Облыстағы тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 1 461,8 тонна өнімі бар. Азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында кәсіпкерлік субъектілері арқылы заем беріледі. Осы арқылы облыс тұрғындарын 478,7 тонна нанмен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 261,5 тонна ұн бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев хабарлады.
– Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсу индексі 112,5 процентті құрады. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ «айналым» схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем берілуде. Жалпы бірінші сортты нанның қымбаттауы астық нарығында сұраныстың ұлғаюынан болып отыр. Бүгінде облыста нан бағасы 80-85 теңгеден, бөлшек саудада 90 теңгеден сатылуда. Ал әлеуметтік дүкендерде 55 теңгеден аспайды. Сонымен қатар қант бағасын тұрақтандыру үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» арқылы наурыз айында қосымша 272 тонна қант сатып алуға келісім жасалды. Жыл аяғына дейін 3314,8 тонна қант көлемін жеткізу жоспарлануда. Әлеуметтік дүкендерде қант бағасы 263 теңгеден, яғни нарықтық бағадан 35 пайызға төмен берілуде. Қазір тұрақтандыру қорында барлығы 208 тонна қант бар. Жалпы азық-түлік өнімдерінде тапшылық жоқ, – деді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<