Бүгін Қазалыда «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Сыны мен сыры бөлек Сыр аналары» атты аналар форумы өтті. Р. Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен шарада кәсіпкер аналардың қолдан жасалған туындылары таныстырылды. Онда қолөнер шеберлерінің бұйымдары, ұлттық нақышта тігілген киімдермен қоса кондитерлік өнімдер көрмеге қойылды.
Тағылым мол шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов төрағалық етіп, облыстық форумға қатысушы қонақтарды таныстырып өтті. Сондай-ақ, отбасылық және ұлттық құндылықтар дәріптеле түсетін аталмыш форумның маңызына тоқталды.
Мұнан соң облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Қаржаубайқызы қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген аналардың рөлі мен отбасылық құндылықтар және ұлттық тәрбиеге басымдық беру жайында сөз қозғап, барша жиынға қатысушыларға жылы лебізін жеткізді.
Өз кезегінде «Ана мен бала денсаулығын қорғау» тақырыбында аудандық аурухананың бас дәрігері Бақыткүл Әлмәмбетқызы, «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын-алу» тақырыбында аудандық полиция бөлімінің полиция майоры Айжан Серәліқызы және «Отбасы, неке мәртебесін көтеру, отбасы құндылықтарын дәріптеу» туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің маманы Зәмзәгүл Данабайқызы баяндама жасады.
Жиын барысында қонақтарға жеке кәсіпкер, Алтын алқа иегері Сәбира Жанболатқызының «Милана» ательесіндегі киім үлгілерінің сән көрсетілімі ұсынылды.
Шара соңында аудандағы үлгілі 6 анаға «Ардақты ана», «Үлгілі ана», «Рухты ана», «Өз ісінің шебері», «Дәстүр насихаттаушысы», «Ұрпақ жанашыры» номинациялары бойынша марапаттар мен аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың алғыс хаттары табыс етіліп, форум соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, «Сыны мен сыры бөлек Сыр аналары» атты ерекше атаумен өткен шараға Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мұрындық болып отыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<