Референдум – жаңашылдық бастауы

574

0

Ел өмірі үшін тарихи күн – жалпыхалықтық референдум да аяқталды. Жаңа Қазақстанның іргетасын қалауға бағытталған алғашқы қадам жасалды. Конституцияға енгізілетін өзгерістерге бей-жай қарамайтындар саяси науқанға біркісідей қатысып, оның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Сонымен референдум нәтижесі қалай болды? Ел тағдыры үшін жауапты істе қанша адам белсенділік танытты?

ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, республикада 10 013 сайлау учаскесі іске қосылған. Жалпы ел бойынша 11 734 642 дауыс беруге қатысу құқығы бар адамның 68,6 проценті референдумға қатысқан. Оның ішінде оң шешімді жақтап, дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 процентін құрады. Бұл – 6 163 863 адам.

Референдум – жаңашылдық бастауы

– Республикадағы 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрады. Осылайша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақталды. Конституциялық түзетулерге 1 490 475 адам қарсы дауыс берген.  Бұл жалпы дауыс беруге қатысқандардың 18,66 процентін құрап отыр. Сондай-ақ, 320 мыңнан астам бюллетень жарамсыз деп танылды. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған. Дауыстарды санау кезінде ескерілмейтін бюллетень саны 1,58 процент немесе 125 859 бюллетеньді құрады. Қалған дауыс берушілердің ерік білдіруін анықтау мүмкін емес деп танылғандықтан жарамсыз. Мұндай бюллетень саны 206 096 болды, – деді ол.

Тарихи сәттен сыртта жүрген қазақстандықтар да қалыс қалмады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің деректері бойынша, шетелдегі 65 сайлау учаскесінде дауыс беру 72,95%-ті құрады. «Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 06:00-де Вашингтон, Нью-Йорк пен Оттавада дауыс беруге арналған учаскелер жабылды. Осылайша Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдум аяқталды», – делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Республикалық референдумның нәтижесін 3 Еxit poll жариялады. «Қоғамдық пікір» институты жүргізген сауалнамада Конституцияға түзетулер енгізуге қолдау білдірген респонденттер 74,8 процентті, ал қарсы болғандар 25,25%-ті құраған. Cонымен қатар «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жүргізген сауалнамаға 15 мыңнан астам адам қатысқан. Зерттеу қорытындысының қателігі 2,7 процентті құрайды.

Референдум – жаңашылдық бастауы

Демократия институты Exit poll бірінші рет өткізіп отырған жоқ. Ол Қазақстанда 2007 жылдан бергі сайлау науқандары кезінде бейімделген әдістеме арқылы жүргізілді. Ал «СОЦИС-А» компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесінде қатысқандардың 76,7%-і Конституцияға өзгеріс енгізуге «иә» деп жауап берсе, 23,3%-і қарсы болған.

Саяси додада Сыр халқы да белсенділігімен ерекшеленді. Бұл жолғы референдумның маңыздылығын ескергендіктен шығар, сайлау учаскелеріне таң атысымен дауыс беруге келгендердің қарасы көп болды. Екінші Республика құруға ниет еткен әрбір жан тарихи оқиғадан тыс қалмады. Алды 101 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров ақсақал болса, 18 жасқа енді толған жастар да алғаш рет дауыс берді. Жалпыхалықтық референдумда еліміздің түкпір-түкпірінен тұрғындар белсенділік танытты. Аға буын, танымал қайраткерлер, зиялы қауым өкілдері, әскери борышын өтеп жүргендер саяси науқанға қатыстып, таңдауын жасады.

Аумақтық референдум комиссиясының ұсынған деректеріне сәйкес, 5 маусым сағат 11.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген дауыс берушілердің жалпы санының 48,73 проценті бюллетень алған. Орталық референдум комиссисының мүшесі Анастасия Щегорцованың мәлімдеуінше, сағат 14.00-де республика бойынша 6 миллионнан астам адам дауыс берген. Бұл уақытта дауыс беруге қатысудан Қызылорда облысы көш бастады, яғни 65,3%.

Облыстағы 373 сайлау учаскесіне дауыс беру құқығы бар 462 685 адам болса, соның 79,89 проценті науқанға қатысты. Осындай көрсеткішпен республика бойынша екінші орынға табан тіредік. Көш басында Түркістан облысы 80,66%. Мұнан кейін Шығыс Қазақстан 77,49%, Қарағанды облысы 77,39%.

Референдум үдерістерін бақылау мақсатында облыстағы 345 ашық дауыс беру учаскесінде 3800-ден астам қоғамдық ұйым өкілі өз миссиясын жасады. Бұл жұмыстарды өңірде «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы үйлестірді. Өңірде дауыс беру учаскелерінде заң бұзу фактілері орын алған жоқ.

Шетелдік бақылаушылардың бірі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында, Қазақстандағы референдум ашық әрі әділ, демократиялы түрде өтті деп есептейді.

–    Маусымның 3-і мен 5-і аралығында ШЫҰ миссиясы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің шақыртуымен референдумда байқау миссиясын жүргізді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясы 17 мүшеден тұрады. Оған  атқарушы және заңнамалық органдардың өкілдері, ШЫҰ лауазымды тұлғалары кіреді. Мен Бас хатшы ретінде миссияны басқарамын. Миссия мүшелері Орталық референдум комиссияларының құрамымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Халықаралық ұйымдар мен шетелдік байқаушылармен бірлесе жұмыс істеп, орталық референдум комиссиясының айтулы шараға дайындығы мен өткізуге қатысты жұмысын бақылады. Сонымен қатар Елордадағы халықтың референдумға қатысу процесіне байқау жүргізілді. Миссия Қазақстан тарапы өзінің талаптарын толық орындады деп есептейді. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстанның сайлау заңнамасына сай өтті. Референдум барысында ешқандай заң бұзу анықталмады. Осы орайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ШЫҰ миссиясының байқаушы ретінде жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасағаны үшін алғыс айтқым келеді, – дейді ол.

Айта кетейік, Конституциялық референдум өткізуге республикалық бюджеттен 16 млрд 400 млн теңге бөлінді. Бұл шығыстардың 79 проценті комиссия мүшелерінің жалақысын төлеуге бағытталса, қалған 21 проценті дауыс беру учаскелерінің материалдық-техникалық жағын қамтамасыз етілуіне көзделген.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<