Достық үйінде белгілі тележурналист, дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйстің «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Елбасы жолымен» тақырыбындағы сурет көрмесі өтті.
Көрмеде Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбек жолын бейнелейтін тарихи суреттері келушілер назарына ұсынылды. Көрмеден осыдан 30-40 жыл бұрын Ержан Уәйстің өзі түсірген фотолары орын тапты.
Ержан Уәйс Қазақ телевизиясында 25 жыл тілші, комментатор, шолушы, диктор қызметін атқарған.
Еліміз тәуелсіздігін алған соң шетелге аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі атанды, Түркияда еңбек етті. Түрік президенті Тұрғыт Озалдан сұхбат алып, фотоаппарат сыйға алған. Сонымен Түркияда Елбасының сапарлары, тарихи күндерді бейнелейтін суреттер «өмірге келген».
Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер министрі Ұзақбай Қараманов, ұлт қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков, Исатай Әбдікәрімов, Асанбай Асқаров, Кеңес Аухадиев, Шерхан Мұртаза, Шыңғыс Айтматов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Мұстақым Ықсанов, Еркін Әуелбеков, Сағидолла Құбашов, Тәкей Есетов, Әубәкір Тыныбаев, Сейілбек Шаухаманов, Манаш Қозыбаев, Мұхтар Әлиев, Камал Ормантаев, совет одағының батырлары Сағадат Нұрмағанбетов, Нағи Ілиясов, Тоқтар Әубәкіров, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың (Сыртқы істер министрі кезінде) суреттері де сақтаулы. Бүгін сол 50-ге жуық тарихи фотоны көрермен тамашалады.
Шарада ел ағалары Тұрғанбай Маханов, жазушы Бегімбай Ұзақбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйледі.
«Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған сыйым» дейді ардагер журналист.
Айта кетейік, көрме үшін жасақталған бөлмеде Ержан Уәйстің түсірген суреттері негізінде Елбасы туралы фотоальбом және Стамбул қаласында басылып шыққан «Нұрсұлтан Назарбаев» кітабы да қойылған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<