Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай композитор Шолпан Қорғанбек «Абай сыры» атты күй шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шолпан Қорғанбек – мәдениет қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясы «Қорқыт» этно ансамблінің көркемдік жетекшісі. Шығарманың музыкалық бейнесі Абай тұлғасымен байланысты. Бұл шығармада ұлы жазушы, қазақ ойшылының бейнесі туған табиғатының бірегей сұлулығын сипаттау арқылы ашылады. Халық әні рухындағы лирикалық әуен, дала кеңістігіндегі музыкалық бейне Абайдың философиялық толғаныстарын жеткізеді. «Абай сыры» шығармасының музыкалық тілі мәнерлі және әуезді. Онда ән, шертпе күй сияқты халық жанрларының интонациясы үйлесім тапқан.
«Бізге Шолпан Қорғанбектің «Абай сыры» музыкалық шығармасы өте ұнады. Оның осы туынды авторы екені қатты қуантады. Мәнерлі де әдемі әуен жүрекке әсер етіп, туған жер, халық даналығы туралы ой қозғайды. Осы шығарманы тыңдай отырып, ұлы бабаны жақын туысыңдай сезінесің. Шолпан Қорғанбек жазушы жанының лирикалық табиғатын суреттей отырып, ұлы Абайдың бейнесін өте нәзік және сезімтал ретінде көрсеткен», – дейді күйді орындаған «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің орындаушысы Ертіс Сайырхан.
Еске сала кетсек күні кеше М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов таяу арада Абай шығармаларының академиялық толық жинағы жарыққа шығатынын мәлім еткен еді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<