Пәндік дағды қалыптастыру – маңызды құрал

776

0

Есейген сайын білім алушылар мәселені өз бетінше тұжырымдау, оны шешу жолдарын ойластыру, тұжырымдарды ғылыми негіздеу, химиялық реакцияның барысын болжау және белгілі бір эксперимент жүргізу үшін қажетті реактивтерді анықтау сияқты дағдыларға ие болады. Осы орайда, әр баланың бойындағы тұлғалық қасиеттерін ашу, белгілі бір пән бойынша икемділіктерін анықтау маңызды болып табылады. Сол арқылы өмірлік дағдысы қалыптасатыны анық. Сондықтан да білім алушының пәндік дағдыларын дамытуға бағытталған әдістер мен тапсырмаларды жоспарлап, жүзеге асыру аса қажет.

Демек, білім алушыға қандай тапсырмалар ұсынуға болады? Күрделендірілген (кеңейтілген) тапсырмалар тақырыпты мұқият зерттеуге, ақпараттың негізі тұстарын анықтауға, ғылыми түсіндірме жасауға ықпал жасайды. Осыны ескере, сабақта жеке жұмыс орындауға құзырлылық тапсырмасын беруге болады. Тапсырма таратпа қағаздары арқылы ұсынылады, әрі интербелсенді тақтадан орындау кестесін көрсетіп, нұсқаулық берілуі керек. Себебі, оқушының қажеттілігі мен қабылдау қабілетін ескеру маңызды. Оқушылар тапсырманы орындауда шағын мәнмәтінмен танысып, кестеде берілген сұраққа «иә» немесе «жоқ» деген жауаптар берумен қатар дәлелдемелерін нақты түсіндірме арқылы жазу тапсырылады. Бұл тұста оқушылар құзырлылық тапсырмасын орындауда өз жауаптарын негіздей білуге бейімделе бастайды. Сондай-ақ, аса қабілетті оқушы тапсырманы орындауда өзінің күрделілікке деген сүйіспеншілігі арқасында жылдамдық танытады.

Балалар кейде өздерін көрсете алмауы немесе өз ойын жинақтау үшін көп уақыт жұмсауы мүмкін. Тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың бірі терең білімге ие болуы мүмкін, ал кейбіреулерінің қызығушылығы төмен болады. Жақсы жоспарланған тапсырмалар барлық деңгей мен қабілеттегі оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Әсіресе, сыныптағы бірлескен жұмысқа араласа алмайтын балалар үшін жұптармен әңгімелесу қолайлы. Жұп болып жұмыс істеу жоғары деңгейлі тапсырмаларды бірлесе орындауда, шешім шығаруда және сыныптасын үйретуде тиімді. Оқушылар жұппен де, жеке де өз білім деңгейлерін бағалауға және оған қалай жеткенін түсінуге мүмкіндік алады.

Күрделендірілген тапсырмаларды тақырыптың мазмұнына негіздеп жасауға болады. Осы тапсырмаларды орындау барысында дайын жауап беріп қана қоймай, олар тақырыптың маңызды тұстарына қатысты шағын зерттеулерін жүргізуге және қорытынды жасауда бақылау нәтижелерін есепке алады. Тапсырманы орындау барысында оқушылар өздерінің сабақтан нені меңгергендерін және тақырыпты қаншалықты түсінгендерін біле алады.

Сыныптағы кей оқушылар өз оқуын реттей алады және жеке жұмыс атқарғанды да ұнатады. Осыған орай оқушыны өз бетінше жұмыс жасауға қалай үйретуге болады? Әрине оның жолдары өте көп. Яғни оқушы қажеттілігі мен ерекшелігіне қарай тиімді әдістерді қолданған жөн. Ол үшін мұғалім:

• өзіндік жұмысты жүйелі ұйымдастыру және жағдай туғызу;
• шығармашылыққа бағытталған әдіс-тәсілдерді қолдану;
• шығармашылық әрекеттің кезеңдерін (құнды идеяны анықтау, идеяны жүзеге асыру жоспары, идеяны жүзеге асыру) жүзеге асыруға қолдау көрсету.

Кей тақырып бойынша оқулықтағы берілетін материал өте көп болады. Себебі, қосымша ақпараттармен аса көп жүктелген. Сондықтан негізгісін ала білуге, әр жаңа ұғымның өткен және енді өтетін тақырыптармен байланысын түсінуге, ауқымды тақырыптарды құрылымдық сызбасын дайындауға үйрету маңызды. Оқушының өз бетінше ақпаратты меңгеруіне ықпал жасау керек. Осы орайда оқушының оқу сауаттылығы мен мүмкіндігін назарға алу қажет. Баланың негізгі оқу дағдыларының деңгейі қандай? Уақытты тиімді қалай қолдануға болады? Өзара бақылау, өзара оқыту, өзара көмек қаншалықты және қалай қолданылады? Міне, осы сұрақтар аясында жұмысты жоспарлай білу нәтижеге апаратыны сөзсіз. Ресурстағы ақпарат белгілі бір дидактикалық тапсырмаларды орындау арқылы игеріледі. Яғни, оқытудың формалары мен тиімді әдістері жүзеге асады.

Дәстүрлі оқытуда мұғалім әрекеті репродуктивті сипатқа ие, демек дайын үлгі мен белгілі алгоритм бойынша жұмыс жүргізеді. Ал жаңаша оқытуда өнімді әрекеттер орын алады. Яғни оқушылар жаңа жағдайда білімді қолданып, тапсырманың, проблеманың шешімін өз бетінше табады және алгоритмін өзі құрастырады. Осы орайда проблемалық сұрақтар білім алушыларды ізденіске, зерттеушілікке, анализ, синтез жасауға итермелейді. Сонымен қатар проблеманың мақсаты мен сұрағы нақты қойылса, оқушының назарын, зейінін аударады, ал зейін ойлауды белсендіреді. Осы кезде оқушының есте сақтауын, қиялын, көңіл күйін жақсартады және білімін жүйелеуге ықпал етеді. Мысалы, химия пәнінен «Көмірсулар» тақырыбын өткен кезде оқушыларға «Неге нанды ұзақ уақыт шайнаған кезде тәтті дәмге ие болады?» Немесе глюкозы мен фруктозаның қасиеттерін салыстыруға бағытталған эксперимент барысында оқушылар проблемаға кезігеді: глюкоза мыс (ІІ) гидроксидімен әрекеттеседе, ал фруктоза әрекеттеспейді. Неліктен?

Кез келген қоғамға дарынды, қабілетті адамдар қажет және сол қоғамның басты міндеті барлық өкілдерінің қабілетін дамыту болып табылады. Өкінішке орай, кез келген адам өз қабілетін дамыта алмайды. Көп нәрсе отбасы мен мектепке байланысты. Оның ішінде мектептің міндеті – оқушыға қолдау жасау, оның қабілетін дамыту, сол қабілеттерді жүзеге асыруға мүмкіндіктер туғызу. Демек, оқушының бойындағы ерекше қабілетті көру, олардың қажеттіліктеріне сай тапсырма құрастыру арқылы ынтасын арттыру және әр оқушының жеке тұлға болуына лайықты екеніне сенім білдірген жөн.

Жанар Жұбауова,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша

филиалының аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<