Адал адам

54

0

Адалдық – кез келген адамның бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Ол – адамгершіліктің, парасаттылықтың негізі. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде:

«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс,»-деп, адалдықтың қоғамдағы орнын айшықтап көрсеткен болатын.

Жалпы, қазақ халқының болмысы, ұлттық тәрбиесінің түп қазығы адалдыққа негізделген. Ұлы Абай атамыз «Қандай тірлік істесең де адал істе, бос жатпа, кәсіп тап, еңбек ет» дегенді насихаттаған екен. Адалдықтың символикасы ретінде талай адамның тағдырын мысалға алып көрсетуге болады. Себебі, адалдық пен арамдықты антонимдер деп қарастырып, салыстыратын болсақ, бұл қасиет тек сөзбен емес, іс-әрекетпен көрінеді.

Адалдық ең алдымен ата-ананың тәрбиесінен бастау алады. «Әке берген тәрбие он мектептің тәлімінен артық» деген нақыл сөз бар. Бұл шындық. Адам бойындағы жақсы қасиеттердің негізі отбасында қаланады.

Мысалы, адалдықтың биік шыңына жеткен Хәкім Абай қайдан шықты деген сұраққа жауап іздеп көрейікші. Шын мәнінде Абай атамыздың әкесі Құнанбай – тағылымы мол, бойында адамға тән жақсылық қасиет заманнан заманға үлгі боларлық, ұлттық сананы сақтап қалған тұлға. Оның балаларына жасаған әкелік қамқорлығы, қазақ үшін, бүкіл ұлтымыз үшін мақтан тұтарлық әке екендігі мұрағат құжаттарын  ақтарғанда айқын көрінеді. Балалардың дүниеге келуі мен өсуіне, олардың жастайынан бітім-болмысының жетілуіне көреген әке көп мән берген. Олардың рухани танымына бағыт берумен қатар, мінез – құлқының қалыптасуына қарай жағдай жасап, ақыл-кеңес беріп отырған. Абайды ең алғаш шешендік өнерге баулыған, оның бойындағы асыл қасиеттерді байқап, оны дамыту үшін Абайды әр түрлі даулы мәселелерді шешуге бет бұрғызып, ел, жер көруіне себепші болған – әкесі Құнанбай еді. Демек, алма ағашынан ұзап түспеді.

Біз адалдықты ең алдымен әке мен анадан үйренеміз. Баласын асырап баққанда, тәрбиелегенде ата-ана адалдық жолын ұстанса, перзентіде сол жолды таңдамақ. Талай заңғар тұлғалардың адалдығына тәнті бола отырып, тегін зерттесең олардың арғы жағында ата-анасы тұрады. Мысалы ұлы Абайдың артында ұлы Құнанбай әкесі тұрғаны сияқты.

Адалдық қасиетін дәріптейтін тұлғалардың бірі – қазақтың тұңғыш әйел дәрігері Аққағаз Досжанова. Оның өмірі мен еңбегі адалдық пен адамгершіліктің айқын көрінісі болды. Аққағаз Досжанова ХХ ғасырдың басында медициналық білім алып, халықтың денсаулығын жақсартуға бар күш-жігерін салған. Ол әйелдер мен балалардың жағдайына ерекше көңіл бөліп, емдеу ісіне жаңашылдық енгізді. Аққағаз тек дәрігер ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де халқына адал қызмет етті. Оның өмірі мен еңбегі адалдықтың жарқын үлгісі болып, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдырды.

Мен Асқар Нұрай Бақытбекқызы Жоғарғы оқу орнында М.Оспанов атындағы медициналық университетте білім алып жүрмін. Мақсатым-еліме, ұлтыма пайдалы дәрігер болу. Жалпы қандай мамандық иесі болсаң да, ең басты ұстанатын қағидаң адалдық болуы тиіс. Мен адалдықты анамның ақ сүтінен, әкемнің мейірімінен үйрендім. Менің әкем мен анам  қарапайым ғана нәпақасын адал жолмен тауып жүрген жандар. Әкем  күн көзі жылып, жердің тоңы жіби бастағаннан қолына кетпенін алып егін егудің қамына кіріседі. Балаларын да еңбекпен тапқан нанның тәттілігін сезсін дей ме, әйтеуір, қасынан қалдырмай  алып жүретін. Мен өсіп-өнген ауыл егін шаруашылығымен айналысады. Біздің ауылдың картобы Қызылорда аумағында сапалылығы мен тәттілігі жөнінде алдыңғы орында. Біздің ауылдан шыққан бренд өнім десе де болады. Әкем Бақытбек – дамыл таппай күні-түні жұмыс істейтін еңбекші. Күндіз ол алқапта жүріп, торғайларды қуалайды, түнде өзінің егістігі мен бақшасын малдан қориды. Денесі жаздың ыстық аптабынан адам айтқысыз қарайып күйіп, қатайып кетеді. Қаншама ауыр еңбекті бастан кешіріп, қиындықта шаршаса да менің әкем ешқашан қабақ шытқан емес. Арықпен егістікті суғара жүріп, ол егіндікті темір күрек немесе кетпенмен аралайды, оның міндеті барлық егістікті тұтас, бірдей суғару, су жүрмеген атыздарға үлкен төзіммен күрекпен су шашады. Оған мұндай төзімділік Асқар атамның тәрбиесімен келген. Оның егістіктегі жазғы еңбегі, тіпті, ауыр: шығып тұрған картоптың пәлегін отау, суғару. Тек картоп егумен шектелмей, қияр, қызанақ, қауын, қарбыз, қызылша т.с.с егіп баптауды да ұмытпайды. Ал біз анамызбен бірге әкеме қолғабыс жасап, көмектесуге ұмтыламыз. Ал күз мезгілі келгенде әрбір піскен бақша өнімдерін үйге әкелгендегі менің әкемнің балаша қуанатынын көрсеңіз… Себебі ол адал еңбегінің нәтижесін көрді, дәмін татты. Әкем көктем, жаз ауыр бейнетпен еккен картобын үнемі ағайын, көрші, достарымен бөлісіп отырады.

Осы адалдық қасиеттері менің бойымнан табыла ма? Мен келешек дәрігермін ғой? Қоғамдағы адамдардың маған деген көзқарасы қандай болуы мүмкін? Иә, менің бойымнан асыл қасиеттер табылады. Себебі мен өмірге шынайы көзқараспен қарап, жарқын болашағыма аяқ басамын, себебі мен жоғарыда айтып өткендей жарқын жүзді жайсаң жандардан туылып, тәрбие алғанмын! Өз еңбегіммен нан тауып, алдыға қойған мақсатыма жетемін. Мен адалдықтың туын биік ұстайтын, біліктілігі жоғары дәрігер боламын(Кейде пара алатын дәрігерлер туралы қауесет әңгімелерді естіп жатамыз). Қоғамда маған деген достарымның көзқарасы жақсы. Демек, менің бойымда осы асыл қасиеттер табылады.

Адалдық – адамдықтың белгісі іспетті. Адам баласы қоғамда өзінің адамгершілігімен, адалдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Көшпелі қазақ халқы да бұрыннан жас ұрпақтарын асыл қасиеттерге баулыды және қазір де баулып келеді. Еліміздің әрбір тұлғасы ата-анасына, Отанына, мамандығына адалдық танытса, елімізде сыбайлас жемқорлық, парақорлық жоқ болар еді.

Мұхтар Әуезов: «Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен», – деген. Адалдық – кез келген адам үшін өмірлік бағыт сілтейтін шамшырақ іспетті. Адал жолмен тапқан табыс – ең таза, ең берекелі табыс. Адалдықты ұстанған адамның беделі әрдайым биік болады.

Асқар Нұрай Бақытбекқызы,

М.Оспанов атындағы медицина

университетінің 2 курс студенті,

№39 «Қызылөзек» орта мектебінің түлегі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<