Сыр суының берекесі болған азамат

707

0

Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында Қазақстанда суармалы жер аумағын ұлғайтамыз деген ұранмен жаңа суару жүйелерін құру жобаларына қатты көңіл бөлініп, пайдаланудағы суару жүйелерін күтіп баптау мен күрделі жөндеу және сол жүйелерден су «ішетін» жерлерді тегістеп тұру шаралары кенжелеп қалғандары жасырын емес.

С.Ш.Арыстанбаев сол кездегі Министрліктің «жаңа жер игереміз» дегендеріңіз дұрыс, алайда қолдағы пайдаланудағы суармалы жерлерді «ұмытып» кетуге болмайды деп нықтап айтып, олардың суару жүйелерінің қатты күйзеліп кетуіне қарсы күрделі жөндеу жұмыстарын жедел ұйымдастыруына ұйытқы болды.

Нәтижесінде 1974 жылы Қызылорда және Талдықорған (қазіргі Алматы) облыстарында негізінен күріш жүйелерін күрделі жөндеу және чектерін тегістеу жұмыстарын атқаратын арнайы трестер ашылды. Шындығына келсек, Сабыр ағаның бұл әрекеті сол кезеңдердің ерекшеліктеріне қарағанда оңай болған жоқ.

 Алайда Сабыр аға өз ұсынысын білімі мен тәжірибесіне сүйеніп табанды және қандай нәтиже беретінін ғылыми-жобалық түрде дәләлдей отырып түсіндіре білді.

        Күрделі жөндеуден өткен жүйе егер жылдық күтіп баптау жұмыстары шаруашылықтар тарапынан мұқият орындалып тұрмаса, 2-3 жылда тозып кететінін ескеріп Сабыр аға суғару маусымы аяқталғаннан кейін, келесі суару маусымына дейін суару жүйесін «су қабылдауға» техникалық-эксплуатациялық тұрғыдан толық дайындауды (қайырланған арналарды тазарту, су шығарғыш гидроқұрылымдарды жөндеу т.б) шаруашылық басшыларына мықтап тапсыру мақсатында Облыстық атқару комитетіне арнайы қаулы шығару жөнінде талап қойған.

         Осы еңбегінің нәтижесі сол жылдардағы Қызылорда облысы мен Талдықорған облысындағы күріштік суару жүйелерінің «жедел» тозып істен шығуына жол бермеді, әсіресе, қуаңшылық жылдары суды тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Сабыр ағаның осындай кәсіби «мазасыздығы» бұл, әрине, аталған екі өңірлердің «суды берекелі пайдалану мәдениетін қалыптастырды» ауыл еңбеккерлеріне деген үлкен экономикалық-әлеуметтік көмек болды.

Сабыр Шаймерденұлы су пайдалану барысын бақылауға және қадағалауға қатты көңіл бөлген. Әр тәулікте суару жүйелеріне қанша су берілді және неше гектар жер сумен бастырылды сияқты мәліметтерді мұқият талдап, кемшіліктерді кешіктірмей түзету шараларын ұйымдастырып отырған, қажетті ақпаратты облыс басшыларына жолдап тұрған.

         Бұл мәселені түсіндіргенде тек суды үнемдеу емес егіншілікке қажетті ресурстардың бәрін жырымдамай, әр гектар жерге берекелі қолдану арқылы табысты боласыздар деген. Жоңышқа өсірсеңіздер, малға шөп, ал жоңышқадан соң егілген күріш те, басқа дақыл да өнімді болып, түсімді болатынын негізге алды. Сабыр ағаның кейбір басшыларға «жаман атты» болып қойған талаптары, кейіннен оны сыйлатқан, себебі бұл талаптар ғылыми тұрғыдан өте дұрыс ұсыныстар еді.

         Сабыр Шаймерденұлының суды нормамен және кестемен беруге барынша тырысқанының тағы бір себебі шаруашылық жерлеріндегі топырақты тоздырмау еді. Себебі жоба бойынша дрен – коллекторлар әр гектардан шығатын жобалық (нормативтік) дренаж суы ағысына және судың нормативтік (технологиялық) танап сыртына «қашып» кететін мөлшеріне қарап есептелінеді, ал артық алынған су коллекторларға толып, олардың жұмыс қабілетін кемітеді, сонымен қатар олардың қабырғалары мүжіліп құлайды. Осыдан барып оны тазалауға қыруар қаражат қажет болады.

         Сабыр Шаймерденұлы негізінен су шаруашылығы және гидромелиорация құрылымдарын пайдалану және күтіп баптау бағытында қызмет атқарған адам ретінде осы мәселелерге өте қатты көңіл бөлгенін жоғарыда айтылғандардан байқауға болады.

         Сабыр Шаймерденұлы мамандығы бойынша терең білімін, су және гидромелиорация жүйелерін пайдалану және күтіп-баптау бойынша ұсыныстарға зеректілігін, мол тәжірибесі мен іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілеттері мен еңбексүйгіштік қасиеттерін, қарамағындағы мамандарға деген қамқорлығын, кәсіби табандылығын Қызылорда облыстық су шаруашылығын өркендетуге қалтқысыз арнаған азамат.

Замандастары мен әріптестері ол кісінің тынымсыз еңбегін көріп білгендіктен «Судың тамыршысы, еңбектің әміршісі» деп бағалаған.

 Сабыр Шаймерденұлы өзі қызмет атқарған жылдарда Қызылорда облысындағы күріш жүйелерінде су пайдалану және оларға Сырдың суын арнайы кесте негізінде есепке ала отырып шаруашылықтарға дұрыс тарату мәдениетін қалыптастыруға бар кәсіби мүмкіндігін арнаған азамат.

Қызылорда облысы ауыл шаруашылығының дамуына гидромелиоративтік жағдай қалыптастыру Қызылорда плотинасымен тікелей байланысты болғаны тек мамандарға ғана емес Сыр өңірі жұртшылығынада аян. Сырдария суы мол, немесе аз болған жылдарда, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында плотинаның жұмыс кестесін су балансы есептеріне жүгіне отырып дұрыс үйлестіре білу оңай шаруа емес екені белгілі.

 Мен 1975 жылдан бұл кісімен ішінара таныс болғаным бар. Сырдария ауданы қалаға іргелес, Қызылорда Су торабы аудан орталығында болғаны, бүкіл Шіркейілі массивынан су алатын төрт ауданға су тарату осы плотинадан реттелетін болғандықтан Сәкең ауданға жиілеу соғатын.

Мен аудандық партия комитетінде ауылшаруашылық бөлімінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі қызметінде, кейін 5 жыл Жамбыл совхозының директоры, 5 жыл аудандық ауылшаруашылығы басқармасы басшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы ретінде плотина басында, облыстағы жыйындарда Сәкеңнің маман, Сала басшысы қызметіндегі біліктілігі, туралығы, талаптылығы, кез келген деңгейдегі басшылардың алдында өз позициясынан тайынбайтын мінезімен ерекшеленетін еді.

 Облысты басқарған сол кезеңдердегі И.Әбдікәрімов, Т.Есетов. Аудан басшылары Е.Жүнісбаев, Қ.Қазантаев, О.Бәйімбетов, Н.Ергешбаев. С.Шаухаманов, С.Далдабаев тб ағаларымызбен Трестердің басшылары Х.Гукасов, Е.Бозғұлов, Морозов, Ф.фаткулдинов ағалармен қызметтік, әріптестік замандастық қарым қатынастарына қарап, С.Досболов, С.Сағымбаев, М.Нәлібаев, Ә.Құтжанов, Б.Жақыпов тб жүздеген су мамандарын тәрбиелеген Сабыр ағамыздың Ел ағасы, ірі ұйымдастырушы, өз саласының кәсіби маманы ретінде есімізде қалған Тұлға!

Сондықтан, Сабыр Шаймерденұлы облыстық су шаруашылығы мекемесінің басшысы ретінде аталған плотинаның және онымен гидравликалық байланыстағы басқада гидротехникалық насандарды өзара үйлесімді түрде дұрыс пайдалануына, олардың техникалық күйін қолдануға бағытталған күнделікті қадағалаумен күтіп-баптау жұмыстарының сапалы орындалуына бар ынта жігер зердесімен мүмкіндігінше қатты көңіл бөлген.

Сол себепті С.Ш.Арыстанбаевты замандас-әріптестері Қызылорда плотинасының «бас дирижері» деп атаған екен.

Абибуллаев И. С.

Ардагер, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария аудандарының және Қызылорда қаласының Құрметті азаматты.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<