Тарихы бай тағылым

433

0

Жоғары білім берудің іргетасы Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қалана бастады. Алғашқы жиырма жылға жуық уақыт ішінде еліміздегі жоғары оқу орындарының саны 12-ге жетті.

Соның бірі корей халқын Қиыр Шығыстан жер аудару туралы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 21 тамыздағы қаулысы бо­йынша Қызылорда қаласына көшірілген Қиыр Шығыс Корей педагогикалық институтының негізінде құ­рылған Қызылорда педаго­гикалық институты болатын. Бүгінгі Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің іргетасы осылайша қаланды.

Сыр өңірінде педаго­ги­калық жоғары оқу орнының ашылуы сол кезеңде тарихи маңызы зор оқиға еді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бабалардан мирас болып жеткен білім мен ғылымның бүгінгі мұрагері десек болады. Осы жылдар ішінде университет мамандар даярлауда өзіндік дәстүрі қалыптасқан іргелі жоғары оқу орнына айналды.

Қазіргі кезде университет бакалавриаттың 60, магис­­тратураның 30, PhD док­торан­тураның 9 маман­дығы бо­йынша мамандар даярлайды. Универ­ситеттегі тарихы ең бай «Экономикалық теория және мемлекеттік басқару» кафедрасы 1937 жылы құрылған.

Кафедраның негізгі ғы­лыми бағыты – өңірдің әлеу­мет­тік-экономикалық да­муы: мәселелері мен мүм­кін­­діктері. Профессор-оқыту­шы­лардың ғылыми-зерттеу жұ­мыстарының нәтижелері бір­неше отандық және халық­аралық ғылыми басылымдарда, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда жарық көрді.

Алға қойған міндеттердің бірі – ел экономикасы мен оның өңірлері, халық шаруашылығы мен оның салаларын, мемлекет пен оның аумақтық құры­лымдарын басқару салаларында кәсіптік құзіреттілік пен сапалы жоғары білімді тұлғаны, заманауи жаһандық үдерістерді талдай алатын мамандарды қалыптастыру.

Білім ордасының түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қызмет атқаруда. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайрат­керлері, ­Қазақ­­­с­тан­­ның Еңбек Ері, ­Мем­лекет­тік сыйлықтың лауреаттары, өнер және мәдениет майталмандары, ғылым мен спорт саңлақтары бар.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті адами капиталдың құндылығын жақсартуға, ең алдымен жас­тардың білім деңгейін кө­теріп, бәсекеге қабілетті маман даярлауға аса мән береді. Алдағы уақытта да бұл құрметті миссияны абыроймен атқара­тынына сенімдімін.

Қамар БЕКЕТОВА,

экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<