Қазалы: кемелдену жолы – кәсіпте

1191

0

Ел ішін хал-қадірімізше аралап келеміз. Қармақшыдан басталған сапар Қазалыда жалғасты. Алда Арал ауданы да бар. Айтпақшы, Қорқыт еліндегі бірқатар шаруашылықты аралаған бізге күріштің бітік өсуі қуаныш сыйлады. Жол үсті түйгеніміз – адал еңбек ете білген жұрттың есебі түгел болатыны.

Күн ұясына қонғалы біраз болған. Біз де Қазалы орталығына жеткенбіз. Көше шамдары әлдеқашан жанғанға ұқсайды. Айтпақшы, Әйтеке би кентіндегі тозығы жеткен көп көшелердің тақтайдай тегістелгенін есіткенбіз. Рас екен. Оны да көз көрді. Деректе 17 көше асфальттанған. Жөнделіп жатқаны да баршылық. Мемлекет бекіткен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының арқасы бұл. Айта кету керек, Қазалыда 3 млрд теңгеден астам қаржы 42 жобаға жұмсалуда. Одан 860 тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланып, бұл қазір 1084 адам болып, көрсеткіш 126 процентке жеткен.

Қазалы: кемелдену жолы – кәсіпте

Аудан орталығы мен Қазалы қаласының арасындағы құрылыс қарқыны жоғары. Газ бен суы, жолы мен жарығы әлдеқашан тартылған мұнда өзгеріс көп. Қос шаһардың ортасынан екі күн жүрмесеңіз, жаңа үй пайда болар еді. Бір аптадан соң қайта соқсаңыз, он шақты үйдің қабырғасы қаланғанын бір-ақ байқайсыз. Тұрғындар осылай айтады.

Аудан экономикасының бірден-бір тірегі – кәсіпкерлік. Жергілікті халық айтатынындай бар ғой. «Екінші Түркістан» атанған Қазалы халқы бизнес­ке баяғыдан үйренген. Сауда мен кәсіп ашуға құлықтылардың қатары бұрынғыдан көп. Біздің бір білгеніміз: аудандағы кәсіпкерлікке қатысты 712 жобаға соңғы есеп бойынша 1 млрд, 712 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – биылғы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш. Осыған қарап бизнеске бет бұрғандар қатары қалыңдағанын байқайсыз.

Жастарды

оқытып-ақ

алар едік…

Арнайылап келген соң Қа­залы­дағы өндіріс орындарын араладық.  Мұнда темір-бетон бұйымдарын шы­ғаратын зауыт бар. Қуатты кәсіпорын. Өйткені, бір жыл бұрын жергілікті ауыл тұрғындарына дариядан өтуге, әсіресе, көктем, күз айларында қиындық туып, Әлсейіт учаскесіне көпір салынған. 200 метрден асатын көпірге қажетті материалдар осы зауытта дайындалды. Мыңға жуық темір-бетон балкасын дайындаған өн­діріс ошағын қалай қуатты деп айта алмаймыз?!

– Бұл 1976 жылы темір жол құрамындағы үйлерді, кей­бір өн­дірістік цехтарды салу үшін құрылған. Темір-бетон бұ­йым­­дары мен конс­трукциялар зауыты деп аталды.  2005 жыл­дан бастап жеке өндіріске айнал­дық. Сол жылы «МО-1» ЖШС-ның құрамында №2 Қазалы бөлімшесі болып қайта құрылса, кейінірек «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиал­ына ай­налды. Тапсырыс пен сұ­ра­ныс­қа сәйкес жұмыс жүр­гізу қазіргі заман талабы еке­нін білесіз. Атыраудың ірі компанияларымен және жергілікті құрылыс мекемелерімен жұмыс істеп келеміз. Шикізатты Жаңа­қорған, Шиелі аудандары мен Ақтөбе қаласынан алдырамыз. Сапа басты орында. 18, 21, 24, 33 метрлік балка шығаратын зауыт Қазақстанда санау­лы. Менің білуімше, Алматы мен Шымкентте, сондай-ақ Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қаласында мұндай балкалар құйылады, – дейді зауыт филиалының басшысы Сәбит Өтегенов.

Жылына 15-16 мың бетон дайындайтын зауытқа тапсырыс берушілер көп. Басшының айтуынша, автомобиль көпір құрылысына қажетті ВТК-33У маркалы аралық құрылыс балкаларын құю технологиясы жолға қойылған. Ол үшін қосымша техникалар мен қондырғылар алынды. Жалпы зауытта темір жолға, көпір құрылысына қа­жетті темір-бетон балкалары, құбырлар, жоғары кернеулі желіге арналған бағаналар, сон­дай-ақ көпқабатты үйлер құрылысына қажетті темір-бе­тон бұйымдарының 60 түрі өн­діріледі.

– Жаңа көтергіш крандар алынды. Жұмысқа қажетті тех­нологияда қиындық жоқ. Ста­ноктар жаңаруда. Орташа ай­лық 120 мың теңге. Біздегі қиындық – кадр жайы. Жастар аз. Жұмыс сұрап келетіндер қарауыл не жүргізуші болсам дейді. Сонда қалай? Ертеректе мектеп оқушыларының өзін өндіріс орындарына апарып, қызығушылыққа жол ашатын еді. Қазір ол жоқ. Зауыттағы тыныс-тіршілікті білетін адамдар біртіндеп зейнетке кетуде. Ауыр жұмыстан қашып, қол қусырып жүрген азаматтар көп қой бізде. Егер жас жігіттер қы­зығушылық танытса, біз олар­ды өзіміз оқытып алар едік, – дейді Сәбит Өтегенов.

80 адамды жұмыспен қам­тыған зауытта 20-30 жылдық еңбек өтілі бар білікті мамандар жетерлік. Ал басшының уайымы – кадр буыны алмасудағы іркіліс. Жастар жұмысқа келіп, аға буынмен тәжірибе алмас­са дейді. Әйтпесе, мұнда жұ­мыс сапалы жүру үшін бар жағ­дай жасалған. Арнайы киім, зиянды цехтағыларда жүре­тін­дерге ағарған, яғни сүт өнім­дері беріледі. Балаларына демалысқа жолдама беріліп, зауыттағы еңбек озаттары түрлі мерекеде марапат пен сыйлық алып жүр.

Тынымсыз

темір жол

тіршілігі

«Қамқор вагон» ЖШС Қаза­лыдағы вагон жөндеу депосында 171 адам жұмыс істейді. Деректерді сөй­летсек, 1904 жылдан бастап пойыздар жүре бастады бұл өлкеде. Темір жол құ­ры­лысымен қабаттаса, Қазалы станциясында паровоз жөндеу депосы да салынды. Оның құ­ра­мында вагон жөндеу це­хы болды. Ол цех 1926 жылы өз алдына бөлініп шы­ғып, вагон учаскесі болып атал­ған. Біз көрген депо осы еді.

– Депода арнайы тапсырыс бо­йынша жеткізілген жүк вагондарына мерзімді жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ жоспардан тыс та вагондарға қызмет көрсетіле береді. Барлық жарамсыз қосалқы бөлшектерін ауыстырамыз.

Вагонның түрлері көп қой. Мұнай таситын цистерна, жартылай ашық вагондар, жүкке арналған деген сияқты. Бұлар­дың жарамдылық мерзімі де шектеулі. Бізден әбден жөн­­делген вагон 160 мың шақы­рым жүруі керек. Болмаса 3 жыл. 160 мың шақырым жүр­­месе де, 3 жыл мерзімі біт­се, автоматты түрде осында жөн­деуге қойылады. Қазір жүк ва­гонда­рында қозғалыс көп. 160 мың шақырымды жүріп тастағандар міндетті түрде ме­желі мерзімге қарамай депода жөнделуі тиіс, – дейді депоның бас инженері Әділжан Ерниязов.

Біз көрген вагон құрастыру цехы­ның орны бөлек екен. Се­бебі мұнда жүк вагоны­ның ша­нағы, қорабы, жүріс бө­лі­гі, автотежегіш құрылым­дары, соққы және тіркеу бөлік­тері бөл­шектеліп, әр цехқа жібе­ріледі. Жөн­деліп болғаннан ке­йін осында қайтадан жинақ­талады.

1963 жылы қайта жабдық­талған депо – Қазалыдағы қуат­ты жұмыс орындарының бірі. Қазақстандағы іргелі деполар­дың бірі саналатын мұн­да жыл он екі ай тынымсыз тір­шілік. Ербол Орысбаев, Жеңіс Әжіғұ­лов, Қали, Мади Сисеновтер сынды шеберлер деподағы түр­лі цехтың жауапкершілік жүгін арқалап келеді.

Рас, экономиканың күрета­мы­ры – темір жол. Ұдайы қоз­ғалыста. Әрі мұнда қызмет істейтін ең қарапайым қызмет­кердің өзіне жүктелер міндет жоғары. Барлығы белгілі тәр­тіп­пен жүреді. Содан да болар осы са­ланың басы-қасында жүр­гендер жауап­кер­шілікті жақ­сы сезінеді. Біз бұны анық бай­қадық.

«Алтын балық»

қайда

кетіп жатыр?

Теңіз беткейдегі жергілікті халық оны «алтын балық» деп атайды. Әйтпесе, былайғы аты тісті ғой оның. Қабыршағының өзі қатты, аты айтып тұрғандай жыртқыш балық. Орысша «судак» деп жатады.

Осы тістінің басына бақ қонғалы біраз жыл өтті. Бұның келісі 500-600 теңгеге дейін барып тұр. Тіпті, одан да қым­баттайтын уақыт болады. Өйт­кені, шетелдіктер осыны ас мә­­зіріне аттай қалап тұр. Сұ­ра­нысқа қарай, бағаның да қым­­баттауы содан. Теңіздегі ба­лық­шылардан тікелей сау­да­ла­саңыз, жоғарыдағы бағаны сұрайды. Алтынға теңелуі енді түсі­нікті шығар.

Қазалыда дәл осы тістіден филе дайындайтын цех жұмы­сымен таныс­тық. Еврокодпен жұмыс істейтін цех өнімін шет­елдіктер сүйсіне жеп жүр. Төребек Игіліков басқаратын жеке кәсіпкерлік тәулігіне 1 жарым тоннаға дейін филе шы­ғарады. Онысы арғысы Польша, Нидерланды сияқты мемлекеттерге пойызбен жөнелтіледі екен. Көрші Ресейден де  шабақ пен тортаға сұраныс көп.

– Қызметкерлерге 100-150 мың теңге айлық төлейміз. Фи­лені кеспелеп дайындап, тазалайтын, жалпы осы цехтағылар  да сол шамада жалақы алады. Ең төменгі айлық 70 мың теңге. Барлығы жергілікті тұр­ғындар. Ал балықты теңізде өзімізге тиесілі үш белгіленген аймақтан аулаймыз, – дейді цех басшысы Төребек Игіліков.

2006 жылдан бері балық кә­сіп­керлігіне бет бұрған Төре­бек Арал­­ға қарасты Ақ­еспе, Ақбасты ауыл­дарына мұз­датқыш салып, ба­лық­­шы­ларды жаңа қайықтармен жаб­­дық­таған. Қыркүйектен ма­мырға дейін сондағы жергілікті 40 балықшы теңізді сүзіп, түс­кен олжаны тиісті ақысына табыстайды. Ал кәсіпкердің жинаған балығы қалай өнімге айналатынын біз жоғарыда айтып кеттік.

Айтпақшы, Төребек аудан­дағы өндірістік аймақтан 4 мың шаршы метрден астам жер алып, тағы бір кәсіп көзін аш­пақ. Онысы – балық өні­мінің қалдығынан жем дайындау. Бұрын келісін 10 тең­­геден Алматыдан аттанды­ратын ол енді бұл жобаны те­зірек қол­ға алсам дейді. Қал­дықсыз өнім­ді қолдайтын кә­сіп­кер­ге жергілікті билік те жәр­дем­де­суге да­йын.

Иә, осындағы халықтың кә­сіп­керлікке қабілетті екенін ескерсек, бұл тіршілік өздеріне таңсық болмауы мүмкін. Ал осыны бағалай білсек, эконо­микаға үлкен мүмкіндік, тың серпін берері анық. Өйткені, жұ­мыссыздықты жоюға осындай шағын кәсіпорындар бізге ауадай қажет. Қазалылықтар бұл жағынан біршама үлгі болып тұр.

Ержан ҚОЖАС,

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<