Қаңтар оқиғалары туралы нақты мәлетті жариялап, оған баға беру өте маңызды. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсіністік қалыптастырып, елді адастырады. Сондықтан өткен оқиғалар туралы нақты мәліметті жариялап, оған баға беру өте маңызды. Тіпті, қасиетті парызымыз деуге болады. Жұрт оның астарына үңіліп, себебін терең түсінуі қажет. Күні кеше ғана Парламент қабырғасында арнайы тыңдау өтті. Онда құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп берді. Турасын айтқанда мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмаған», – деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы талқылау барысында депутаттарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бәрі ашық айтылғанын атап өтті.
«Қоғамды мазалаған сұрақтарға жауап берілді. Бұл қаңтар оқиғасына әділ баға беруге ең алдымен биліктің мүдделі екенін көрсетеді. Мен мұны толық қолдаймын. Біз ақиқатты айтуымыз керек. Бұл менің жеке қағидатым. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы мекемеаралық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Құқық қорғау органдарына жасалып жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруды тапсырамын» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<