Өнерді өрге жүздірген

672

0

Сыр бойында мәдениет пен өнерді дамытуда  облыстық филармонияның үлесі зор екені белгілі.   Оның іргетасы 1972 жылы 16 қарашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен қаланған. Ол кезде  облыс аумағында өткізілетін концерттердің барлығын Шымкент қаласындағы эстрадалық-концерттік бюросы ұйымдастырып отырған. Филармония сол кездегі тәртіп бойынша «Қазақконцерт» бірлестігіне тікелей бағынып, облыстық мәдениет басқармасы жалпы басшылық жасады.

Жалпы филармония – музыкалық өнердің дамуы мен насихатталуына ықпал ететін,  концерттер ұйымдастырумен айналысатын музыкалық қоғамдық  мекеме.  Онда тұрақты штаттық орындаушылар-жеке орындаушылар, үлкен музыкалық топтар және камералық ансамбльдер бар.

Филармония XIX ғасырда Еуропа мен Америка  қалаларында  пайда болды және олар негізінен симфониялық музыканы насихаттады. XX ғасырда Еуропаның социалистік елдерінде филармониялар мемлекеттік ұйымдарға айналды.

Облыстық филармонияға алғашқы жылдарда композитор Тәңірберген Қалауов жетекшілік етті. Сол тұста «Сыр күмбезі» фольклорлық, «Ақтолқын» эстрадалық ансамбльдері жұмыс істеді. Фольклорлық ансамбльге белгілі жыршы-термеші Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова, ал эстрадалық ансамбльге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік еткен. Ұзақ жылдар бойы филармонияның бас администраторы болып Сәнжан Асылбекова қызмет атқарған. Одан кейінгі 1976-1980 жылдар филармония ұжымы үшін жемісті кезең болды. Дүйсенбі Дүйсенбаев басшылық жасаған жылдарда жезтаңдай әнші Ұлшан Ахметованың басқаруындағы «Сыр маржаны», Сайлау Бердіқожаевтың жетекшілігіндегі «Сыр самалы» ансамбльдерінің облыстың мәдени өмірінде ролі зор болды. Сол жылдарда Мұхит Әбдікәрімов, Тәжігүл Аманжолова, Күлән Қалымбетова, Сұлтан Нұрмаханов, Гүлжан Нұржанова, Шынберген Тілеулесов, Мәди Жасекенов, Инаят Жарылқанов  сынды талантты өнерпаздардың басын қосқан ансамбльдің орындаған әсем әндері халықтың жүрегіне жол тауып, көңілдерінен шығып, ұзақ уақыт бойы шырқалып жүрді. Кеңес Асанбаев, Қырымбай Мұхамедияров, Бауыржан Шөкенов сынды басшылардың тұсында да филармония өз қызметін заман талабына сай атқарды. Сыр елі мәдениеті мен өнерін дамыту, халыққа рухани дем беру, өнер иелерінің жаңа буынын тәрбиелеп, насихаттау, ескі әндер мен әуендерді шырқау арқылы аға буын өнер иелерінің шығармашылығын жаңғырту секілді міндеттерді қалтқысыз орындады.

Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары филармонияда Мұхит Әбдікәрімов, Сәрсен Ибрашева, Марат Ахметов, Бауыржан Арысбаев директорлық қызмет атқарды. 2011 жылдан бастап бүгінге дейін филармония директоры қызметін Мәдениет саласының үздігі Талғат Мақашов  атқарып келеді.

Тәуелсіздік жылдарында облыстық филармонияның қол жеткізген жетістіктері ұшан-теңіз. Небәрі 22 адамнан тұратын ұжымда бүгінде 240-қа жуық маман еңбек етеді.  Түрлі жанрдағы 8 өнер ұжымы жұмыс істейді. Атап айтқанда, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, камералық оркестр, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы, «Тұран» триосы, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі бар. Сондай-ақ, ұжымда бір ҚР Еңбек сіңірген артисі, үш «Құрмет» орденінің иегері, төрт «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, төрт «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің, он төрт «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері  қызмет атқарады.

«Томиристің» мың бұралған билері

Сыр өңірінде би өнерінің керегесін кеңейту мақсатында 2001 жылы облыстық филармониядан «Томирис» би ансамблі құрылды. Небәрі 4 ғана хореографтан тұратын топтың құрамы жылдар сала көбейе түсті. Оған себеп ансамбльдің репертуарлық тұрғыда дамуы болды. Ұтымды идеясымен, орындаушылық тәсілдерінің ерекшелігімен жарқырай түскен би ұжымы аз уақытта Сыр сахнасының сәніне, көрермендерінің көзайымына айналды. Қазіргі кезде ансамбльде  20 хореограф бар. Ансамбль облыстың мақтанышы десек, артық емес. Бұл жетістіктердің артында ансамбльдің негізін қалаушы Гүлбану Мырзабаеваның қажырлы еңбегі мен үздіксіз ізденісі тұрғаны белгілі. Би ансамблі түрлі облыстық, республикалық, қала берді халықаралық шығармашылық байқауларда өнер көрсетіп, топ жарып келеді. Мәселен, 2011 жылы «Томирис» би ансамблі Түркия елінің Анталия қаласында өткен Халықаралық ІІ «Харман фольклор» фестивалінің лауреаты атанды. 2016 жылы «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Түркия мемлекетінде және АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында түркітілдес елдердің Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға арналған өнер фестиваліне «Томирис» би ансамблі қатыстырылды. Ал, 2018 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид әл-Нахаян атындағы гуманитарлық ұйымының ұйымдастыруымен  Абу-Даби қаласында өткен халықаралық Шейх Заид атындағы мәдени фестивальға  қатысып, қазақ би өнерін насихаттады. Бұл – «Томирис» би ансамблінің біз атаған бірнеше ғана жетістігі. 

«Тұран» салған ән қандай?!

2006 жылы эстрадалық орындау жанрын кеңейту мақсатында облыстық филармония жанынан «Тұран» триосы құрылды. Сол жылы өткен Халықаралық түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» музыкалық-фольклорлық фестивалі барысындағы мерекелік бағдарламаға «Тұран» деген атпен алғаш рет шығып, өнердегі сапарын бастады. Трио мүшелері  А.Өтеуов, Қ.Заитов, А.Қожахметов көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Ұлттық өнердің жаршысындай

Онан бөлек, жоғарыда айтып өткеніміздей, филормония құрамында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі мен «Ақмешіт» фольклорлық  және «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамбльдері бар. Тұрмағамбет оркестрі 2007 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдығына орай құрылған. Оркестрдің бас дирижері және негізін қалаушы – «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев. Оның репертуарында бүгінде 300-ден астам әртүрлі нақыштағы шығармалар бар.

Ал, 2009 жылы Сыр бойының төлтума өнерін, ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі және вокалды-аспапты эстрадалық жанрын дамыту мақсатында «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі құрылды.

Жетістік алға жетелейді

Сыр бойы мәдениеті мен руханиятын дамыту жолында ерінбей-жалықпай, қажыр-қайратын сарп етіп, үздіксіз ізденіспен еңбек етіп жүрген ұжымның жарқын сәттері, қол жеткізген жетістіктері де баршылық. Талғат Мақашов басқаратын өнер ұжымы талай сахналарда ұлттық өнерді паш етіп, «өнерде шекара болмайды» деген түсінікті терең түйсіндіріп-ақ келеді. Арғысын айтпағанның өзінде кейінгі онжылдықты сараласақ та жеткілікті. Мәселен, 2011 жылы  Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Орынбор-Ақмешіт-Алматы-Астана» өнер керуенінің Қазақстан астаналарына гастрольдік сапары және «20 жұлдызды күн» атты мерекелік іс-шаралар шеруі өтсе, филармония әншісі Ү.Медеуова ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды. Одан бөлек,  Тәуелсіздіктің   20   жылдығына арналған 20 номинация бойынша өткен облыстық «Елім менің» шығармашылық конкурсында филармонияның өнер иелері үш номинацияға, яғни, «Томирис» би ансамблінің балетмейстері Гүлбану Мырзабаева  «Үздік хореограф», жыршы, ҚР «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Жұмабек Аққұлов «Үздік өнертанушы» атанды. 2013 жылы   «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін тойлауға арналған өнер фестивалі аясында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі  Түркия елінің Ескішехир, Стамбул, Анапа сынды ірі қалаларында ұлттық өнерімізді паш етті.

2014 жылы облыс әкімінің қолдауымен Сыр елі мәдениеті тарихында тұңғыш рет камералық оркестр құрылды. Ал, 2016 жылы мектеп оқушылары мен бүлдіршіндердің мәдени іс-шараларға қолжетімділігін жүзеге асыру және облыстық филармония көрермендерінің контингентін  кеңейту мақсатында «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы құрылды.

2017 жылдың басты жаңалығы «EXPO-2017» Халықаралық көрмесі аясында филармонияның өнер майталмандары, өнер ұжымдары да үлкен ізденіспен, жоғары шығармашылық көзқараста елорда төрінде өнер көрсетті. 2018 жылы Түркия мемлекетінің Кастамону, Болу, Ақсарай, Анкара сынды тарихи қалаларында өткен түркітілдес халықтарының өнер фестиваліне Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрі қатысты.  Ал «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ұлыбритания мемлекетінің Лондон қаласында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай концерт берді.

2020 жылы  облыс әкімінің Қорқыт ата мұраларын насихаттауға арналған бесжылдық кешенді іс-шаралар жоспары аясында «Қорқыт сазы»  қобызшылар ансамблі құрылды. Ансамбль  қыркүйек айында Украина мемлекетінде өткен «Яркие таланты осени» онлайн фестивалінен және желтоқсан айында Лондонда өткен «Super World Talent 2020» халықаралық онлайн фестивалінен бас жүлделерді иеленді.

«Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясы  Мәскеу қаласындағы «Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасына онлайн түрде, Г.Остердің «Мазасыз тиын» қойылымымен қатысып, 1 млн 200 мың теңге грантын ұтып алды.

Камералық оркестр артисі Р.Балмасов Ұлыбритания елінде өткен «Super World Talent 2020» халықаралық фестивалінен бас жүлде иеленді.

Өнер ұжымдарының шығармашылық байланысын арттыру мақсатында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған онлайн форматтағы «Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестивалінің шымылдығын Сыр бойы өнерпаздарының «Сыр – Алаштың анасы» атты концертімен ашылды. Былтырдың өзінде үш қызметкер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен  марапатталды.

Биыл облыстық филармонияның құрылғанына 50 жыл толады. Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін насихаттауда, оны дамытуда аянбай еңбек етіп  жүрген ұлттық өнердің жанашырларына алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз!

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<