Қазалылық кәсіпкер сабын шығаруда

1369

0

Қазалы ауданында жеке кәсіпкер кір сабын шығаруда. Руслан Бөлекбаевтың бұл іспен айналысқанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамай, ол бүгінде Қазалы ауданының, Атырау, Ақтөбе қалаларының тұрғындарын отандық өніммен қамтамасыз етуде.

Қазір Русланның шағын цехы бір күнде орта есеппен 1000 дана кір сабын шығарады. Оның айтуынша, кір сабын тек кір жуу үшін ғана емес, тұрмыс-тіршілікте де өзіндік пайдасы зор. Кәсіпкердің айтуынша, бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары. Кір сабын табиғи және экологиялық таза өнім. Кір сабын өсімдік майлары мен қолдану кезінде оның тұтынушылық қасиеттерін жақсартатын жоғары сапалы арнайы қоспалардан дайындалады.

– Бұл кәсіпті 7 млн теңге қаржымен бастадым. Цехты толық 2 аптада аштым. Кір сабын шығару және оны сату жыл мезгіліне қарамайды. Бұл әр үйде күнделікті қолданатын, тұрмыс-тіршілікке қажетті дүние болып табылады. Кір сабынның құрамы өте оңай. Шикізаттың барлығы қолжетімді. Арнайы станокты Ресейден алдырттым. Өнімнің өзіндік құны 50-75 теңге аралығында. Сабынның құны оның салмағына, яғни граммына байланысты. Бізде 100, 150, 200, 250, 300 граммдық кір сабындар бар, – дейді кәсіпкер.

Бағасы халыққа тиімді, құрамы химиялық қоспасыз жергілікті өнімді алдымен Русланның ағайын-тумаластары алып бастаған. Күніне 1000-ға дейін сабын шығарып отырған кәсіп иесіне басқа да дүкендерден ұсыныстар түсуде. Сұраныс артқан кезде сабынның көлемі 2 мың данаға дейін ұлғаяды. Іскер жігіт әр сабынды 100-220 тг аралығында саудалап, тұрақты табысын тауып отыр. Бүгінде ол 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<