«Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы табысталды

790

0

Алаштың рухани ордасы, қасиетті өлке, келбеті көркем, келешегі кемел сүйікті қаламыз – Қызылорда күніне арналған мерекелік шаралар легі шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Сыр Ана» алаңында қорытындыланды.

Қала әкімі Алаштың анасына, бақыттың қаласына айналған қос ғасырдан аса тарихы бар қазақ атын қайтарған алғашқы астана күнімен барша қызылордалықтарды құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Алаш арыстарының табанының табы, ұлт зиялыларының ізі қалған, береке-бірлігі бұзылмаған Ұлы достықтың ордасы, Алаштың Ақмешіті атанған – Қызылорданың тарихын тарқатып, бүгінгі жетістіктері мен жаңалықтарына тоқталды.

Жыл көлемінде атқарылған тірліктерді тізбектеп, инфрақұрылым дамып, тұрғын үй құрылысының еселеп артқанын, өндіріс көлемі мен ауыл шаруашылығы саласының өркендегенін, кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып, әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізіп, қайта жаңғырту қарқын алғанын және қала бюджетінің ұлғайып 68,9 млрд. теңгеден 100 млрд. теңгеге жеткенін атап өтті.

Мерекелік бағдарлама қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық-саяси өмірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтарға «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын берумен жалғасты. Шаһар басшысы қаланың ең жоғарғы марапаты, Қызылорда қаласының құрметті азаматы атағын 17 адамға табыстады.

Құрметті атаққа еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, қызметтің түрлі сатыларынан өтіп, еңбек көрігінде есейген, елге сыйлы, қызметте абыройлы бола білген, қаламыздың дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері, профессорлар, құқық қорғау, құрылыс, денсаулық, білім, мәдениет саласының ардагерлері ие болды.

Қала әкімі түрлі салада қажырлы еңбек етіп, абыройлы қызмет атқарған, Сырдың жанашыр азаматтарын марапаттарымен құттықтап, алдағы байырқалы бастамаларына табыс тіледі.
Мерекелік шара соңында ағымдағы жылы өткен «Қызылорда LIVE» республикалық композиторлар байқауында үздік деп танылған әндер орындалып, «Қызылорда» атты жаңа әннің тұсауы кесілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<