Саяси қуғын-сүргін құрбандары рухына тағзым етті

910

0

Бүгін ХХ ғасырдың 30 – жылдарында қазақ халқын мұңға бөлеп, зор қайғы әкелген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Осыған орай, Шиелі аудандық Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңында аудан әкімі Нариман Мақұлбековтың қатысуымен, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған митинг өтті.

Митинг барысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, аудан әкімі Нариман Мақұлбеков аудан тұрғындарымен бірге құрбандардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Аудандық Оқшы ата атындағы орталық мешіттің наиб имамы Н.Жаханшаұлы зұлмат заман жылдарында бақилық болған боздақтар мен алаш арыстарына арнап құран бағыштады.

Саяси қуғын-сүргін жылдары «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділердің әрекетінен 40 миллионнан астам мал басы қырылып, халық жаппай ашаршылыққа ұшырап, елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды.

Қазақ халқының көрнекті, көзі ашық, көкірегі ояу қайраткерлері азап шегіп, олардың туған-туыстары мен жақындары да аяусыз зорлық-зомбылық көрді, қудаланды.

Қазақтың зиялы азаматтарымен қатар мыңдаған қарапайым, шаруа адамдары да жазықсыз жазаланды.

Сол қаралы жылдар Сыр бойы халқын да сынаққа салды.

Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқандығына қарамастан, қазақ халқы, тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этностар өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды.

Тар жерде табысқандардың ұрпағы – кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды.

Бейбітшіліктің бесігі атанып, бүкіл әлемге танылды. Төрт тарапты түгел мойындатып, өсіп-өркендеу жолына түсті.

Қазіргі осы күнге жету үшін аға ұрпақтың қандай тарихи қиын жолдардан өткенін білу – бүгінгі жас ұрпақтың міндеті.

Ата – баба арманын асқақтатып, атақонысымызға иелік етіп, жаңғырған «Жаңа Қазақстанды» жасайтын жастар кешегі күннен сабақ алып, өнегесін өрістетеді деп сенеміз!

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Президент Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті, деп хабарлайды Ақорда. Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Президент ескерткішке гүл шоғын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезінде құрбан болғандардың рухына тағзым етті.

Осы іс-шараға нәубет жылдары зардап шеккен отандастарымыздың жақындары мен туыстары қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<