ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталғандарды бақылау үшін 2,5 мың электронды білезікті жалға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы Жанат Ешмағамбетовтің айтуынша, электрондық бақылау құралдары болашақта бас бостандығынан айыру орындарына қамаудың баламасы ретінде қаралуы мүмкін.
«Есепке алынған адамдарды электрондық бақылау Батыс Еуропа мен АҚШ-тың көптеген дамыған елдерінде, сонымен қатар ТМД елдерінде де қолданылады. Халықаралық тәжірибені зерттеп, бірнеше түрді қолдана отырып, біз электронды білезіктерді таңдадық. Көптеген елдерде электронды бақылау құралдары түрмеге қамауға алудың орнына қолданылады. Ал біздің жағдайда білезіктер пробациялық бақылаудағы сотталғандарға қолданылатын болады. Болашақта электронды білезіктерді қолдану бас бостандығынан айырудың баламасы ретінде қарастырылады деп ойлаймын», – деп атап өтті Жанат Ешмағамбетов.
Жалпы, республиканың барлық өңірлері үшін 2,5 мың білезік сатып алынды. Олардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстары сияқты ірі өңірлерге берілді. Білезіктер терінің тітіркенуін тудырмайды, гипоаллергенді белбеуі бар. Ылғалға төзімді және онымен су процедураларын қабылдауға болады. Құрылғы радио сигналын береді және GSM/GPRS арнасы арқылы жұмыс істейді. Нақты уақыт режимінде адамның қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
«Орташа алғанда, білезіктің бір жиынтығы 10 мың теңгеге бағаланып отыр, оларға қызмет көрсету және техникалық сүйемелдеу қоса кіреді», – деді ведомстводан.
Мәлім етілгендей, электронды білезіктер келесі санаттағы сотталғандарға тағылады: жазаны өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бірнеше ескертулері бар адамдар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталғандар. Білезік тағылған адамдардың бірқатар құқығы шектеледі.
Біріншіден, бақылаудағы адамның пробация қызметін жазбаша хабардар етпестен тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыруға құқығы жоқ. Сонымен қатар оның кез келген жерде еркін жүріп-тұруына құқығы жоқ.
Екіншіден, бірқатар тыйымдар белгіленеді: белгілі бір жерлерге бару, белгілі бір жерлерде белгіленбеген уақытта болу және тағы басқа.
Бұдан басқа, сотталғандарды бақылау үшін арнайы бағдарлама орнатылған планшеттер (сотталғандардың жалпы санының орта есеппен 95%) пайдаланылатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<