Қармақшыда ақындар мүшәйрасы өтті

394

0

Фото: Қармақшы ауданының әкімдігі

Бүгін Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде жоғары дәрежелі ұстаз, тыл ардагері Ақбалыш Жалғасованы еске алу құрметіне орай «Ұстаз – Ана» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті.

Ақындар мүшайрасын аудан әкімі Жандос Еркінбек ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі лебізін жеткізді.

Дүбірлі жыр додасына аймағымыздан 18 жазба ақын қатысып, Ақбалыш Жалғасованың өмір жолын атқарған абыройлы да өнегелі істерін өлеңмен өрнектеп, Қармақшы елі туралы тереңнен деректер айтып, жиналған көрермендердің қошеметіне ие болып, қармақшылықтарға ерекше рух сыйлады.

Жыр мүшайрасына Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Берік Саймағамбетов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қуат Адис, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Ғазиза Әбілдә ақындардың өнерін сарапқа салды.

Жүлделі ІІІ орынды Жалағаш ауданынан Жәли Ақбота мен Қызылорда қаласының ақыны Балманова Ақерке өзара бөліссе, ІІ орынды Шиелі ауданынан Ержігіт Бекжан иеленді, арнайы жүлдені Сырдария ауданынан Ақтөре Ибрагимұлы мен Қызылорда қаласынан Санақұл Бексұлтан қанжығасына байлады. Ақындардан оза шапқан Жаңақорған ауданының ақыны Сұлтанғали Дәулетке І орын бұйырып, жыр додасының бас жүлдесін Қармақшы ауданынан Мустахимов Диас иеленді.

Сондай-ақ, айтыстың барлық қатысушылары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен алғыс хаттар, қаржылай сыйлықтар табысталды.

Ⓒ Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<