Арал ауданына қарасты Ақеспе деген ауылдың жанында жер астынан ыстық су атқылап жатыр.
Басында орнатылған жадынамаға сүйенсек, 1986 жылы осы ұңғыма қазылып, 1200 метр тереңдіктен ыстық су шыққан. Судың температурасы – 620C. Тері, буын, жүйке ауруларына, салқын тигенде пайдалы деп көрсетілген.
Жаз мезгілінде осы судың басына күніне жүздеген адам келіп-кетеді. Еркіндіке үйренген қазақ шатырын құрып қона жатады, қазан көтеріп, самаурыннан шай ішіп, бала-шағасымен мәре-сәре. Былайынша айтқанда, нағыз экотуризм, керек десеңіз, экомедицина.
Отыз жылдан бері атқылап жатқан судың басында бүгінгі күнге бір қонақ үй салынып, екі киіз үй тігілген. Асхана соғылуда. Басынан шұбат, құрт үзілмейді. Ескерерлігі, ұялы байланыс жоқ. Аса қажет болса, Аctiv пен Вeeline байланысын іздеп, сол маңайдағы төбе мен төмпешікті, не қыратты қуып кетесіз, оның да күші тек «аллоға» ғана жетеді.
Маңыздысы, судың, сол жердегі қара батпақтың химиялық құрамын анықтап, қай кеселге қаншалықты әсері бары нақтыланса. Сумен бірге жал-жал болған бұл жердің құмы да бойдағы жел-құзды алып түсер қасиеті бар деп жатады. Қажет болса, жаз мезгілінде ақылы негізде болса да, медицина өкілінің кезекшілігі ұйымдастырылса. Бұл шаруаны мемлекет атқарса, бюджет ақшасын жұмсайды, кәсіпкер айналысса, пайда табады.
Бұл жерде басты ұстаным – ыстық су тегін, басқа сервис ақылы, бастысы бағасы ақылға қонымды болуында. Жалпы бүкіл еліміз бойынша осыған ұқсас жер астынан шығып шатқан су көздерінің емдік қасиеттерін толық зерттеп, арнайы анықтамалық шығарылса, құба-құп болар еді.
Сәбит Көшербаев,
Томирис Сәйпенова,
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<