Сұйытылған газ бағасын 2030 жылға дейін мемлекет реттейтін болды — Заң нормасы

52

0

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Сұйытылған газдың бағасын 2030 жылға дейін мемлекет өзі реттейді. Сенат екі оқылымда қарап, мақұлдаған биржа саудасы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңда осындай норма бар.

Құжатты таныстырған сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов бұл заң 2 Кодекске және 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналғанын айтты.

Атап айтқанда:

– әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлардың тізбесін қалыптастыру;

– «стандартталған тауар», «стандартталмаған тауар» және «стандартты аукцион режим» ұғымдарын алып тастау;

– тауар биржаларының брокерлері мен клирингтік орталықтарын лицензиялау тетігін енгізу;

– тауар биржаларын шағын және микробизнес субъектілері санатынан шығару;

– тауар биржаларына мемлекеттік бақылауды кеңейту;

– тауар биржасы арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мүмкіндігін болдырмау;

– тауар биржасына шығу үшін жарналардың бірыңғай ең жоғары мөлшерін белгілеу;

– биржалық сауда-саттыққа жосықсыз қатысушылардың тізілімін қалыптастыру.

– Заңда сұйытылған мұнай газын тауар биржалары арқылы сатуды 2030 жылға дейін, ал электр қуатын реттеу қызметтерін сатып алуды келесі жылдың шілдесіне дейін кейінге қалдыру туралы норма бар, — деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Бұл нормаға түсініктеме берген Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов 2030 жылға дейін сұйытылған газға деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз ететіндей жүйе құрып, осыдан кейін ғана бұл өнімнің саудасын биржаға көшіру туралы шешім қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, 2030 жылға дейін сұйытылған газ бағасы біртіндеп көтеріліп отырады.

Еске салсақ, қараша айында сұйытылған газды елден сыртқа шығаруға қойылған шектеу жарты жылға ұзартылған еді. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<