліне сапары: «Түгіскен» шаруашылығына тиесілі жер толықтай аудан меншігіне беріледі

Айта кетейік, бұған дейін «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығының 15 мың гектар жерінің 13 мың гектары 4155 үлескерге бөлініп, теңгерімде 2048 гектар жер учаскесі қалған болатын. Облыстағы шаруашылықтарды сапалы күріш тұқымымен қамтамасыз ететін тәжірибе шаруашылығында қосымша 700 гектарға жоңышқа, 230 гектарға жуық аумаққа күздік бидай егіліп келген. Мұнан соң, ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімі Қыркеңсе ауылдық округіндегі «Бекарыс-С» шаруа қожалығына барып, егіс алқабында көктемгі егін егу жұмыстарының барысымен танысты. Кәсіпкер өткен жылы күріштен 57 центнерден өнім алса, биыл күріштің жаңа сортын егіп, 30 гектар жерге жоңышқа орналастыруға ниетті екенін жеткізді. Әрі қарай министр Шиелі ауданындағы «Мөлдір және К» серіктестігінің құс фермасына барды. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, өндіріс орнының екінші цехын іске қосқан. Тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа алатын құс фермасында алдағы уақытта құс етін өндіру ісін қолға алуды жоспарлап отыр.

Гүлбану МАҚАЖАН, «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<