Қызылорда қаласының тұрғыны Есенбек Сейітов жүк тиегіш трактор құрастырып шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ардагер еңбек жолында төтенше жағдайлар саласында ұзақ жыл жұмыс iстеген. Шағын трактор әзірге зейнеткердің есік алдындағы жұмысты тындыруға жарап тұр. Бүгінде өнертапқышқа өзге де азаматтардан тапсырыс келіп түсуде. Ол шағын тракторды жасап шығару идеясы қалай туғанын айтады.
«Осы мақсатта ғаламторды ақтардым. Соған қарай отырып, жүк көлігін құрастырдым. Алдымен мотор сатып алдым, содан соң зейнетақы түскен сайын бір бөлшектен алып, құрастыра бердім. Барлық бөлшекті металл базасынан жинақтап шықтым. Кейбірін қолдан дәнекерледім. Трактордың отырғышына «ГАЗелдің» орындығын, «Волга» қозғалтқышын, «Мерседес» көлігінің дөңгелегін, УАЗ көлігінің рулін, басқа 7 автокөліктің бөлшектерін пайдаландым. Бұл жүк тиегіш трактор шаруа қожалықтарына тапсырмас техника деп есептеймін», – дейді зейнеткер Есенбек Сейітов.
Жасаған трактордың бiр ерекшелiгi жанармайды аз шығындайды. Демек шаруаның бар қажетiне жарап-ақ тұр. Бұл трактор жеңіл әрі қарапайым тәсілмен жасалған. Егер бір жері жарамсыз болып қалса, кез келген механик оны қайта жөндей алады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<