Президент тапсырмасының пәрмені жол құрылысының жаңа кезеңі

147

0

Кеше сондай-ақ ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыс тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда министр алдағы уақытта көлік саласын дамыту бағытында аймақта атқарылатын жұмыстар жөнінде әңгімелеп, көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов жүргізіп отырды.

– Былтыр Сыр өңірінде өткен жүздесу барысында бірнеше мәселе көтерілген еді. Олардың барлығы облыстың дамуында ерекше орын алатынын білеміз. Солардың бірі ретінде Сексеуіл мен Бейнеу арасында салынатын жолды атап өтуге болады. Жалпы, аталған жоба бойынша екі нұсқа қаралған еді. Алғашқысы – Сексеуіл арқылы жүргізілетін болса, екіншісінде Шалқар бағыты қарастырылды. Өткен жылы Қызылордада өткен кездесу барысында жергілікті халық Сексеуіл нұсқасының тиімділігін дәлелдеуге тырысты. Қазіргі таңда тас жолдың Бейнеу мен Сексеуіл арасында салынуы дұрыс деген ұйғарымға келдік. Жолдың ұзындығы – 736 шақырым. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі қолға алынып отыр. Әрине, бұл нұсқаның тиімділігі бар. Ал Шалқар бағытынан келетін ескі жол жөндеуден өткізіледі. Жоспар бойынша жол құрылысы 2027 жылы басталады. Елімізде оған дейін жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар бар. Осыған байланысты олардың әрбірі кезең-кезеңімен жүзеге асады, – деді министр.

Қазір облыс аумағында «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысы жүріп жатса, алдағы жылдан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің Қызылорда қаласы мен Ақтөбе облысына дейінгі бөлігін төрт жолақты етіп кеңейту басталады.

– Бүгінде халықаралық жол бойында көлік қатынасының көбейгенін аңғару қиын емес. Олардың саны тәулігіне 28 мыңға жуықтайды. Мемлекет басшысы өңірге жасаған жұмыс сапары барысында жауапты сала басшыларына тиісті тапсырма берді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Ол екі кезеңнен тұрады. Алдымен «Қызылорда-Жезқазған» жолында 35 шақырымға жуық айналма жасалып, одан кейін ұзындығы 435 шақырымды құрайтын жолды Аралға дейін жеткіземіз. Бұл бойынша айналма жолдың тендерлік рәсімі аяқталып, алдағы жылы құрылысы басталады. Ендігі кезекте мердігер мекемені айқындау қолға алынады. Ал желтоқсан айында одан әрі жалғасатын Аралға дейінгі аралықтағы жолдың техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамаға енгізіледі. Келесі кезекте қаржы көзін тауып, мердігер мекемелерді айқындау жүргізіледі. Ал құрылысы 2026 жылы басталады деп күтілуде, – деді Марат Кәрімжанұлы.

Кездесу барысында көпшілік тарапынан теміржол саласы бойынша жолаушылар тасымалдау, Арал және Шиелі теміржол вокзалын жөндеу, еліміздің бірқатар қалаларына әуе қатынасын ашу мәселелері бойынша сауалдар қойылды.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта жолаушылар тасымалдау мәселесін жақсарту мақсатында елімізде швейцариялық «Stadler» маркалы вагондарды құрастыру ойластырылып отыр. Бұл вагондар 40 жылға дейін қызмет етуге жарамды. Сондай-ақ оған жауапты шетелдік компания он жылға дейін сервистік қызмет көрсетуге уәде беріп отыр. Бүгінде аталған вагондар Еуропада жоғары бағаланады.

– Алдағы уақытта елімізде 50-ден астам теміржол вокзалын жөндеу жоспарлануда. Әзірге бұл тізім нақтылану үстінде. Сол себепті сіздерден түскен ұсыныстарды қарастыратын боламыз. Ал Қызылордадан Ақтау және Қарағанды қалаларына әуе қатынасын ашу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені даусыз. Дегенмен еліміздегі туризм мәселесін жақсарту үшін «Қызылорда-Көкшетау» бағытында әуе рейсін ашу ойластырылуда, – деді ведомство басшысы.

Кездесу соңында министр сала жұмысы бойынша ой-пікірін білдірген өңір азаматтарын жеке қабылдады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<