«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация КЕ АҚ облыс бойынша филиалы Наурыз мерекесін атап өтті. Халыққа қызмет көрсету орталығының №1 бөлімінде мерекелік шара ұйымдастырылып, қызмет алушылар наурызкөжеден дәм татты. Сондай-ақ осы бөлімде филиал директоры Айнұр Тобаева мен жиын қонағы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов қос сәбидің тұсауын кесіп, бүлдіршіндердің алғашқы қадамына сәттілік тіледі.
– Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық сүйікті мерекеге айналды. Әз Наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін тереңнен тартар ежелгі қасиетін біз барлық отандастардың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға міндеттіміз. Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтай отырып, елімізге тыныштық, отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Ақ мол, жыл ырысты болсын! – деді филиал директоры.
Наурыз тойы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация КЕ АҚ облыс бойынша филиалында жалғасын тапты. Ғимарат алдында тігілген киіз үйде мерекеге арнайы шақырылған қонақтар мен ардагерлерге арналған ақ дастархан жайылды. Меймандар наурызкөже ішіп, дәстүрлі қазақ әндерін тыңдады. Мұнда ұлттық дәстүр бойынша баланың тұсауы кесіліп, меймандар ақ батасын берді. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған іс-шара өзге бөлімдерде де аталып өтті.
Әлібек ЖАПБАСБАЕВ,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация
КЕ АҚ облыс бойынша филиалының маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<