2024 жылы алғашқы рет барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада өңірлік кадр резервтеріне іріктеу өткізу жоспарлануда.
Резервке іріктеуді әрбір өңірде қалыптастырылған кадр комиссиясы жүзеге асырады. Кадр комиссиясының төрағасы облыс әкімі, комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшесінің басшысы. Комиссия құрамы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі аппаратының басшысы, мәслихат төрағасы және тексеру комиссиясының төрағасынан құралады.
Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамыту басымдықтарын ескере отырып, іріктеу кезеңдерін өткізу мерзімдерін, өңірлік резервке алынатын кандидаттардың санын, салалық бағыттарды Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша айқындайды.
Биылғы жылғы Резервке іріктеудің салалық бағыттары:
1) индустрия және өнеркәсіп;
2) экономика және қаржы;
3) әлеуметтік сала;
4) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;
5) агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;
6) цифрландыру;
7) экология болып бекітілді.
Яғни, Резервке құжат тапсырған кезде кандидаттар осы бағыттардың бірін таңдайды. Бұл дегеніміз кандидаттар Резервтен өткен жағдайда таңдаған саласының бағытында қызмет атқарады.
Резервке 35 жастан аспаған, жоғары білімі және жалпы еңбек өтілі 3 жылдан кем емес азаматтар іріктеуге қатыса алады.
Резервке іріктеу мынадай кезеңдерден тұрады:
1) кандидаттардың құжаттарын қабылдау;
2) заңнаманы білуге тестілеу және жеке қасиеттерін бағалау;
3) құзыреттерді бағалау;
4) комиссиядағы құрылымдық сұхбат;
5) комиссияның отырысында өңірлік резервке алуға ұсынылған кандидатураларды қарау.
Алғашқы кезең ағымдағы жылдың 1 наурызынан 31 наурызына дейін жалғасады. Құжаттарды қабылдау onir.pkrezerv.gov.kz онлайн-платформасында кандидаттарды тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Әрбір кандидатқа жеке логин және пароль беріледі. Тіркеу кезінде кандидаттар мынандай құжаттарды жүктейді:
1) Қазақстан Республикасы жеке куәлігінің не паспортының көшірмесі;
2) өтініш;
3) бiлiмi туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшiрмелерi.
4) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі, соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған осы өңірлік резервке кандидаттың толтырылған қызметтік тізімі.
Құжаттарды тапсыру сәтінде жұмыссыз болып табылатын кандидаттар соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметі куәландырған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады;
5) үміткердің түрлі-түсті фотосуреті.
Іріктеудің екінші кезеңі 6 сәуір мен 14 сәуір аралығында өткізіледі. Бұл кезеңде кандидат заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тест тапсырады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясының, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарының, Әдеп кодексінің нормаларынан тест тапсырады.
Құзыреттерді бағалау кезеңі Астана қаласында 22 сәуірден 7 маусымға дейін жалғасады. Үшінші кезең Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының базасында офлайн форматта өткізіледі.
Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлқын: белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік секілді қасиеттерін анықтауға және бағалауға бағытталып, топтық және жеке жаттығуларды қамтиды, олардың барысында кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды.
Іріктеудің төртінші кезеңі 13 маусым мен 15 маусым аралығында болады. Мұнда сұхбат кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес тақырыптажобаны презентациялау форматында жүргізіледі.
Кандидат әрбір кезеңді тапсыратын уақытта кезеңнен өту тілін бөлек таңдайды және әрбір кезеңнен кейін іріктеудің келесі кезеңдеріне жіберілген кандидаттардың тізімі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерінің интернет-ресурстарында, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланады.
Іріктеудің соңғы кезеңінде комиссия отырысында Өңірлік резервке қабылдау туралы шешім шығарады. Комиссия ұсынған азаматтар өңірлік резервке іріктеуге қатысу туралы өтініште көрсетілген бағыттар бойынша Өңірлік резервке алынады. Резервке алынған азаматтар өзінің таңдаған салалық бағытына сәйкес конкурстан тыс мемлекеттік қызметке тағайындала алады.
Бұл дегеніміз білімді, қазіргі заман талабына сай дарынды жастардың мемлекеттік қызметке келуі үшін жастарға берілген мүмкіндік.
Сәкен Әміржан Сәкенұлы,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<