Париж көгінде әуелеген ән

753

0

Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы мен дүниетанымын дәл суреттеп жеткізе алатын аспап – қоңыр үнді домбыра екені даусыз.


Музей қорында бар сырын ішіне бүгіп, үнсіз тұрған домбыраны сөйлетіп едік, біраз сырды ақтарды. Сары түсті домбыра Сыр елінің тумасы, қолөнер шебері Шәзінда Маханбетов­тың қолынан шыққан. Оған домбыра басына орнатылған металға ойылып жазылған жазба дәлел. Онда 1982 жылы Шәзінда Маханбетовтің домбыраны жасағандығы көрсетілген. Қызығы, ол – шебер ғана емес, биология ғылымдарының кандидаты, ғалым. Атадан дарыған өнер Шәзінда ағаны бей-жай қалдырмады, қолөнерді өзіне серік еткен ғалымның қолынан талай домбыра мен қобыз өмірге келді. Шәзінда шебердің қолынан шыққан әрбір музыкалық аспап ерекше. Дейтұрғанмен, осы домбыраның үні қоңыр, құлаққа жағымды әрі жұмсақ.


Домбыраның тарихы да қызық. Сыр елінің тумасы, сүлейлердің сарқыты, белгілі жырау, домбырашы, фольклортанушы Алмас Алматов 1986 жылы Францияның Париж қаласында өткен ән фестивалінде осы домбырамен қазақтың дәстүрлі музыкасын әлемдік деңгейге көтерген. Бұл домбыра – сонымен ерек, сонымен дара.

Францияның бұрынғы президенті Франсуа Миттеранның өзі ашқан концертте қазақ елінің атынан Еуропаның жоғары деңгейдегі сахнасынан шырқаған Әміре Қашау­баевтан кейінгі екінші қазақ Алмас Алматов болатын.
Музей қорында сақ­тау­лы тұрған жәдігер сол уақыттағы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Жарылқасын Үмбетовтің бағыттауымен, өнер қайраткерлерінің сұрауымен қордан уақытша алынған. Музей қорындағы бұл домбыра – қазақ музыкасын бүкіл әлемге паш еткен, Алмас Алматовтың есімін жаһанға мәшһүр еткен тарихи жәдігер.

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,

облыстық музейдің
бөлім меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<