Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі бұқаралық ақпарат құралдары күні мерекесі қарсаңында аймақ журналистері арасында интеллекуталды ойын өткізді. «Quizday» шарасында білім мен ғылым саласын ақпараттандыруда еңбегі зор республикалық телеарналардың меншікті тілшілері, облыстық газет пен интернет ресурстарының тілшілері, PR-саласының мамандары қатысты.
Алғашқы құттықтау сөз алған мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов тілшілер қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, журналистердің тынымсыз еңбегі мен қоғамда алар ерекше орнын атап өтіп, алғыс білдірді. Әрі қарай қатысушылар 5 топқа бөлініп, әртүрлі тақырыптағы викториналық сұрақтар, логикалық тапсырмалар, видео мен аудиосауалдарды қамтитын 6 қызықты раундта бақ сынасты. 1,5 сағатқа созылған тартысты ойын нәтижесі бойынша бірінші орынды «Makeba» командасы иеленсе, екінші орынды «БАҚ-LIKE» ойыншылары жеңіп алды. Ал ұпай саны бойынша тең түскен «BlueSky» мен «Makeba№1» топтары үшінші орынды бөлісіп алды.
– Бұл ойында төрт бұрымды әріптесіммен бір командада бақ сынап, ақыл-ой сынға түскен додада бәйгені шаппай алдық. Жалпы қарсыластар осал болған жоқ. Әр топта кіл мықтылар жиналған. Сұрақтар сан алуан. Кейбірін, тіпті, қисыннан қиыстырудың өзі қиын. Содан не керек, біраз ми қыртыстарымызды қозғауға тура келді. Жалпы, осындай кезде адамның тылсым қабілеті мен қасиеті ашыла түседі екен. Жақсы көңіл сергітіп, әріптестермен керемет басқосу болды, –дейді зияткерлік сайыста топ жарған команданың ойыншысы, «Qazaqstan» телеарнасының меншікті тілшісі Әділбек Жақанов.
Мерекелік шарада ой сергітіп, білім көкжиегін кеңейте түскен журналистер алдағы уақытта мектеп бастамаларын қолдауға дайын екендіктерін жеткізді. Оқу ағарту саласын, зияткерлік ұрпаққа білім беру үдерісін жан-жақты ақпараттандыруда жоғары кәсібилігі үшін «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газетінің және «Qyzylorda» телеарнасының ұжымы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Басқарма төрағасы Ануар Жангозиннің Алғыс хатымен марапатталды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<