Ақордада Президенттің отандық бизнес өкілдерімен кезекті кездесуі өтті.
Мемлекет басшысы бизнестің өзекті мәселелерін талқылау жақсы дәстүрге айналып келе жатқанын, қаңтар айында болған кездесуден кейін елімізде және әлемде талай нәрсе өзгергенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің келешегі экономиканың мықты болуына байланысты және кәсіпкерлер мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі керек.
– Жалпы, жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органдардың есебі жеткіліксіз. Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сіздердің пікірлеріңізді білу аса маңызды. Мен, ең алдымен, бір мәселені нақты айтқым келеді. «Ойын ережесі» әділ әрі бәріне бірдей болатын ашық экономика саясаты жалғаса береді. Бұл – менің берік ұстанымым. «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіруге жол берілмейді, – деді Президент. Мемлекет басшысы бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол берілмеуі керек екенін атап өтіп, құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктерді сынға алды.
– Науқаншылдыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті. Әрине, алаяқтармен күресу қажет. Оған дау жоқ. Бірақ, артық қыламын деп, тыртық қылмау керек. Жазықсыз жандар қосақ арасында жапа шекпеуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керек екенін атап өтті.
– Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңды бола бермейтін әрекеттердің жүзеге асырылуына септігін тигізгені жасырын емес. Бұл – үлесті өзара бөлісіп алған деген сөз. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің ащы да болса шынайы бейнесін қалыптастырды. Мұндай қылмыс түрлеріне мемлекет батыл әрі міндетті түрде жүйелі тосқауыл қоюға тиіс. Бұл – үлкен міндет. Біз бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді қатаң сақтауға тиіспіз, – деді Қазақстан басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ең алдымен, құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз қудалауды азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.
– Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады. Бұл шамамен тұтас 2021 жылғы көрсеткішке жуықтайды. Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын білдіреді. Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді күдікті деп тану тәжірибесі жиі кездесетінін және іс жүзінде бұл тек мүлік даулары екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарынан бірінші кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, заңсыз ақша табу, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерін әшкерелеуді талап етті.
Мемлекет басшысы бизнеске қысым көрсету факторларын анықтаудың барынша тиімді жүйесін құруды келесі бір міндет ретінде атап өтті.
– Тепе-теңдік және тежемелік механизмдер жүйесі мен қоғамдық бақылау – осы реформаның табысты формуласы. Құқық қорғау органдары тарапынан жасалған әрбір рейдерлік әрекет немесе негізсіз қысым жасау дерегі Бас прокурордың жеке бақылауында болуға тиіс. Осындай істер соңына дейін жеткізілуі керек. Бұл жерде ешқандай корпоративтік ымыраға жол берілмеуі, тіпті сөз болмауы қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ашық әрі әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің – басымдығына баса мән берді.
– Сот жүйесін табанды түрде реформалау қажеттігі пісіп жетілді. Бұл қажеттілік судьялар тарапынан жақсы қабылданып жатыр. Реформа өз көздеген мақсатына қол жеткізеді деп санаймын. Біз мұндай сөздерді шетелдік инвесторлардан да, еліміздің кәсіпкерлері мен азаматтарынан да естіп жүрміз. Сондықтан мен жуық арада осы бағыттағы нақты ауқымды шараларды жариялаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақстандық бизнестің Ресей Федерациясымен ынтымақтастығының перспективаларына тоқталды:
– Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз болып қала беретінін түсінуіміз керек. Жақында мен Мәскеуде Президент Владимир Путинмен кездестім. Біз сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастығымызды дамыту үшін бірқатар проблеманы, соның ішінде шешімін таппаған мәселелерді егжей-тегжейлі талқыладық. Қалыптасқан байланыстарды сақтай отырып, қазіргі дағдарысты шығынсыз еңсеру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы салық саясаты мен әкімшілендіру арасында теңгерімсіздік байқалатынын айтып, осы мәселеге назар аударды. Үкіметке бизнес қоғамдастықпен бірлесе отырып, Салық саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.
Президент қолайлы бизнес-климат қалыптастыру тек заңдарды өзгертумен және мемлекеттік субсидиялар берумен ғана шектелмейтініне назар аударды. Мұнда аймақтық және жергілікті деңгейде қабылданған барлық шешімдер мен рәсімдердің жүзеге асырылу тиімділігі маңызды рөл атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды қорытындылай келе, бүкіл өңірдің әкімдеріне жиын барысында айтылған барлық ескертпелерді назарға алуды және шұғыл шешуді қажет ететін қазіргі міндеттерді бірлесіп атқаруды тапсырды. Сондай-ақ әкімдердің жұмысын облыстардағы бизнес-климаттың қолайлылығы бойынша бағалайтынын айтты.
– Мұндай кездесулерді жалғастыра береміз. Олар іскерлік сипатта болады, – деді Мемлекет басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<